- Мырзан аға, марқұм Есенқұл ақын өзінің бір өлеңінде: «Бұл дүние өркендеп өскен сайын нағыз ақын азайып бара жатыр» дейтіні бар еді. Сол айтпақшы, біздің қазіргі ақындар өзінің тарихи миссиясын атқара алып жатыр ма?
- Ақын деген кім, батыр деген кім? Батырдың иә, миссиясы онсыз да түсінікті ғой, ал өзін мен ақынмын деп, қолына қалам алған адам әсілі қайраткер болу керек менің ұғымымда. Ақын адам өзінің өлеңі һәм шығармашылығы арқылы махаббат, сезім лирикадан бұрын өзінің туған халқының мұң мен зарын, жоғы мен барын, өткені мен кеткенін жырлап, жариялап отыруға тиіс. Ақын дегендер қазіргідей тек қара басының ғана қамын күйіттемей, өз ұлтының кем-кетігін саралап, жоғын түгендеп, қоғамдағы халықтық мәселелерге әділдігін, төрелігін айтып отырса…
Сан ғасырлап алысқан қалмақ- жоңғар соғысы, бері келе мына орыстардың көрсеткен небір зұлматтарының бәрі бұл қазаққа оңай болып па? Қазір де шекеміздің қызып тұрғаны шамалы. Қазақ бүгінде құрып бара жатқан ұлтпыз. Ал, мұны көре, сезіне алатындар болса, қанеки… Мәселен, Махамбетті алайықшы. Ол:
«Мен – мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде
Еңіреген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?» – дегенде Махамбет өзінің қара басының қамын айтқан жоқ, өзінің қандай ер болғанын айтқан жоқ. Халқын айтты. Елінің басынан өткен зарын айтты. Ал қазіргі біздің ақындарда осындай рух бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені олар өз «менінен» аса алмай жүрген қортықтар. Бұларды ақын деп әспеттеудің өзі ұят әрі-беріден соң.
- Cөзіңізді бөлейін, кешіріңіз, аға. Сонда біздің бүгінгі әңгімемізге тиек болып отырған ақын Расулдың қазақ шайырларынан айырмашылығы неде?
- Расул Ғамзатовтың ұлылығы неде дегенде, ол өз өлеңдері арқылы бүкіл әлемге өзінің авар халқына деген кіршіксіз махаббатын, риясыз адалдығын паш етті. Тау халқының еркіндігін, олардың азаттық жолында қандай күрескер екенін насихаттады. Ол өзі сүйген халқына қалтқысыз қызмет етті.
Жалпы, философиялық ілімге сүйенетін болсақ, егер бір тұлға құдайдың қандай да бір құдіретімен әлемдік деңгейдегі ұлылардың қатарына көтерілсе, онда оның айналып келгенде халыққа, ұлтына қызмет ету арқылы ғана көтерілгенін көреміз. Және бұл өзі тарих арқылы дәлелденген дүние. Оған мысалды мыңдап келтіруге болады. Мәселен, сол Ғамзатов пен біздің мына «великий» дейтін Олжасты алайықшы. Олжас екі сөзінің бірінде біз «общепланетарный, общечеловеческий масштабта сөйлеуіміз керек» деп соқты, Расул олай айтқан жоқ. Расул өзінің Дағыстанын, авар халқын айту арқылы әлемдік деңгейге көтерілді. Сол қылышынан қан тамып тұрған Кеңес заманында-ақ аз ғана тау халықтарының ділін, тілін, дінін зар еңіреп айту арқылы зау биікке көтерілді. Аварым деп жырлап жүріп-ақ, абыройы асқақтады.
- Аға, сонда Расулдың Олжастан өзге замандастары болмады ма?!
- Қарағым-ау, сол болмағанын айтайын деп отыр емеспін бе? Әлде болғандары айтамын десе, қазақта айтатын дүние табылмады деп ойлайсың ба? Қазақтың осы басынан қара бұлт арылған күні болды ма екен өзі? 30-жылдардағы ашаршылық кезінде 4,5 миллион қазақ қырылды. Айтса қайда қалды солар? Одан қазақтың жеріне «тың» деп, «целина» деп жан-жақтан 3 миллиондай топтаған келімсекті тоғытты-ай келіп. Олары тағы кілең ұры- қары, түрмеден қашқан қарақшы, баукеспелер еді. Біреуі айтты ма осыны? Мұны қайта трагедия деп қарағанның орнына, өзімізді керісінше кеңқолтық һәм кеңпейіл ұлтпыз деп масайрадық. Қазақтың байлығы тоналып, ділі қожырап, тілі шұбарланып жатты. Қыздары басқа ұлтқа тұрмысқа кетіп жатты. Оны біздікілер не деді? «О-о-о, интернационал семья құрдық, көпұлтты отбасы болдық» деп мақтанды. Ғамзатовпен замандас болған тағы да басқа Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин мен Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты ұлт зиялыларының бірде-біреуі сол кезде шырылдап, қазақтың жері кетіп бара жатыр, тілі құрып бара жатыр, рухы өліп бара жатыр деп мәселе көтере алды ма? Салт-дәстүріміз ойран болды, менталитетіміз бұзылды деді ме?
Олжас айтқан «общечеловеческое мышление» дегеніміз – барып тұрған ессіздік! Қаттырақ айтсақ, сандырақ! Кез келген адам «планетарный масштабтағы» адам болу үшін, ең бірінші, өз ұлтының жанашыры болу керек, өз ұлтына қызмет ету керек!
- «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.
Расулдай…бағым да жүр ашылмай», – деп Мұқағали айтпақшы, сонда Расулды Расул еткен қай шығармасы?
- Расулдың сол совет заманында екі томдық «Мой Дагестан» деген романы шықты, ерлік дегеніміз міне сол! Сіз «Менің Дағыстанымның» дүниеге қалай келгенін білесіз бе? Расулдың айтуынша, бір күні оған орыстың «Огонек» деген журналынан бір тілшілер хабарласады да: «Расул Гамзатович, бізге Дағыстан туралы бір-екі беттік материал жазып берсеңіз», – депті. «Бұлар маған не деп отыр? Сонда мыналардың ойынша, менің Дағыстаным бір-екі беттік қана материал болатындай дымы жоқ ел ме? Бұл деген барып тұрған қорлық қой!» – деп, Расул әлбетте жатып келіп ашуланады, қатты кеийді.
Біреудің намысына тиюдің, біреудің біреуге үстемдік жүргізудің кейде осындай нәтижелі істерге түрткі болатыны да бар. Аналар үстем ғой енді. Орыстар үкім жүргізіп тұр, «Огонектің» азуы алты қарыс дегендей. Расулды намыс болса буып бара жатыр. «Мой Дагестан» деген идея міне осыдан туады. Содан, Расул авар халқының «огонёктықтар» мұрын шүйіре қарайтындай бейшара ұлыс еместігін, таулықтардың да өзге ел-жұртпен тең, керек десең, озық өзіндік тарихы мен мәдениеті бар, еркін ел екенін дәлелдеп берді. Өзінің сол аз ғана авар халқын бүкіл әлемге танытты, көкке көтерді.
Қазақ құлдық психологиядан ажыраған жоқ
- Аға, сөзіңіз аузыңызда. Өткен аптада ғана Ресей арналарының бірінде Расул жайлы деректі фильм көрсетіліп жатты. Шынымды айтсам, Кеңес Одағы идеологиясының бір құралы есебінде жүрген діні де, ділі де бөлек шайырды орыстардың әлі күнге дейін дәріптеп келе жатқанына аздап таңғалдым. Бұл да бір саяси ойын ба, әлде…
- Мен ол фильмді көрмедім. Сондықтан пәлен-түген деп баға бермей-ақ қояйын. Бірақ Дағыстанның Ресейдің құрамында отырғанын да ескермей болмайды бұл жерде. Бір қызық айтайын саған. Мәселен, Расул әдетте сөз төркінін: «Әбутәліп былай деген екен» деп бастаса, біздің қасқа маңдай ғұламалар: «Чернышевский «Что делать?» деген романында былай деп еді», «Некрасов былай деген» деп соқты ғой. Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Сәбит Мұқанов – бұлардың бәрі сөйтті. Ал Расул «Әбутәліп» деді, көрдіңіз бе? Және ол «құдай» деп сөйлейді, ал біздікілер Алланы ойыншық етеді. Бір ғана мысал, менің қолымда 2005 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан басылып щыққан «Қазақтың мақал-мәтелдері» деген кітап тұр. Тәуелсіздік алғанымызға бақандай 14 жыл болған тұс. Осы кітапта «Молда өзін бір алдайды, елді екі алдайды» деген сөйлем бар. Сол баяғы совет заманындағы діндарларды әжуалау ұранымен қалып қойған қортық сана сол. Ол аз десең, «Ораза намаз тоқтықта, құйрығын қысар жоқтықта» дейді. Астын сызып айтайын, бұл Тәуелсіз Қазақстанның шығарып отырған кітабының сыйқы. Ол ол ма, «әуелі қазы болды, сонан соң қажы болды, ақырында алаяқтың өзі болды» дейді. Қайталап айтамын, мен мысал келтіріп отырған дүниелер «Қазақтың мақал-мәтелдері» деген кітаптан алынып отыр. Ал бұл қазақтың төл мақал-мәтелі емес, кейіннен қосылған, ойдан шығарылған, қазақты мазақ ететін сөздер. Сонда біз өзі кім болдық? «Ұра берсең құдай да өледі» дейді… Масқара… Құдайды қайсысы барып ұрып көрді екен? Бұл сол кешегі коммунистердің: «Құдайды атама, молдаң надан, Аллаң сандырақтан!» шығып отырған бүгінгі «мақалының» сыйқы ғой. Ұрғыш болсаң, одан да өзіңдегі құлдық, ездік санаңды атып ұрсайшы…
Біз әлі оянған жоқпыз. Біз – әлі ұйықтап жатқан халықпыз. Өйткені, бізді оятатын осы Ғамзатов секілді қаламгерлер, интеллигенция болмады! Бұл біздің құлдық, жағымпаздық психологиямыздың тым тереңге тамыр жайып кеткендігінің бірден-бір көрінісі. Біреулер мұны 70 жыл орысқа бодан болғандығымыздан көреді. Ойбай-ау,бізден басқа республикалар да болды ғой сол орыстың бодандығында. Олар неге басқа, біз неге басқамыз осы? Біз неге әлі күнге басымызды тіктей алмай келеміз? Ренжімеңдер, бірақ дәл біздікіндей құлдық сана тіпті Африкада да жоқ, құдай біледі. Біз – әлі де құлмыз. Қазақ құлдық психологиядан ажыраған жоқ әлі. Байқаймын, ажырағысы келмейтін де сияқты тіпті! Сол Мәскеуге жалтақтау, сол орыстың қас-қабағын бағумен өміріміз өтіп жатыр. Бұрын жарайды, кеңес заманы дедік. Ал қазір ше, не кедергі? Тәуелсіздік алдық емес пе? Тәуелсіздік алған соң оянатын шығармыз деп үміттендік. Жоқ, оянған жоқпыз. Бұл біздің «национальное самосознание» дейді ғой, яғни ұлттық санамыздың, ұлттық намысымыздың оянбағаны. Оятатын интеллигенциямыздың сандырағының сарыны: «Ұлт-ұлт деп дараланып далбаңдамай, «общепланетарно» ойла!».
