Өздеріңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіздер. Қай жердің тумасысыздар?

– Алтынай: – Мен Ақтөбе облысының тумасымын. Шығармашылық отбасында дүниеге келдім. Атам скрипкашы болатын. Өзі соғысқа қатысып, үш саусағынан айырылып келсе де, қолынан скрипкасын тастамай өтті. Атамның балалары бірігіп «Жолдыбаевтар ансамблін» құрған еді. Әкемнің ағасы ән айтады, әкем гитарада, інісі ямахада ойнайтын. Менің анамның мамандығы – биші, хореограф. Ол кісі әкемнің әулетіне келін болып келгеннен кейін ансамбльдің бишісі болды. Бұл ансамбль бүкіл Қазақстанды аралап концерттер қоятын. Жұртқа ақтөбелік ансамбль ретінде кеңінен танылды. Осы отбасылық өнер балаларының бойына сіңіп әрі анам мені үш жасымнан бастап биге апарып, өнерге баулып өсірді.

Фариза: – Мен Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Отбасымызда төрт баламыз. Үйде өнерге жақын туғандарым жоқ. Содан болар, әкем менің өнерге үйір болып өскенімді қалады. Өзі қолымнан жетектеп өнер академиясына апарды. Қазір отбасымызбен Алматыда тұрамыз.

Медина: – Мен Атырау қаласының тумасымын. Анамның туған жері – Бішкек, қырғыз қызы, әкем – қазақ. Біз үйде төрт ағайындымыз. Менен үлкен ағам және екі сіңлім бар. Анам – педагог-хореогроф, ал әкем – жеке кәсіпкер.

– «Джейран» сөзінің мағынасы қандай? Топтың атын не себепті бұлай атадыңыздар?

– Бәріміз ақылдасып, осы есімді таңдадық. Бұл, негізі, әдемі жануардың аты. Алайда біз бұл сөздің мағынасына емес, аталуына мән бердік. Біздің ойымызша, «Джейран» – өте әдемі атау.Картинки по запросу джейран тобы

– Топтарыңызда қойылған сұрақтарға көбінесе Алтынай жауап береді. Көпшілік Алтынайдың бұл ісін «өзін көрсетіп қалу» деп ойлайды екен…

– Алтынай: – Шынымен де көпшілік солай ойлайды. Ал анығында, мүлде олай емес, топтағы қыздардың өздері барлық жерде менің сөйлегенімді қалайды. Оларға микрофон берсе де, олар микрофонды алып менің қолыма ұстатады. Фариза енді ғана көпшілік алдында сөз сөйлеп үйрене бастады. Медина қазақша біледі, бірақ камераға сөйлей алмайды. Ал біз сұхбатты қазақша бергіміз келеді. Сондықтан қыздар тізгінді маған беріп қояды. Алайда соңғы уақыттарда үшеуміз де қазақ тілінде еркін сұхбат беруге үйреніп келеміз.

– Әдетте қыздардан құралған топтарда өзара кикілжіңдер көп болады. Сіздердің топтарыңызда ұрыс-керіс жиі бола ма?

– Біз достығы жарасқан топпыз деп нық сеніммен айта аламын. Дұрыс айтасыз, кейде қыздардан құралған топтарда бір-біріне ренжіп, ұрысып қалады. Әсіресе, барлығы да бірінен-бірі өткен сұлу болса, араларында бәсекелестік болуы мүмкін. Бірақ біз осы уақытқа дейін бір-бірімізбен мүлдем ұрыспаппыз. Біздің топта пікірталастар тек жұмыс барысында болады. Яғни әннің бір жері ұнамаса немесе би көңілімізден шықпаса талқылаймыз.

– Жеке өмірде бірге тамақтанып, кездесіп тұрасыздар ма? Сіздерді сырлас құрбылар деп айтуға бола ма?

– Үшеуміз де бір-бірімізге жақынбыз. Тіпті Медина мен Алтынай жан достар. Үнемі екеуі бірге жүреді.Похожее изображение

– Жақында шыққан «Жылайсың әлі» әнінің бейнебаянында қоғамдағы өзекті мәселені қозғадыңыздар. Бейнебаянның сюжетін кім ойлап тапты?

– Қазір әйел баласына деген моральдық және физикалық зорлық-зомбылықты көп көріп жүрміз. Әйелдерге қол көтеру қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Сол себепті біз осы тақырыпты бейнебаянға арқау еттік. Әйелдерге бәріне шыдап отыра берудің қажеті жоқ екенін жеткізгіміз келді.

– Өздеріңнің бастарыңнан осындай жағдай өтті ме? Сіздерге ер-азаматтың тарапынан қол көтеру болды ма?

– Ондай жағдайлар басымыздан өткен жоқ. Алайда айналамызда мұндай оқиғалар көп кездесті. Тіпті құрбыларымыз да осындай жағдайларға тап болды. Қазіргі кезде тіпті қыздар күйеуі емес, кездесіп жүрген жігіттерінен зорлық көретін болды. Ал қыздар сезім үшін, ұят үшін бәріне көз жұмып қарайды.

