- Нұртас аға, қазір әндер жазып, бейнебаян түсіріп өнерге бет бұрып келе жатырсыз. Өзіңіз бұрын-соңды ән айтып па едіңіз? Шығармашылығыңызды енді ғана қолға алып отырғаныңызға не себеп?
- Менің жас кезім Кеңес одағының тарауымен тұспа-тұс келді. Ол уақыттағы заманның қиын болғаны бәрімізге белгілі. Қазір Аллаға шүкір, тәуелсіз ел болып, енді ғана қолымыз аузымызға жетті. Өзім жас кезімнен бастап ән айттым, алайда ауыл-аймақтың төңірегінен шыға алмадым. Оның үстіне, бізді сүйрелеп, үлкен қалаға әкеліп, жол сілтеп жіберетін адам да болмапты. Егемендік алып жатқан тұста, біздің басымыздан тұрмыстық қиындықтар өтіп жатты. Халықтың көпшілігі сауда-саттыққа кетті. Өзім енді ғана үйленген жас жігітпін. «Балаларды қалай оқытамын, оларды қалай жеткіземін?» деп сауда-саттықпен айналысып көп жыл жүрдім. Одан кейін ақырындап ісім алға басып, жеке кәсібімді аштым. Ұлдарымның барлығы ержетіп, тұңғышым Қайрат өнер жолына түсті. Сол себепті, қазақы мінезге салып: «Қойшы, енді баламмен жағаласпай-ақ қояйыншы, елден ұят шығар…» деген оймен өнерге барудан тағы бас тарттым. Бүгінгі таңда бәрі де өз орнына келген сияқты. Ұлым Қайрат өзі өнер адамы болғаннан кейін жай-күйімді түсінді ме, «Әке, ән айтып, шығармашылығыңызды қолға алып көрсеңізші» деп ұсыныс білдірді. Шыны керек, өзімнің халық әртісі болатын мақсатым жоқ, оған жасымыз да асып кетті ғой. Дауысым керемет деп те айтпаймын, жүректен шығар шағын қоңыр үнім бар. «Ештен кеш жақсы» дегендей, шығармашылығымды қолға алсам деген ойға бекіндім. Халық ұнатса, шексіз қуаныштымын.
- Жоғарыда жеке кәсіпкер екеніңізді айттыңыз. Өнермен айналысамын деп кәсібіңіз бір шетте қалып қоймады ма?
- Өнермен қоса кәсібімді бірге алып жүрмін. Кәсібім– құрылыс саласына байланысты. Көп жылдан бері осы салада қызмет етемін. Белгілі бір жетістікке де жетіп үлгердім. Қызметім бір қалыпқа түскен соң, өзіме де уақыт бөлуді дұрыс көрдім.
- Жолдасыңыз Гүлзира ханым: «Жарым Нұртастың да өз орнын тапқан әнші болуын қалаймын» деп, сіздің тілеуіңізді тілеп жүр екен. Жарыңыз қазір сізге продюсерлік етіп жүр ме?
- Гүлзира маған продюсер болып жүрген жоқ. Менің шығармашылығыма ешкім де ден қойып араласпайды. Әнді де өзім таңдаймын. Шыны керек, ауыл-аймақтың төңірегінде танылмай қалып қойған мен қатарлы ер-азаматтар көп. Мен солардың әндерін ғаламтордан тауып алып айтамын. Гүлекеңмен «Осы әнді айтып шықсам қалай болады?» деп кеңесемін. Одан кейін студияға барып жаздырамын. Әзірге нақты ақын-композиторлармен де жұмыс істеп жүрген жоқпын.
- Қазір қанша әніңіз бар?
- Бас-аяғы 30 шақты әнім, төрт бейнебаяным бар. «Жылдар өтсе де» және «Елуді міне еңсердік» әні өте сәтті болды.
- Балаларыңызға өте қатал әке сияқтысыз…
- Шыны керек, үш ұл болғаннан кейін оларды қатты ұстадым. Қазір Қайратымды керемет, кемел әнші деп айтпасам да, өнерде өз орнын тапқан әнші деп білемін. Алайда мен баламның өнеріне қарағанда, тәрбиесіне көп мән бердім. Өнер, талант, талап, оның бәрі – Құдайдың бергені. Оны ешкім тартып ала алмайды. Ал тәрбиені ата-ананың беруі міндет. Мәселен, адам өзі жеке кәсіп ашса, өз қалауы өзінде болар еді. Ал Қайраттың жұмысы тек өзіне ғана байланысты емес, халықпен тығыз байланысты. Әншіні өсіретін де, өшіретін де – халық. Сондықтан мен балаларымның тәрбиесіне көп көңіл бөлдім.«Қайрат, ешқашан халықтың алдында кеудеңді көтерме, иіліп жүр», – деп күнде айтып отырамын. Өйткені ол әлі жас. Дәрежені Қайрат түгілі, жасы 50-ден асқан ағаларымыз да көтере алмай қалуы мүмкін ғой. Шынтуайтына келгенде Қайраттың жеп отырған наны – халықтікі. Оның талабымен таласпаймын, алайда тәрбиесіне келгенде ақыл айтып отырмасам, әкелігіме сын ғой деп ойлаймын. Қазір жасы 30-ға келіп қалды. Қайрат өзінің халықтың арқасында Қайрат болып жүргенін жақсы біледі. Өйткені менің де таңнан кешке дейін айтатын сөзім осы. Мен оны: «Сен нан таппадың! Сен мына әнді нашар айттың», – деп сөккен емеспін. Ал өзін ұстауына, адамдармен қарым-қатынасына үнемі көңіл бөліп отырамын.
- Қайраттың жары енді ғана сахнаға жарқ етіп шығып жатыр. Жұлдызды он жыл бойы жасырып ұстап, енді ғана елге таныстыруларыңызға не себеп болды, аға?
- Мен мұның себебін толық түсіндіріп берейін. Қыз баланың өмірдегі ең бірінші мақсаты – жар атанып, ана болу емес пе?! Осы мәселемен біз Жұлдызды тоқтатып отырдық. Келінімізге қолдау көрсетуге біздің шамамыз жетпей қалған жоқ. Жұлдыз өз мамандығын өте жетік білетін маман екенін де білеміз. Жұлдыз біздің отбасымызға келін боп түскенде оның өнер адамы екенін де білдік, алайда біз ең бірінші отбасыны ұстап қалуға, оның тұрақтылығын қадағалауға ден қойдық. Бүгінде Қайраттың Құдай берген төрт перзенті бар. Ол балалар анасыз қалай өседі? Босана салысымен гастрольде жүрсе, бала қараусыз, ана мейірімінсіз қалмай ма? Гүлзира екеуміз ақылдасып, «Балалар кішкене жетілсін. Одан кейін Жұлдызды жарқ етіп шығарамыз» дедік. Қайрат жарының да, балаларының да жағдайын барынша жасауға тырысты. Құдай оңынан беріп, ниетіміздің түзулігінен болар, бұл күн де келді. «Келіндеріңізді құл қылып ұстап отырсыздар ма? Неге елге көрсетпейсіздер? Ол байғұс қиналып жатқан шығар!» дегенге ұқсас пікірлерді сан рет естідік. Бұл – миға сыймайтын дүние. Туған баламның сүйіп алып келген жарын мен қалай құл қылып ұстаймын? Ол –менің келінім, немерелерімнің анасы. Оның үстіне менің үш ұлдан бөлек қызым болмады. Бір Құдай куә, келінімді өз балаларымнан артық жақсы көрдім. Қазір келінім бір отбасыны дөңгелетіп отырар жағдайға жетті. Мұның барлығы – Жұлдыздың даналығының арқасы.
- Қайрат пен Жұлдыз еншісін алып кетті ме?
- Иә, еншісін алып, көшкеніне төрт жыл болды. Келінім алты жыл қолымда болды. Бір ауыз қыңқ демей, қас-қабағымызды бағып, келіндік міндетін мінсіз атқарды, мұнысына рақмет. Олар еншімізді аламыз деген де жоқ. Балалары өскен соң «Айналайын, қызметтеріңе рақмет!» деп бөлек үйге шығардық. Бірақ бөлек тұрады деген аты ғана. Күнде кеште балаларын алып келеді. Ал олар үйден кетпейміз деп қиғылық салады. Қазір осылай сағындырмай келіп жүр. Келінім жарқырап сахнаға шықты. Төрт бірдей балалары бар, сүйікті жары бар. Біздің де ниетіміз орындалды.
- Әлеуметтік желілерден байқасам, келіндеріңізді төбеге шығарып, еркелетіп отыратын көрінесіз…
- Екі келінім де өте жақсы, ибалы, инабатты болып шықты. Құдай тіл-көзден аман қылсын. Өңкей ер балалар болған соң, балаларымды өте қатал тәрбиелеген едім. Менің жұмсақ мінезімді көру келіндеріме бұйырған сияқты. Келіндерімді келін емес, қыздарымдай көремін.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)