Расулдың ерлігі- біздікілер сияқты ешкімге жалтаңдап, жаутаңдамай тау халқының еркіндігін, олардың ешқандай құлдыққа көнбейтіндігін, отаршылдыққа бас имейтіндігін сонау Совет заманында-ақ орыстардың өздеріне мойындатып кетті. Оның ерлігі – осы. Ол Шәмілді жырлады. Шәмілдің батырлығын жырлау арқылы халқын оятты. Ал біздер ше, Кенесарыны көтере алдық па? Ресейге қарсы соғысқан, орыстан жерін қорғаған Көтібарды не істедік? Мұхтар Әуезов өзінің «Айман-Шолпан» пьесасында осы Көтібар батырды жынұрған, есуас біреу етіп көрсетіп қойды. Ал ол орыс басқыншыларынан жерін қорғаған әрі батыр, әрі әулие Көтібар еді ғой. Тағы бір мысал: бүкіл Орта жүзге ислам дінін таратқан Науан Хазіретті Ғабит Мүсірепов апарады да «Ақан сері – Ақтоқтысында» аласұрған, жексұрын, сұмпайы етіп қояды. Біздің қасқалар осылай өздерін өздері мазақ етіп жатқанда, Расул авар халқының азаттық жолында күресіп өлетінін, өзінің ешқандай жерін, тілін сатпайтынын жырына арқау етіп, мадақтап отырды.
- Өз өлеңдеріне ана тілімізді арқау еткен біздің ақындарымыз да баршылық емес пе? Олар жайлы не айтасыз?
- Біз «тіл» десе болды, Қадырды айта бастаймыз. Бірдеңе болса, Қадыр айтты деп мақтанамыз. Ал сол Қадырымыз не деді? Ол: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деді. Біз соған мәзбіз. Қадырдың сондағы айтпағы, мен ағылшынша, французша, немісше – бәрін білемін, ал өз тілімді әрине құрметтеймін, сыйлаймын деді. Ол дегені – жай әйтеуір қазақ тілі өлмесе болыпты да, аман болса болды дегені. Расулдай ана тілім деп жанымды берем деген Қадыр болса, ол керісінше айтуы керек еді: «алдымен сен өзіңнің тіліңді біліп, сол тілде сөйлеп ал, сонан соң барып басқа тілді құрметте» деуі керек еді. Ал ол алдымен өзге тілдің бәрін біл де, сонан соң барып өз тіліңді құрметте дейді. Көрдіңіз бе, міне? Тағы да: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді. Сен енді осыны орысқа айтшы, «Настоящий русский – не русский, настоящий русский – это балалайка» деп? Орыс сен мені мазақ етіп отырсың деп, төбеңде әңгіртаяқ ойнатар. Е, айналайындар-ау, домбыра қазақты жасаған жоқ қой, керісінше домбыраны қазақ жасады.
Сондықтан марқұм Қадырды Расулмен салыстыру күнә. Тоқетерін айтқанда, мен совет заманындағы ақын-жазушылардан да, бүгінгілерден де Расул Ғамзатовты көре алмай келе жатырмын.
Сізге Расулдың тағы бір шеберлігін айтайын. Расул өзінің ана таудан ағып жатқан өзені бар ғой, таудан құлап, сарқырап ағып жатқан өзенінің өзін қызғанады. Қызғаныш болғанда, өзіміздің жерімізге құймай, сыртқа кетіп жатқанын қызғанады:
«Тау өзені бұлғаңдасаң, бұлғаңда,
Қалай ғана, сені ақымақ демес ел.
Сусыз дымсыз, қаңсыған шөл жатқанда
Мұхиттарға асығасың неге сен?» – дейді. Терек деген өзені Кура өзеніне құйып барып сыртқа ағып кетеді, соны айтады, өзімізде қаңсып жатқан шөл тұрғанда, соларға құймай, жөңкіліп сыртқа, мұхитқа кетіп бара жатқанына налиды.
Жалпы қазақ өте дарақы ел. Жөн-жосықсыз мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Мына қызықты қараңыз, біздер осы күні «біз – Қазақ елі емес, біз – қазақстандықтармыз» дейміз. «Қазақстан – қазақтың ғана елі, қазақтың ғана жері емес, бәріне ортақ ел» деп кеуде соғамыз. Құдай-ау, сонда қазақтың өз Отаны қайда? «Қазақстанда 130 ұлт тұрады. Біз – көпұлтты, дархан елміз» дейміз. Айналайындар-оу, қайдағы ұлт? Олар диаспора ғой бар болғаны. Біз кімді алдамақшымыз онымен? Елбасымыз әне, орысша сөйлеген адамға қазақша жауап қайырған адам жұмыстан қуылсын дейді. Қазақ елінде қазақша үйрен, сөйле демейді. Қайта қазақша сөйлесең қуыласың, сотталасың дейді.
Жоғарғы жақта қазаққа ашықтан ашық қарсы белсенді бір топ жұмыс жасап жатыр
- Расулмен үндес, рухтас замандастарын таппадық делік. Ал қазіргі жас ақын- жазушылардан ше? Олардың арасында бар ма?
- Бүгінгі жас ақын-жазушылардың арасында қазір постмодернизм деген «дерт» шыққан. Өлеңді өздерінше неғұрлым түсініксіз етіп жазса, соғұрлым өтімді деп ойлайды. Жалған ойшылдық, өтірік уайымшылдық, өтірік қайғыру, құдды бір философиялық ойы бардай етіп жазғанды жаңалық көреді, соған құмар да болып алды. Бұлары енді барып тұрған жасандылық! Бүгінгі ақындарда өлеңді бұрмалағандарына, бітпейтін мүшәйраға қатысқандарына, екі-үш қатар тақпақ құрастырғанына мәз. Айтыста айтқан болады. Өкініштісі сол- ол айтыс та бір партияның қолшоқпарына айналып кетті. Қазіргі айтыс «Нұр Отанның» қызметшісі болды.
- Аға, сонда қазақтан бір «Расулдың» шықпауының сіздіңше себебі неде?
- Себебі көп… Соңғы кезде жасалынған көптеген сұрақ-жауаптардың нәтижесінде (опрос) бүгінде балаларын орыс мектебіне берушілер қайта 90-жылдардан бергі уақытта күрт көбейіпті. Тәуелсіздік алдық деп мақтанамыз, анығында елде сол әлі орысқа табыну белең алып тұр, орыс тілін абырой көру үдеп тұр… Мұның себебі меніңше бізде жоғарғы жақта қазаққа ашықтан ашық қарсы бір топ, белсенді бір топ жұмыс жасап жатыр деп ойлаймын. Бұл және ешкімге де жасырын емес деп ойлаймын. Бүгінде ұлтты құртып, бітіруге айналғандар осылар. Оны бәрі де көріп-біліп отыр, тек айтуға шамалары жетпейді.
- Мырзан аға, мына білім министрі Сағадиев кіргізген үш тілділікке қатысты қоғамда қазіргі таңда айтыс-тартыс өршіп тұр. Бірі дұрыс шешім десе, енді бірі баланы 12 жасқа дейін тек ана тілінде сусындатуымыз қажет деп жатыр. Сіздің айтар ойыңыз қалай?
- Бұл да қазаққа жасалынып жатқан қастандық! Үштілділік, қала берсе, енді қытай тілін қосып, бір мемлекетте «төрттілділік» жасау деген әйтпесе, не сұмдық? Мына Ұлыбританияның Уэлльс аймағынан шыққан Дэвид Кристалл деген жазушы бар. Сол өзінің «Смерть языков» деген кітабында: «Бір ұлтты қырып, жоймай-ақ, атып-шаппай-ақ жер бетінен жойып жіберу оп-оңай. Ол үшін бір елде сол ұлттың тіліне екінші тілді, яғни қостілділікті енгізсе, үстем ұлттың тілі екінші тілді алдымен шұбарландырады, тілі шұбарланған халықтың санасы шұбарланады, содан барып шұбарланған санада үстем ұлтқа деген табынушылық пайда болады» дейді. Ал біздер «екітілділіктен» езіліп біткеніміз аз болғандай, үштілділік, қала берді, төрттілділікке өтіп жатырмыз.
Қазақтар ғана қазақ тілін қазақтардың өзінен қорғайды
- Латын әрпі жайлы не айтасыз?
- «На одного корабля два капитана» дейтін сөзі бар орыстардың. Күлесің бе, күйесің бе? Бір кемеде екі капитан бола ма? Болмайды ғой. Немесе мен былай түсіндірейін, бір мемлекетте екі Президент бола ма? Болмайды. Сен ертең барып, Нұрекеңе айтып көрші: «Нұреке, кешіріңіз, менің де сіз секілді Елбасы болғым келіп тұр. Менің де Елбасы болуға ақым бар. Маған да қасыңыздан бір орын беріңіз. Мен Елбасы боламын», – деп көрші? Бір Құдай біледі, саған не істейтінін, әрине, Құдай оның бетін аулақ қылсын… Латын әрпі де алдау. Қазақты алдарқату. Бір мемлекеттің ішінде үштілділік, енді одан да сорақысы – бір мемлекеттің халқын біреуін латын әрпімен, екінші халқын кириллицамен оқыту ол қазаққа жасалынып жатқан үлкен қастандық!
«Орыстілділер — өздеріңнің кириллицаларыңда қала беріңдер, ал сендер қазақтілділер латын әрпіне өтіңдер» дейді. Бұл әжуа ма, әлде өзі тапталған, ұйқыдағы халықсыңдар деп қазақты қорлау ма, мен түсінбедім. Болмаса, не масқара? Дұрыс, біз, қазақтар 40-шы жылдарда латынша оқыдық, оған дейін арабша жаздық, арабша оқыдық. Ал енді жарайды, соған бірте-бірте келе жатырмыз делік. Онда кіргіздің бе, бәріне бірдей кіргіз. Кіргізбейсің бе, өйтіп алашұбарландырып қайтеміз…кіргізбе! Жоқ, бізде айналып келіп, тағы да сол орыстарға жаутаңдау. Орыстар қиналмасын, солар ренжімесін деп соларға жалтақтау, солардың көңіліне жығылу. Әңгіменің қысқасы, бізде өзімізде қазаққа қарсы жұмыс жасап отырғандар бар, қазаққа жаны қастар бар.
Ғұлама Расулдар азғантай ғана авар тілін қорғап кетсе, біздің мәңгүрттер тілімізді қырық құрап, қырық бөліп жатыр. Орыс не істесе, біз соны істейміз. Айтпасаң сөздің атасы өледі, бүгінде қазақ тілінің тағы бір дерті орыс тілінен тікелей аударылып қазаққа еніп жатқан кірме (калька) сөздердің шыға бастауы: «қуаныш сыйлады», «ие болды», «жалғасын табуда» деген сияқты. Сосын айтамыз: «әйелі еріне қошқардай екі ұл сыйлады» дейміз. Бұл орыстардан тікелей аударма. Қайдағы сыйлау, әйеліне тауықтар сыйлап кетіп пе? Қазақ сыйламаған, қазақ туған. Әйелі күйеуіне екі ұл туып берді деуіміз керек.
КСРО кезінде 94 ұлт жойылып кетті. Мүмкін, одан да көп болуы… Бізде «Қазақ тілін қорғау ұйымы» деген бар. Енді қарашы, өз елінде, өз жерінде отырып өз тілін қорғау не деген сорақылық? Бұл әжуа бізден басқа қай елде бар? Қазақстанда отырып қазақ тілін қорғаймыз. Күлкілі ғой… Қазақ тілін сонда кімнен, қазақтардың өзінен қорғап отырмыз ба?
Көреген Расул ұлтының, азғантай ғана авар халқының тарихтан жоғалмастай биік рухын қалап кетті. 80-ге келіп көз жұмарында: «Аварлықтар, атамекендеріңді сақтаңдар, қадірлеңдер!» – деп сол аз халқын аманаттап кеткен.
- Мырзан аға, сіз туралы «қазақтың бүгінгі Асан қайғысы- Мырзан қайғы» дейтін сөз бар көрінеді. Енді сол көп қайғыдан, қоғамның жаралы дертінен аз ғана сәтке арылып, кейіпкеріміз Ғамзатовтың сырлы поэзиясына, және қазақ поэзиясына да бірер сәтке тоқталсақ..
- Солай дей ме екен? (күліп алды).
«Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», — деп Төлеген жырлап кеткендей, тіліміз үш айырланып, латын- кириллица деп ала шұбарланып жатқан соң, қазақтың күні шалқып тұрмаған соң, Абай айтқан «Қайғысыздың- бәрі асау» дегеніндей асау бола алмай, жан айқайымыз шығады да енді…
Жоғарыда айтып өткенімдей, Расулдың тілге, ділге қатысты шығармалары, «Менің Дағыстанымы» әрине шедевр! Оның отансүйгіштігі, өз елін дәріптеуі, тау халықтарының рухын жырлап, көкке көтеруі әрине ерлік! Ал, лирикасын мен аса ден қойып, зерттемеген адам емеспін.
Ал қазақ пэзиясы дегенде тағы да кешегі Карл Маркс айтып кеткен: «сананы тұрмыс билейдінің» кері сорлағанда, осы біздің қазіргі қазақ поэзиясын да сорлатып жатқанына көз жұма өту мүмкін болмас.
Қазақтың қазіргі поэзиясы: күнкөріс поэзиясы мен табынушылық поэзиясына айналды. Белгілі бір ақындарымыз шықты кезінде, Қонаевқа арнаған үш жүз жырымен, Бауыржан Момышұлына арнаған екі жүз өлеңімен мақтанып. Осыдан келіп, өзіңіз ойлаңыз, қоғамдағы жарасы сыртқа шығып жатқан мәселелерді бұл күнкөрісті ойлаған поэзия жырлап қайтсын? Олар қазір табынып, рухани жаңғырып жатыр. Олар тек «елбасылайды». Өздерінің Елбасыны жырлауға «миллиондататын» мүшәйралары да бітпейді. Қазақ поэзиясы шет елді «бағындырды» дейтін ұрандарын қайтерсің? Шетелге бірлі-екілі ақыны барып, ішіп-жеп келеді де, қазақтың поэзиясы түркі елдерін бағындырды деп кеудесін керіп, мақтанады-ай… Француздың К.А.Гельвеций деген философының мынадай сөзі бар: «Бір мемлекеттің басшысын мақтап-мақтап, ол басшыны мемлекетімен қосып жойып жіберуге болады», – деген. Абай айтып кеткен: «Уайым – ел қорғаны, есі барлық», – деп. Әбубәкір Кердері айтады: «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ», – дейді. Бізді қазір тыңдап отырсақ, Аллам сақтай гөр, Астанамыз асқақтап, аспанға өріліп, Қазақстанымыз жайнап, бақытсыздармен бақытты ел болып кеткенбіз. Әрине, лирика, табиғат, сезім Махаббат дегенді ешкім де жоққа шығармайды. Айналайындар-ау, бірақ ел басына күн туып жатса, қайдағы сезім, қайдағы лирика? Мәңгілік ел болдық деп өтірік жырлап, өтірік қамсызданып, жоқ бақыттан екі езуіміз екі құлағымызда болып, шегірткедей шырылдай бергеннен ештеме ұтпаймыз.
Жұлығы жыртық құлыным,
Ертеңін іздеп шет елден,
Сұмырай болды сұлуым
Көрпесін әркім көтерген.
Сөйлесем ата тілімен,
Сөзімді шонжар ұқпайды.
«Колаға» толған күбіден
Шұбаттың иісі шықпайды.
Қараймын оңға, солға да:
Бұл ма, – деп, – бүкіл келешек.
Біз күткен бақыт, сонда да,
Дәл мына бақыт емес ед….
Қазақстан мерекесі көп, берекесі жоқ ел болдық, қарағым…
– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге көп рақмет, аға!
Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА
«Аңыз адам» журналы
(ЕСКЕРТУ: материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіруге болмайды)