– Медина, топтағы қыздардың ішінде ұяңдау сияқтысыз. Естуімізше, «Аймалашы» атты бейнебаяндағы ашық сахналарды көрсетпеуді, режиссердің қиып тастауын өтініпсіз…

Медина: – Ондай жағдайдың болғаны рас. Бейнебаян түскен кезде қысқа киетінімді білдім. Алайда осындай ашық кадр болады деп күтпедім. Кейін видеоны көрген кезде қорқып кеттім. Режиссерге өтініп, бұл сахнаның жарық көруіне қарсы болдым. Себебі ол менің тәрбиеме жат. Отбасым мұны қалай қабылдар екен деп қатты уайымдадым. Бейнебаян шыққаннан кейін әкемнен біраз «таяқ жедім»(күлді). Бірақ маған қатты сөйлеген жоқ, анама ұрсыпты. Ал анам бәрін дұрыс түсінді.Похожее изображение

– Алтынай, Кәмшат Жолдыбаева сіздің туған әпкеңіз. Өнерге қадам басқанда әпкеңіздің тарапынан қолдау болды ма? Кәмшаттың көмегіне жүгіндіңіз бе?

– Мен Алматыға келгенде Кәмшат «мен оның әпкесі екенмін» деп көмектескен жоқ. Барлығына өз еңбегіммен, маңдай терімнің арқасында жеттім. Кәмшат маған тек бағыт-бағдар берді. Алматыға келген күні: «Алтынай, енді маған сенбе. Мен сен үшін ешкімнің есігін қақпаймын», – деген болатын. Көпшілігі менің өнерде жүруім Кәмшаттың арқасында деп ойлайды. Бірақ бұл қате пікір.

– Сіздің ашық-шашық стиліңізге, образыңызға сын айтатындар көп…

– Мен өмірде мүлдем басқа адаммын. Бұл – менің сахналық образым. Инстаграм парақшамның өзі – образымның бір бөлшегі. Мен сынға өте дұрыс қарайтын адаммын. Алайда сындар кейде орынсыз айтылады. Сынның екі түрі бар. Бірі – менің шығармашылығыма, екіншісі – менің жеке өміріме байланысты. Мен ешкімнің сөзіне назар аудармаймын. Шығармашылыққа байланысты сынға жақсы қараймын. Театрда жүргенде нағыз сынның тезінен өттім. Қатал режиссерлерден сын естіп өстім. Шығармашылығыма байланысты халық сын айтса қабылдаймын. Алайда,  адамның жеке өміріне байланысты сын айтуды мен мәдениетсіздік деп түсінемін. Бұл дұрыс емес. Мені «шайтанға ұқсайсың», «ұятсыз», «қазақ қыздарының намысына дақ түсіресің»  дейтіндерге айтар уәжім бар. Олар менің өмірде қандай адам  екенімді білмей, менімен бір рет те сөйлеспей, неге осындай тұжырымға келеді екен?

«Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, осындай образбен халық алдында пікірталас тудырып, танымалдылығымды арттырамын деген ойыңыз жоқ па?

– Біздің образдарымызбен арнайы мамандар жұмыс істейді. Халық алдындағы біздің бар кінәміз – әдемілігіміз, не кисек те өте сексуалды көрінеді. Біздің кінәміз камера алдында әдемі билегеніміз бе? Егер біз өз өнерімізді көрсетпей, қимылдамай ән айтсақ, бейнебаян түсірудің не қажеттілігі бар?

Жоғарыда айтқанымдай, мұның бәрі – образ. Мүмкін, мен келесі бейнебаянда жабық киініп шығатын болармын. Халыққа бұл менің өмірлік образым емес екенін түсіндіргім келеді.

– Өздеріңізді сипаттап беріңіздерші. Жалпы, мінездеріңіз қандай?

– Фариза – өте нәзік қыз. Алайда осы нәзіктігінің артында қайсарлық, жауапкершілік жатыр. Ал Алтынай сырға толы жан. Өзі мейірімді, бәрімізге ақыл кеңесін айтып, көмегін беріп жүреді. Медина – тобымыздағы ең жауапкершілігі мол қыз. Бір жұмыс бастаса, соны міндетті түрде соңына дейін жеткізеді.

– Бастарыңыз бос па?

– Басымыз бос. Қазір бар ойымыз тек жұмыста. Тұрмыс құру жайлы ойлап жүрген жоқпыз.

– Болашақ жарларыңыздың қандай болғанын қалайсыздар?

– Медина: – Түсінігі мол, менің өнерімді қолдайтын жан болса екен.

Фариза: – Интеллигентті, жомарт жігіт болса екен.

Алтынай: – Ақылды, сабырлы, жан-жақты жігіт болғанын қалаймын. Екеуміздің ортақ тақырыбымыз болса құба-құп.

– Алғашқы махаббатарыңыз жайлы айтып беріңіздерші.

– Медина: – Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін Медет есімді балаға қатты ғашық болдым (күлді). Ал ол маған қарамайтын. Кейін мен Алматыға көшіп кеткен кезде, маған хабарласып, сезімін білдіргені бар. Сөйтсем, ол сол уақытқа дейін мені жақсы көріп жүріпті.

– Фариза: – Мен балабақшада оқып жүрген кезде бір балаға ғашық болатынмын. Ал бол балаға басқа қыз ұнайтын. Мен ол баланы әлгі қыздан қатты қызғанатынмын. «Неге мені ұнатпайды екен?» деп жылайтынмын. Неге екенін білмеймін, бұл сезімді құдды бір өмірлік жарымды кездестіргендей бастан кешіріппін.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

             (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу