Мадина, сізді жас актриса ретінде танимыз. Алайда өзіңіз жайлы көп біле бермейді екенбіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Ата-анаңыз қандай жандар?
– Мен Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келдім. Сол жерде 9-сыныпқа дейін №39-шы гимназияда оқығам. Сабақты өте жақсы оқыдым. Бала кездегі ынтама қарап, ата-анам мені болашақта саясаткер, дипломат болады деп үміттенді. Өзім тарих пәніне, саясаттануға қызығатынмын. Бірақ 9-сыныптан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер колледжіне, музыкалық драма бөліміне түстім. Колледжден кейін өз мамандығымды жалғастырып, қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алудамын. Отбасында үш баламыз. Өзімнен 10 жас үлкен әпкем, 9 жас үлкен ағам бар. Мен үйдің кенже қызымын. Содан болар, ата-анам мені қатты еркелетіп өсірді. Әкем – жеке кәсіпкер, анам Меркі ауданындағы салық комитетінде жұмыс істейді.
Әулетіміздің ішінде өнерге қатысы бар туыстарым жоқ. Олардың барлығы экономист, мемлекеттік қызметкерлер.
– Өзіңіз бала күніңізден өнерге жақын болдыңыз ба?
—Мектепте болатын барлық іс-шараларға белсене қатысатынмын. Кішкентайымнан бимен айналысамын, күйсандықта ойнай аламын. Біздің Меркі ауданы өте кішкентай өлке. Сол себепті бала кезімде «Осындай кішкентай жерде туып-өскен мен қалайша үлкен актриса бола аламын?» деп ойлайтынмын. Ауылда жақын құрбымның үйінде интернет бар болатын. Бір күні ол маған: «Мадина, білесің бе, Алматыда Жүргенов деген жер бар екен, ғаламтордан оқыдым. Сол жерде Тимур Бекмамбетов оқыпты», – деді. Ол кезде Бекмамбетовтің «Черная молния» атты фильмі жарыққа шығып еді. Мен сол фильмді көріп, қатты әсерленіп жүрген кезім болатын. Сол сәттен бастап «Шіркін-ай, осы Жүргеновке оқуға түссем» деп армандадым. Күнде компьютер клубқа барып, колледж жайлы ақпараттар оқитын болдым. Сөйтіп заң саласына түсем деп жүрген Мадинаның ойы бірден Алматыдағы өнер колледжіне ауды. Ойымды ата-анама айтып едім. Олар бірден қарсы шығып, мені Алматыға мүлдем жібергісі келмеді. Мен ата-анама қасарысып, төрт күн бойы «бойкот» жарияладым. Үйдегілердің ешбірімен сөйлеспей, тамақ ішпей қойдым. «Не өлем, не актриса боламын!» деп жатып алдым. Сол кезде қатты арықтап, жүдеп кеттім. Төрт күн тамақ ішпегенімнің зардабы біліне бастады. Әкем түрімді көріп, шыдай алмай: «Болды, айттым бітті, менің қызым актриса болады», – деп дегеніме көнді. Келесі күні Алматыға әкем екеуміз шығып кеттік. Өнер колледжіне тапсырып, Алматыда қалдым.
Өзіңіз «Q-елі» жобасы арқылы халыққа кең танылдыңыз. Актер Ақболат Өтебай екеуіңіздің «Үйлену оңай» айдарының әр саны ғаламторда миллиондаған көрермен жинап үлгерді. Бұл жобаға қалай келдіңіз?
– Алдымен мен осы жобаның «Тақиялы періште» айдарына Жанар Айжанова әпкемізге келіп жүрдім. Ол жерде 10 шықты рет шықтым. Осыдан соң жоба ұйымдастырушылары «Біз жақында тағы да жас жұбайларға арналған айдар ұйымдастырмақпыз, сен де байқауға кел» деп шақырды. Сөйтіп, кастингтен бірден өтіп, жобаға қатысатын болып бекітілдім. Бастапқыда айдарымыздың сәтті шығатынына бәрі сенімсіздеу болды да, бар-жоғы 10 сериясын түсіріп қойды. Бірақ «Үйлену оңай» айдары бәрінен де танымал болып кетті. Екінші маусымда 20 серия етіп түсірді.
– Интернетте жазылған пікірлерге қарасам, Ақболат екеуіңізді өмірде де жұбайлар деп ойлайтындар бар екен?
– Иә, шын өмірде көбісі Ақболат екеумізді ерлі-зайыптылар деп ойлайды. Алайда бұл мүлдем олай емес. Ақболат екеумізді жұмыстан басқа ештеңе байланыстырмайды.
– Ақболат екеуіңіздің араларыңыз қалай, өмірде доссыздар ма?
– Ақболат ағамен тек әріптес ретінде араласамыз. Өмірде сәлеміміз түзу. Бірақ жақын доспыз деп айта алмаймын.
Сұхбаттасқан Айнұр Есенғали
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)