Жарас аға, осыдан он жыл бұрын «40 деген…» дейтін өлеңіңізде:
«…Қырық – дейтін берік ұстау құрықты,
Лаң салмау, лайламау тұнықты.
Кәне, ендеше, күліп қарсы ал қырықты,
Кәне, ендеше, тұрып қарсы ал қырықты!» деп жырладыңыз. Сол сертіңібен уәдеңізде қаншалықты тұра алдыңыз?
– Осы өлең жазылғалы да он жыл өте шығыпты. Адамның ғұмыры үшін бұл едәуір ұзақ мерзім. Мен өзім журналистика саласында жүргендіктен көп уақытым, қайрат, күшімнің бәрі журнал оқырмандарының көңілін табуға кетті. Одан қалған уақытта өз шығармашылығыма көңіл бөлгендей боламын. Бірақ жазып-сызуға түбегейлі бет бұрып, ойға алған дүниенің түбін түгел қаузауға уақыт жар бермейді. Дегенмен де соңғы он жылда жаңа бағыттағы өлеңдер жазылды. Онда да өлеңнің сыртқы пішініне емес, ішкі мазмұнына өзгешеліктер енгізуге тырыстым. Мұның біразы баспасөз беттерінде жарияланды. Өткен жылы осыған дейін жазғандарымның басын қосып «ҚазАқпарат» баспасынан, мемлекеттік тапсырыспен «Жан – арымның жарығы» деген кітабым 5000 данамен жарық көрді.
– Сіз біраз әндерге сөз жаздыңыз, қазіргі ән мәтіндері туралы не айтасыз?
– Мен әнге сөз жазған емеспін. Өлеңдеріме ән жазылып жатыр. Қазір Саят Медеуов орындап жүрген Жәудір Артықбаеваның «Сезім тілі» әні студент кезімде жазылған өлеңім еді. Кейіннен әнге айналды. Содан бері сазгерлер өлеңдеріме ән жазып келеді. Ал қазіргі кейбір ән мәтіндері өнер тудыру үшін ғана емес, өзін көрсету үшін жазылып, мақтангершілікке айналып барады. Анығында ән сөзі – ойлы әуендерге жазылып, тыңдарманды мұңайтып, қуандыруы керек еді, бірақ бүгінде екінің бірі әнге мәтін жазады, тіпті кейбір әндердің әуені бір бөлек те, мәтіні бір басқа, екеуі мүлде үйлеспейді, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бұған қазір тоқтау салу да қиын болып барады.
– Сіз кітабыңызда жариялаған күнделіктеріңіздің бірінде: «Нан табу үшін партия көсемінің сөзін сөйлеп, сөмкесін көтеріп жүру ақын адамға қандай қолайсыз…» дейсіз. Сонда бұл жерде нені айтқыңыз келді?
– Мен осындай ақынды өмірде көрдім. Әдетте президент сайлауының қарсаңында партиялар бәсекеге түседі. Сол кезде олар әуелі өз қатарларына ақын-жазушыларды тартады. Өйткені қаламгерлер елге танымал, сөзі өтімді, кез келген жиында өзі мүше болған партияның бағдарламасын жұртшылыққа дұрыстап түсіндіре алады. Сондай ақын-жазушылардың біразын білемін, сайлауда партиясы жеңіске жете алмай қалып еді, партиядан бас тартты да басқаша сөйлеп шыға келді. Егер сол партия жеңіске жеткенде әлгі ақын-жазушылар соның сойылын соғып, сөзін сөйлеп партия көсемінің қасында алашапқын болып әлі жүретін еді. Осындай оқиғаларды көргенде жаңағыдай ойларды күнделігіме түртіп қоямын.
– Өлең сізді материалдық жақтан құтқара алды ма?
– Өлең ешқашан жыртығыма жамау болған жоқ. Әрине, біраз мүшәйралардан жүлде алдым, бірақ ол ақынның өлең жазар кездегі жүрек қиналысы мен жан бұлқынысының алдында түкке тұрмайды. Жалпы, қазіргі уақытта жазған дүниеңмен жан сақтау қиын. Бірақ түптің түбінде кітабыңның қаламақысына сүйеніп өмір сүретін уақыт туады деп ойлаймын. Себебі, әдебиетіміз ақырындап нарыққа бейімделіп келеді.
– Арнау, мақтау өлеңдерді жиі жазасыз ба? Астанаға, елбасына арналған өлеңдеріңіз бар ма?
– Ешкімге өлең арнаған адам емеспін, Астанаға да, елбасына да арнаған өлеңім жоқ. Біреуге көңілің түсіп жатса оны өлеңсіз де білдіруге болады. Өлеңді құл ғып жұмсауға қарсымын.
– Сіз қоғамдық өмірде онша белсенді емессіз. Ел алдына жиі шығып, түрлі мәселелерге байланысты көзқарасыңызды білдіре бермейсіз, бұл өзіндік ұстанымыңыз ба, әлде басқалай себебі бар ма?
– Кейбір адамдардың әсіре белсенділігі маған өтірік сияқты сезіледі. Әдетте ауызбен айтқанда бәріміз ақылдымыз, бәріміз батырмыз. Негізі, үндемей жүріп-ақ көп дүние бітіруге болады. Кейде жалған бейнелерден бойымды аулақ ұстау үшін жаңағыдай жиындардан қашқақтап жүремін. Өз ұстанымымды іспен, өлеңмен дәлелдегім келеді. Сондықтан көп жағдайда үнсіз қаламын.
Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)