Месси 1987 жылы 24 маусымда дүние есігін ашады. Әкесі – зауыт қызметкері Хорхе Месси, анасы – көше сыпырушысы Силия Месси. Аргентиналық орта тұрмысты қарапайым жанұяда Мессиден өзге екі ұл (ағалары Родриго мен Матиас) және бір қыз (әпкесі Мария) болады. Ол 5 жасынан бастап өз әкесі жаттықтырушылық ететін, бұрын әкесі де ойнаған «Грандоли» клубының құрама сапында өнер көрсете бастайды. 5 жастағы баланың бойынан болашақ аладоп шеберін көрген әжесі оны футбол алаңына жиі әкеліп отырған. (Тіпті, Месси бүгінгі күнге дейін де өзі соққан барлық голды әжесіне арнап келеді).
Сегіз жасында Лионель өз қаласының «Ньюэллз Олд Бойз» футбол клубында алғашқы ойынын бастады. Ал небәрі он жасында «Перу Достық Кубогын» жеңіп алады. Алайда, Мессидің тағдыры оған «тосын сый» дайындап қойған екен. 1998 жылы, яғни 11 жасында оған «соматотропин тапшылығы» (өсу гормоны) деген ауыр диагноз қойылды. Оның гормонды балансының тұрақсыздануы бойының өспей қалуына әкеп соғады. Мессиді емдеуге қымбат дәрі-дәрмек қажет болады. «Ривер Плейт» футбол клубы жас, талантты ойыншыға қызығушылық танытқанымен, оны емдететін қаражат таппады. Әкесі қомақты қаржыны табу үшін Испанияның «Барселона» клубына барып, баласын клубқа алуды, содан соң емделуіне қаржылай көмек көрсетуді сұрайды. Сөйтіп, «Барселонаның» спорттық директоры Карлес Рексач Леоның талантына тәнті болып, оны емдеуге ақша төлеп, Лионельді өз клубының құрамына қабылдайды. Осылайша болашақ әлемнің ең үздік футболшысы, «жас Марадона» Лионель Андрес Месси 2000 жылдың 30 қазан күні «Барселона» сабына енеді. Лео жасөспірімдер құрамында өткізген алғашқы кездесуінде бес гол салып, үздік нәтиже көрсетеді. Кейінгі БАҚ беттеріндегі сұхбаттарында Мессидің өзі: «8 жасымнан бастап ата-анам маған дәрі егіп жүрді, ал 12 жасымда дәріні өзіме-өзім егетін жағдайға жеттім. Мен арнайы дәріс алып, күнде кешке бой өсіру гормонын аяғыма егіп жүрдім. Бірінші бір аяққа, ал кейін екіншісіне егетін кездер де болды. Бұл жұмыс мені жалықтырып жіберетін. Мен оны істеуге мәжбүр едім және оны бұлжытпай орындадым», – дейді. Қазіргі таңда Мессидің бойы 169 сантиметр.
– Лионель, мойындаңызшы, «Барселонаның» жүйесіне 13 жасында тап болған сол баяғы баланың бойында қазір не қалды?
– Армандар. Таңғаларлығы, сол баяғы қанша өссе де, үлкейсе де, ол алаңдағы және одан тыс құмарлығы мен армандау мүмкіндігін жоғалтып алмағаны.
– Отбасылық статус пен балалардың дүниеге келуі Лионель Мессиді қаншалықты өзгертті?
– Қатты өзгертті! Барлық жағынан. Мен көп нәрселерге басқа қырынан қарауды үйрендім… Шынтуайтына келгенде, менің өмірімдегі ең ұлы оқиға – менің әке болуым. Екі балаң болуы, әрі үшіншісін күтіп отыруың – таңғаларлық! Тьягоның өмірге келуі маған адам сенбестей көңіл күй сыйлады. Матеоның дүние есігін ашуы да солай. Үшінші рет те ештеңе өзгермейтініне сенімдімін.
– Балаларыңызбен бірге көп уақыт өткізесіз бе?
– Тырысамын. Таңертең Тьягоны колледжге апарамын, егер жаттығу процесі қол байламаса, сабақтан қайта алып кетемін. Біз Антонелла (Мессидің жұбайы) екеуміз балаларымызға жиі көңіл бөлуге, олармен жақын араласуға тырысамыз. Бұдан кейін балаларды ұйықтатуға даярлық басталады, барлық отбасылардағыдай, бұл өзі көп уақытты алады (күлді).
– Үйде жұбайыңызбен футбол туралы әңгіме бола ма?
– Өте сирек. Шынында, клуб туралы, әлде құрама туралы ма екен, әйтеуір Антонелламен үйде талқылаған болуымыз керек.
– Болашақта өзіңізді футболда көресіз бе, әлде, мәселен, гольф алаңында ма?
– Білмеймін. Қайбір кездері отбасылық дөңгелек үстелде менің футболдық карьерамды аяқтаған соң немен шұғылданатыным турасында ақылдасқанбыз. Алайда айтарлықтай ештеңе шешпедік. Өзімді жаттықтырушы ретінде елестете алмайтынымды анық білемін. Бәлкім, біраз уақыттардан кейін өз пікірімді өзгертуім де мүмкін, бірақ қазір емес. Ойлануыма бірер жылдай бар ғой деймін.
– Достарыңыздың бірі Мессидің әрқашан өзін қалыпты салмақта ұстайтындығын айтып еді. Тіпті, демалыста да. Бұл жұмыстың нәтижесі ме, әлде дұрыс тамақтанудан ба?
– Менде арнайы диета жоқ. Мен артық тамақтанғым және залда аз дайындалғым келмейді.
– Тамақты өзіңіз дайындаған ұнай ма?
– Жоқ. Ешқашан жасап көрмеппін.
– Айтыңызшы, Лионель Месси қандай тамақтан бас тартуы мүмкін?
– Шоколадтан!
– Өзіңіз әлемнің ең мықты ойыншысы деп кімді атар едіңіз?
– Диего Армандо Марадона болған және солай қала да береді. Иә, оған «Алтын доп» пен «Бриллиант допты» қоспағанда, жекелеген сыйлықтарды алу бұйырған жоқ, алайда, дәл соның ойыны құраманы 1986 жылғы чемпионат жеңісіне алып келді. Оның үлгісі менің елімдегі миллиондаған балалардың жұлдызды сәтке сенуі мен футболға келуіне түрткі болды. Келісіңіз, мұндай футболшыны ХХ ғасырдың ең ұлы ойыншысы демеске болмайды!
– Ал егер қазіргі ойыншыларды алсақ, кім сізбен бәсекелес болуы мүмкін?
– Шамасы, «Барселонаның» намысын қорғап жүргендердің әрбірі менің орнымда болуы керек шығар. Біз барлығымыз бірге ұлы клубтың істерін мінсіз және жақсы атқардық.
– Балалық шағыңызда өткерген өсу гормонының мәселелері ешбір ойындарыңызда әсерін тигізіп, қайталап көрініс бермеді ме? Мұны қалай түсіндірер едіңіз?
– Бала кезімде мен не болып жатқанын білмедім, тіпті түсінбедім де. Дегенмен, сол күндердің естелігі ретінде мынаны айтар едім: мен бойымның қысқалығының арқасында допты дұрыс қадағалауды үйрендім. Дәл осы қымбат сапа менің жұмысыма үлкен еңбек сіңірді.
– Балалық шағыңызда қай клубқа жанкүйер болдыңыз, әрі қай клубтың қатарына қосылуды армандадыңыз?
– Жас кезімде Росариодағы «Ньюэллз Олд Бойз» командасы үшін ойын көрсеттім. Бұл клуб менің жүрегіме жақын болды. Бір күндері соған оралып, сонда ойнасам керемет болар еді.
– Техникаңыз футзалда ойнау тәсіліне қатты ұқсас. Футзалда ойнап көріп пе едіңіз?
– Бала кезімде, Аргентинада футзалда көп ойнадым. Бұл ғажайып ойын маған көп көмектесті.
Дайындаған Еділбек ДҮЙСЕНОВ