Театрда жұмыс істеп жатқаныңызға 5 жылдан аса уақыт өтіпті. Қанша рөл сомдадыңыз?

Көп…

– Өз рөліңізді таптыңыз ба?

Актер «мен өз рөлімді таптым» десе, ол – оның біткені, таусылғаны. Мен Тұңғышбай ағада оқыдым, «театр», «актер» деген ұғымға көзімді ашқан сол кісі. Әрбір рөлден мінез жасауды үйрендім. Театрға алғаш кірген кезде «Қара шекпен» қойылымындағы шопанның рөлі бұйырды. Қатты салмақ салмадым. Өзіміз ауылда өскендіктен, оң жамбасымызға дөп келген рөл сияқты. «Базарың тарқамасын» қойылымындағы әнші Естайдың образы да менің болмысыма келеді. Ал «Ромео мен Джульетта» қойылымындағы Меркуцио образы қиын. Ол – Ромеоның досы,  нашақор, ішкіш, өмірге басқаша көзбен қарайды.Image result for Әсет Есжан

– Өз сөзіңізде «болмысыма келетін образ» деп айтып қалдыңыз… Болмысыңыз қандай?

Қарапайым. Бала кезімнен жегім келгенді алып, қалағанымды киіп өскен жоқпын. Әке-шешемнің мені дискотекаларға жібермей, сабақтан 15 минутқа кешігіп келгеніме ұрысып, тәртіпке баулып өсіргендерінің арқасы, мен қазір әр қадамымды аңдып басамын. Ойланып басамын. Содан кейін, достарымның айтуынша, өмір сүруге аздап икемді сияқтымын (күлді).

– Ең қуанған және ең мұңайған күніңізді есіңізге түсіріңізші…

– Менің әр күнім – ЕҢ деген қуанышты күн сияқты. Өйткені қайғыратын нәрсе жоқ, Аллаға шүкір. Мен – реалист адаммын. Бір нәрсе дұрыс болмады ма, демек ол солай болуы керек. Ысыра саламын. Өйткені «әр нәрсенің артында жақсылық бар». Оған тұңғиыққа батып, қайғырмаймын. Болмай қалған дүниенің қайта маған пайдасының көп тиетіндігіне талай көзім жеткен.

– Қолдаушыңыз кім?

Ата-анам. Отбасым. Достарым.Related image

–  Өз принципіңізге қаншалықты беріксіз?

– 95 пайыз принципіме берікпін деп айтуға болады. Көп сөзді  ұнатпаймын. «Көреміз, болса боп қалар» деген сөздерді мүлдем қолданбаймын. Не «бар», не «жоқ».

– Көпшілсіз бе?

Өте көпшілмін. Кейде жалғыз өзім Медеуге кетіп қалатын кездерім болады… өмірімді сарапқа салу үшін ғана. Бірақ өз-өзіме демалыс жариялап, үн-түнсіз жоғалып кететін адам емеспін.

– Үлгі тұтатын адамыңыз кім?

Өмірде – әкем, өнерде – Тұңғышбай ұстаз.Image result for Әсет Есжан

– Өзіңіз жеңе алмай келе жатқан қандай қасиеттеріңіз бар?

Көп негізі… Мені сыртымнан көрген адамдар ашық-жарқын, сабырлы деп ойлайды. Ондай қасиеттерім де жоқ емес шығар. Бірақ тез ашуланамын және сол ашу кезінде шешім қабылдап қоямын. Артынан соған өкініп отырамын. Жеңе алмай келе жатқан дүниемнің бірі – осы.

– Өз әндеріңізді қаншалықты жиі тыңдайсыз?

Ән шығып, аранжировка дайын болғаннан кейін оның өзіме сіңуі үшін кемінде бір апта тыңдаймын. Шыға салып ән жаздыруды қаламаймын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Боксер Айдар Шәрібаев бауырымның жаттығу залында дайындаламын. Өзіміздің театрдағы футбол және волейбол құрамаларында бармын.

– Танымалсыз ба?

Жоқ. Бірақ танымал болғым келеді.

– Не үшін?

– Жоғарыда айтқанымдай, елге пайдалы болу – мақсатым. Шөліркеп отырған елді су себезгілегендей, өз әндеріммен қазақылыққа шақырып, қолдау көрсеткім келеді. Халыққа сөз айту үшін, соңыңнан ерту үшін де танымал болу басты алғышарттардың бірі деп ойлаймын.

– Бірақ жұлдыз болудың да жолдары көбейіп кетті ғой…

– Кімнің еңбек жолы қандай, кім лайықты, кімге бақ қонды дегендерді талқылағым келмейді. Бірақ тез жарқ еткен жұлдыздың сөнуі де тез болады-ау деп ойлаймын. Мен үшін «жұлдыз болу»  емес, «тұлға болу» деген ұғым биігірек.

– Ал патриот болу дегеніміз не?

Бұл – өте ауқымды ұғым. Әркім әртүрлі түсінеді. Менің патриоттығым «Дүр қамшының» қайырмасындай: «Қазақ боп туғансың, қазақ бол өлерде».

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

         (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар Отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу