• Аида, үнемі тігісі қиын келетін, күрделі маталармен жұмыс істейтін дизайнерсыз. Және көбінесе киімдеріңзді барқыт матасынан тігетін секілдісіз. Неліктен мұндай маталарға қызығушылығыңыз ерекше?

  • Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін дизайнерлердің қатарынан емеспін. Маған қиын маталармен жұмыс істеген ұнайды. Біздің сән үйі барқыттан киім өндіруді тұңғыш рет бастап, оны сәнге айналдыра білді. Меннен кейін қазір көптеген дизайнерлер барқытпен жұмыс істейтін болды. Бұрын қазақ әйелдері барқыттан көйлек тігіп киюден ұялатын. «Мұны жасы келген апалар кимей ме?» деп, тігіп берген көйлегімізден бас тартатын. Ал қазір біз оны жастар қуана әрі құлшына киетін мата түріне айналдырдық. Бір жағынан біз барқыттың ең жоғарғы сапалы түрінен ғана көйлек тігеміз. Оның бағасы да арзан емес. Барқыт қазақ халқына жақын, бұрыннан қыз-келіншектері киіп үйренген мата. Соны өзіміз қолдап, тіпті барқыттан тігілген коллекцияларымызды әлемдік нарыққа шығардық. Қазақтар өз табиғатынан неге ұялатынын түсінбеймін. Әлем тарихына сүйенсек барқыттан көйлек киюге тек патшалар әулеті лайық болған. Ал біз оны «қазақтың көнеден келген қалың матасы» деп менсінбейміз. Мен қазақ тілін толық білмесем де, жүрегім қазақ деп соғатын адаммын. Менің балалық шағым ауылда, әжемнің қолында өтті. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлер мен қазақтың құндылықтарын жақсы түйіп өстім. Сондықтан қазаққа тән, әрі қазақ қыз-келіншектеріне жарасымды келетін киім үлгілерін жасай аламын. Қазіргі қазақстандық әйелдердің киімге көзқарастарын біраз өзгерте алдым деп ойлаймын.

  • Негізі маталарды қай жерден алып келесіз?

  • Көпшілігі «Сіздер барлық тауарларыңызды Қытайдан әкелесіздер. Соған қарамастан киімдеріңіздің бағалары қымбат» деп сынап жатады. Мен тауарларымды Қытайдан әкелетінімді жасырмаймын. Біз Қытаймен, Оңтүстік Кореямен жұмыс істейміз. Еуропадан тек қатты қажет болған жағдайда ғана аздап мата алдырамыз. Шынтуайтына келгенде көптеген әлемдік дизайнерлер, сән үйлері өздеріне қажетті тауарларының барлығын Қытайдан алады. Қытайдағы көрмелерде жүргенде көптеген италияндық, француз, испандық дизайнерлердің де келгенін көремін. Қытайдағы барлық тауар сапасыз емес. Әрқайсысының өз құны бар, қалтаңа қарай сапалысын да, сапасызын да таба аласың.

Картинки по запросу аида кауменова

  • Қазіргі уақытта сатылымға жылына екі коллекцияны ұсынып жүрген дизайнерсыз. Елімізде қарқынды әрі табысты жұмыс істеп келе жатқан сән үйінің бірісіздер. Жалпы жаңа коллекциялар сізде қалай туындайды? Шығармашылық тоқыраумен қалай күресесіз?

  • Дизайнерде шабыт болу үшін оған толассыз еңбектену керек. Табыстың кілті- ешқандай үзіліссіз күнде жұмыс істеу ғана. Мен «Бір коллекция шығардым, осының өзі жетер» деп бір орында тұрып қалмаймын. Күнде сурет сала берсең шеберлігіңді  шыңдала береді. Ал идеяға келгенде, мен кез-келген жерде, жолда кетіп бара жатқанда өзіме ұнаған нәрсені суретке түсіріп аламын. Қолымда үнемі қойын дәптерім жүреді. Өзіме ерекше көрінген дүниені дәптеріме түртіп қоямын. Мен ақылды адамдармен әңгімелескенді ұнатамын. Үнемі суретшілермен байланыстамын. Осының барлығы  кейін ортақ туынды болып шығады.

  • Дизайнер ретінде пікіріңізді білсем. Қазіргі қазақ әйелдерінің сәнге деген көзқарасы қандай?Олардың сұраныстары мен талғамында қандай өзгерістерді байқайсыз?

  • Бұрын қазақ әйелдері бұрынғы мәдениетімізден ұялатын. Ал қазір біздің киімдерімізді мақтанышпен киеді. Бұрын әйелдер сән үйімізге келгенде «Неліктен бұлардың бағасы қымбат? Сіздер тіпті Еуропалық бренд емессіздер ғой » деп айтатын. Бұл әрине менің жаныма бататын. Бүгінгі уақытта қазақстандық әйелдер бізге сенім білдіретін болды. Бұл үлкен өзгеріс.

Картинки по запросу аида кауменова

  • Құрбыңыз Динара Сәтжан «Қазір отандық дизайнерлердің өнімдеріне деген тұтынушылардың қызығушылығы біраз төмендеді» деген болатын. Бұл жағдай сіздің сән үйіңізге де әсер етуде ме?

  • Шетелдік киім-кешектердің ешқандай кедерісіз елімізге кіруіне мемлекет мүмкіндік беріп қойған. Қазір сапалы болсын, болмасын әлемнің түрлі елдерінен киім кешектер ағылуда. Ал біз киімді Қазақстанда шығарып, үлкен салық төлейміз, орынды жалға аламыз, тауарды шетелден алдырамыз. Мысалы, Түркия елі өз өнімдерін қатты қолдай біледі. Шетелдік брендтерді, фирмаларды еліне өткізе бермейді. Біздің басты қиындығым сол. Алайда мұны сылтау етіп, қол қусырып отырған жоқпыз. Егер біз сапалы, мінсіз тігілген киімдерді ұсынсақ оларды алатын адамдар табылады. Дағдарыстың салдарынан біздің біраз клиенттеріміз өзгергені рас. Бірақ біздің сән үйімізге деген сұраныс әлі сол қалпында.

  • Баян Мақсатқызы, Динара Сәтжан ханымдармен жақын доссыздар. Достықтарыңыз неден басталды?

  • Динара екеуміз аэропортта таныстық. Ол жаныма келіп мені танып, маған пиджак тігіп беруімді сұрады. Мен қол өлшеммен оны сол жерде-ақ өлшеп алдым да, елге келген соң ешқандай примеркасыз оған пиджак тігіп бердім. Осы пиджактан кейін біз жақын араласа бастап, тіпті бірге жұмыс істейтін болдық. Мен Баянмен бұрыннан доспын. Ол кезде мен тіпті Аида Кауменова болып қалыптаспаған едім. Өзім Daraleque компаниясында жұмыс істейтінмін. Менің ең бірінші клиентім диктор Динара Егеубаева болатын. Баян бір грим бөлмесінде Динараның үстінен менің тігіп берген пиджагымды көріп, қызығушылық білдіріпті. Кейін Баян мені сұхбатқа шақырды. Сұхбаттан кейін біз жақын араласатын болып кеттік.

  • Тек жұмыс жайлы ғана емес, жеке өміріңізге байланысты да бір-бірлеріңізбен сырласа білетін жақын құрбыларсыздар ма?

  • Біз бірге демаламыз. Одан бөлек отбасымызбен жақсы араласамыз. Мысалы мен Динараның қызы Диананың кіндік шешемімін. Динараның анасы да менің құрбымдай болып кеткен жан. Баян менің таланыма сене білген алғашқы адамдарың бірі. Бірақ соңғы уақытта толассыз жұмыстарымызға байланысты сирек кездесетін болып жүрміз. Бір жағынан балалар өсіп жатыр, әркімнің өз жеке өмірі бар.

  • Неліктен Баян ханымды өзіңізге муза тұтасыз?

  • Баян менің ең алғашқы клиентім. Көпшілік мені Баян арқылы таныды. Себебі қанша жыл өтсе де, әлі күнге дейін ол менің киімдеріме ғашық. Ол киімді кигенде көйлекті одан да ереше құбылтып жібереді. Үнемі менің басты тұтынушымның қатарында. Біз бірлесіп қаншама жоба жасадық. Кesh you тобының образымен жұмыс істеп, киіндірдік. Баян мені шабытандырады. Екеуміздің көзқарасымыз бір жерден түйіседі. Ол да мені ерекше жақын көреді. «Егер менің сұхбатым, іскерлік жобам сәтті өткенін қаласам, сенің көйлегіңді киіп барамын. Өйткені ол маған сәттілік сыйлайды» деп ырымдайды. Қазақстанда барлығы Баянды «Қандай сұлу, қандай табысты әйел!» деп тамсанып қарайтыны рас қой? Ал мен оның сұлулығын, талантын, ішкі жан дүниесіннің тереңдігін бұдан бұрын да түсіне білдім.

Картинки по запросу аида кауменова С БАЯН

  • Құрбыларыңызға жиі-жиі көйлекті тегін тігіп беретін боларсыз?

  • Мен басқа дизайнерлер секілді таныстарыма, жақындарыма көйлекті сыйлай бермеймін. Өйткені мен өз киімімнің бағасын білемін. Тіпті менімен қаншама жылдан астам досым болып келетін Баянның өзі дүкенге келіп, сатып алады. Құрбыларыма кейде атаулы күндерге байланысты сыйлап тұратыным бар. Бірақ ол өте сирек. Бірде әнші Айгүл Иманбаева «Маған көптеген дизайнерлер көйлектерін сыйлайды. Бірақ олардың ешбірі Аиданың көйлектеріне жетпейді» деп айтқан еді. Басқа дизайнерлерге қарасам үнемі жұлдыздарға, жақындарына тегін көйлек сыйлап жатады. Осындай түрмен олар қалай күн көретінін, қалай кәсібін дөңгелететінін де түсінбеймін.

  • Өзіңіз шоу-бизнестегі және медиа саласындағы ханымдармен өте жақын қарам қатынастасыз. Жалпы өзіңіз адамның атақ-даңқына қарап дос таңдайсыз ба?

  • Менде әдейі отырып алып «Мына келіншекпен достасып алуым керек» деген арам ой болған емес. Біз бәріміз бір қазанда қайнап жатқан жандармыз. Бізді шығармашылық, өнер, медиа байланыстырады. Қанша десек те, адамдар өздеріне лайық адамды тартады. Динара Сәтжан, Баян Мақсатқызы, Айнұр Тұрсынбаева, Салтанат Қалиева, Гүлбаршын Зайырова барлығы да менің жақын құрбыларым. Олармен жинала қалсақ сағаттап әртүрлі тақырыптарға байланысты әңгіме шертуге дайынбыз. Ал сыртынан қарасақ олардың барлығы бір жұлдыз ғой. Бізді бір- бірімізді талант ретінде құрметтей білетініміз біріктіретін секілді. Біз бір-біріміздің сыртымыздан ғайбат сөз айтпаймыз. Ешқашан ренжіскен емеспіз. Адам бекерден-бекер жұлдыз бола салмайды. Өз жұмысын сүйіп өз жолында үздік болғаны үшін ғана жұлдыз атанады. Мен өз жұмысымды жақсы біліп, әдемі көйлек тіге алатындығым үшін танымал болдым. Баян медиа сферасында үздік продюсер болды. Динара да шоу-бизнесте өз күшімен талай жетістікке жетті. Барлығы да өз ісінің хас шеберлері. Мысалы мен фермерлерді қатты құрметтеймін. Мен өз шаруашылығымен айналысатын әйелмен достауды қалайтын едім. Бірақ біздің жолымыз бөлек, тіпті сөйлесетін ортақ тақырып болмас еді.

Картинки по запросу аида кауменова семьяОтбасыңыз жайлы айтсаңыз. Біраз жыл бұрын біздің журналға берген сұхбатыңызда қызыңыз бар екенін айтып едіңіз. Қазір жеке өміріңізде қандай өзгерістер болды?

  • Қызым Жәмиля биыл 14 жасқа толады. Мен қазір жалғыз емеспін. Өмірлік серік болар деп таңдаған сүйікті адамымды кездестірдім. Біраз уақыт бұрын мұсылмандық некемізді қиып қойдық. Жақында ресми түрде некелестік. Мен ұзақ уақыт жалғыз жүрдім. Көп уақытымды сүйікті жұмысыма арнап келдім. Өзіме лайық жарды ұзақ күттім десем болады. Қазір махаббатымды жолықтырғаныма бақыттымын. Онымен қалған өмірімді өткізгім келеді. Ал қалғаны өз уақытымен бола жатар.

  • Ол кісі шоу-бизнеске қатысы бар, танымал тұлға ма?

  • Жоқ. Ол кісінің шоу-бизнеске ешқандай қатысы жоқ.

  • Қызыңыз тұрмыс құруыңызға қалай қарады? Қарсылық білдірмеді ме?

  • Қызым қазір бойжетті. Жәмилә өзі ақылды болып өсіп жатыр. «Менің басты мақсатым сені бақытты ету» деген болатын. Ол мені жақсы түсінеді. Қызым менің таңдауымды құрметтеді. Бұл тақырыпқа келгенде ана мен қыз ретінде жақсы түсінісе білдік.

  • Сіз ұзақ уақыт бойы барлық уақытыңызды тек жұмысқа бөлдіңіз. Бір сұхбатыңызда «Жеке өміріме мүлдем уақыт жоқ» деген болатынсыз. Жолдасыңыз сізді қандай қасиетімен баурап алды?

  • «Бақыт тыныштықты жақсы көреді» дейді ғой. Мен жеке өміріме келгенде үндемей қалғанды дұрыс көремін.Жолдасымды сүйемін және сүйікті бола білдім. Көпшілікке жеке өмірімді ашық әрі анық айта бергім келмейді. Мен қазір бақыттымын. Ең бастысы осы.

  • Қызыңыз өскенде кім болғысы келеді? Ол сіздің жолыңызды жалғастырғысы келмейді ме?

  • Оның дизайнер болғысы келмейді. Қазір кім болатынын нақты шешкен жоқ. Оған әртүрлі тақырыптар туралы жазып, қалам тербеген ұнайды. Өзі шет тілдерді де еркін меңгереді. Соған қарап, «Қызым гуманитарлық бағытты таңдар» деп ойлап отырмын.

  • Жалғыз қызыңызды өзіңіз өсіріп тәрбиелеп келдіңіз. Жәмиләға көбінесе қандай аналық ақыл кеңесіңізді айтып отырасыз?

  • Әр адамның өз бақытына жету формуласы бар. Қазір әр адам өз жолын іздейді. Сондықтан өмір сүруге деген болашаққа нақты ереже жоқ. Мен қызыма «Өзіңнің қазақ екеніңді, текті жерден шыққаныңды ұмытпа. Өмірде әртүрлі сынақтар болады. Сен бәрін тек өзің үшін жасауың керек. Мен тек сенің анаңмын. Менің міндетім, сені бағып қағып тәрбиелу, білім беру. Бойжеткен соң өз бетіңше өмір сүре алуың керек. Спортпен айналыссаң да, тіл үйренсең де өзің үшін. Мен өз жолымды тапқан адаммын» деп ескертіп отырамын…

    (сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

    Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу