• Қыздар, сендерді кішкентай егіз блогер ретінде жақсы білеміз. Өздерің қай уақыттан бастап блог жүргізе бастадыңдар?
  • Біз Әдина және Мадина атты астаналық блогер қыздармыз. Ата-анамыздың айтуынша, біз бір жастан бастап-ақ камераға үйір бола бастаппыз. Екеуміз камера көрсек болды, бірден бойымызды тіктеп, еркін сөйлеп кетеміз. Кішкентай кезімізден балаларға арналған журналдарға, бағдарламаларға, түсірілімдерге барып жүрдік. Алайда біздің танымалдылығымыз әлеуметтік желілер арқылы басталды. Тура бір жыл бұрын, Инстаграм желісінде ата-анамыздың рұқсатымен өзімізге парақша ашқан едік. Бастапқыда күнделікті өміріміз жайлы видео салатынбыз. Көпшіліктің қызығушылығы артып, лайктар көбейген соң, тұрақты түрде блог жүргізуге көштік. Видеомызда кішкентай балаларға қызықты болатын тақырыптар туралы әңгіме қозғайтын болдық, күнделікті өмірімізді көрсетеміз. Казір Youtube желісінде «Adina Madina Twins»  атты каналымыз бар. Каналға 20 мыңға жуық  жазылушыларымыз тіркелген. Жалпы видеоларымыз 1 миллион 700  мың қаралым жинап үлгерді. Ол, әрине, біз үшін үлкен қуаныш.
  • Видеодағыдай өмірде үнемі бірдей киініп жүресіңдер ме?
  • Иә, біз барлық киімдерімізді бірдей етіп аламыз. Бұл бізге ұнайды.
  • Бір видеоларыңды орта есеппен 200 мың адам тамашалайды. Өздерің өте танымал екенсіңдер.
  • Бастапқыда біз танымалдылыққа ұмтылған жоқпыз. Бірақ уақыт өте келе, бәрі бізді блогер қыздар ретінде тани бастады. Блогер болу оңай емес, бірақ бізге бәрі қызық. Біз қандай тақырыпта видео түсіретінімізді ұзақ ойланамыз. Оны шын өмірде іске асырамыз. Оның барлығы ұзақ уақытты қажет етеді.
  • Блогты өздерің түсіресіңдер ме, әлде ата-аналарың көмектесе ме?
  • Әрине, техникалық жағынан бізге ата-анамыз көмектеседі, бірақ идеяны және сценарийді өзіміз ойлап табамыз. Кейде идеяны бірден тауып, видеоны да лезде түсіре қоямыз. Ал кейде көп ойлануға тура келеді.Похожее изображение
  • Видеоны телефонға түсіресіздер ме? Оны монтаждау жұмысымен кім айналысады?
  • Негізі бізде камера да, телефон да бар. Бірақ өзімізге телефонға түсу өте ыңғайлы. Ең бастысы, сапалы камерасы бар телефонға түсіру керек. Монтаж өте ауыр және көп уақытты талап етеді. Сондықтан видео өңдеуде анамыз қол ұшын береді.
  • Өздеріңнің танымалдылықтарыңның артып келе жатқанын қай уақытта сездіңдер?
  • Алғашқы блогтарымыз шыққанда-ақ, видеоларымыз жан-жаққа тарап кетті. Қазір көшеде өтіп бара жатсақ, көп бүлдіршіндер «Мыналар егіз блогерлер ғой» деп бізді таниды. Достарымыздың саны да артты. Балалар жанымызға келіп, «фотоға түсейікші» деген кезде қатты қуанып кетеміз. Алайда біз өзімізді  әлі «танымал қыздар» деп санамаймыз. Біздің блог жобамыз жайында әлі көптеген жоспарларымыз бар.
  • Блог арқылы материалдық пайда тауып көрдіңдер ме? Мүмкін, сендерге жарнама ұсынатындар бар болар?
  • Пайда табу жағын біз тіпті ойламаймыз. Өйткені видео түсіру және видеоға түсу – біздің ең сүйікті ісіміз. Қандай да бір пайда үшін жұмыс жасаған емеспіз. Ал жарнамаға келетін болсақ – біздің парақшамызда ешқандай жарнама жоқ. Бірақ бізге ауқымды ұсыныстар түсетін болса, қарсы емеспіз (күлді).
  • Блогерлікпен қоса, «Балапан» арнасының жүргізушісі екенсіңдер. «Балапан» арнасына қалай келдіңдер? Ол жерге кім шақырды?
  • Осыдан 3 жыл бұрын түрлі кастингтерге баруды бастадық. Сол кастингтердің бірі – «Балапан» арнасына жүргізуші таңдау. Ол кезде біз небәрі 1-2 сынып оқушылары болдық. Жасымыздың кішкентайлығына қарамай, іріктеуден өтіп, «Менің блогым» жобасының жүргізушілері  болдық.  Ең бірінші, бізге сенген анамыз және атақты тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына  әрқашан да алғыс айтамыз.
  • Фильмге түсуге шақырту алып көрдіңдер ме?
  • Шақыртулар болды, бірақ ауыз толтырып айтатын фильміміз жоқ.
  • Өскенде кім болғыларың келеді?
  • Біз екеуміз әлемге танымал, дарынды, Қазақстанның егіз әртістері болғымыз келеді. Екеуміздің де актрисалық қабілетіміз бар. Оның үстіне бір-бірімізді толықтырып тұрамыз. Болашағымызды өнермен байланыстырмақ мақсатымыз бар.Картинки по запросу адина мен мадина балапан
  • Қай сыныпта оқисыңдар?
  • Біз 4-сыныпта оқимыз.
  • Қазір лингвистикалық мектепте оқиды екенсіңдер, қанша тіл білесіңдер?
  • Иә, біз Астана қаласындағы №67 лингвистикалық мектепте оқимыз. Қазіргі таңда қазақ тілінен өзге орыс, ағылшын, неміс және қытай тілдерін меңгеріп жүрміз. Білесіздер ме, қытай тілі өте қиын, бірақ оны үйрену өте қызық. Мысалы, әрбір әріп сызығының бөлек ережесі болады екен. Онымен қоса кейбір сөздер қазақ тіліндегі сөздерге ұқсайды.
  • Қай пәнді сүйіп оқисыңдар?
  • Негізі бізге барлық пәндер ұнайды, біз озатпыз оқушымыз, сабақты өте жақсы оқимыз. Ең сүйіп оқитын пәніміз – математика және ағылшын тілі.
  • Бір-бірлеріңе қатты ұқсайсыңдар. Екеуіңді шатастырып алатындар бар ма?
  • Ондай жағдай күнде болады. Бізді мұғалімдер шатастырып жатады. Достар, қазір біз сендерге ешкімге айтпаған құпияны ашамыз (апайымыз осы сұхбатты оқымайды деп үміттенеміз). Бір күні Мәдина екеуміз апайымызды тексерейікші деп шештік. Сабақ басталмас бұрын алдын ала орындарымызды ауыстырып, тіпті күні бойы Мәдина – Әдина, ал Әдина – Мадина болдық. Бірақ апайымыз мұны мүлдем байқаған жоқ. Сонда ғана апайымыз бізді айыра алмайтынын түсіндік. Негізі, бізді апайымыздан бөлек көпшілігі шатастырады. Өйткені бір-бірімізге қатты ұқсаймыз. Біздің оқырмандарымызға бізді қалай ажыратуға болатынын айтып берейік. Әдинаның көзінің үстінде көк тамырлар бар. Ал Мәдинада күлгенде білінетін бетінде кішкене шұңқыр бар.
  • Ата-аналарың қандай жандар? Олар немен айналысады?
  • Біздің ата-анамыз – әлемдегі ең күшті ата-ана, олар өте мейірімді, аққөңіл жандар. Біз оларды ереше жақсы көреміз, олар қашанда бізді қолдайды және көмектеседі. Әкеміз – жеке кәсіпкер, ол үнемі бізді еркелетіп жүреді. Ал анамыз «Социум-зерттеу» қоғамдық  бірлестігінің төрайымы. Анамыз біз үшін ең маңызды адам деп айтуға болады. Отбасымыздың кенжесі, төрт жасар Мирас атты ініміз де бар. Ол әлі кішкентай, роботтарды құрастыруды ұнатады.

Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу