- Сіздің өнеріңізбен таныспыз. Оқырмандарымызға өзіңіздің жеке өміріңіз туралы айтып кетсеңіз.
- Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Алғабас совхозында дүниеге келдім. Артымнан ерген інім мен қарындасым бар. Анамның өнерге қатысы жоқ, ал әкем ән, терме айтатын. Қазақша күреспен де жақсы айналысты. Әкем спорт мектебінде оқып жүргенде қосымша цирк өнерімен де айналысқан. Оқуын аяқтаған соң ауылдағы жасөспірім ұл-қыздарды жинап, цирк өнеріне үйреткен. Сол қарапайым ауылдың балаларын Мəскеуге дейін апарып, байқауға қатыстырып, жүлдемен оралған. Әкеммен бірге мен де циркте өнер көрсетіп жүрдім. Бірақ ол кісі өте талапшыл болатын. Кейде ұрсып та жіберетін. Ал менің мінезім өркөкіректеу, қиындау болатын. Қойылған талаптарға шыдай алмадым. Осылайша, циркте өнер көрсетуді тоқтаттым. Ал інімнің мінезі маған қарағанда жайлы болды. Бүгінде маған әкемнің әншілік қабілеті дарыса, цирк өнеріндегі жолын інім жалғастыруда. Ал қарындасым − тұрмыста.
- Ғазизхан, өзіңіз музыкалық білім алдыңыз ба?
- Шымкент қаласындағы Саз колледжінде оқыдым. Үйдегілер «сен онсыз да домбырада ойнай аласың ғой, енді контрабас кафедрасына түссеңші. Контрабас аспабында ойнайтындар аз, бірден үш-төрт жерде жұмыс істей аласың» деп кеңес берді. Сөйтіп, контрабас бөліміне оқуға түстім. Кейін, 2006 жылы әкеміз қайтыс болғаннан кейін асаба болып ақша табамын деп, сабаққа мән бермей кеттім. Солай жүргенімде 4-курста мені оқудан шығарып жіберді. Одан кейін оқуымды жалғастырмадым. Дипломым жоқ. Ең бастысы, өмірде тіршілік ете білдім. Жолым болып, Арман Дүйсенов ағамызбен таныстым. Ол кісі − менің өнердегі жолымды ашқан бірден-бір азамат.
- Сіздің әндеріңізді «үндінің әндерінен көшіріп алған» деп сынап та жатады. Бұған не дейсіз?
- «Үндінің әндеріне ұқсайды» деген пікірмен келісемін. Себебі, мен үндінің фильмдерін көп көремін. Әсіресе, маған актер Шакрук Ханның түскен фильмдері қатты ұнайтын. Мүмкін сол фильмдерді көп көргеннен кейін, ән жазғанымда ұқсастықтар болатын шығар. Мысалы, Төреғали Төреәліге жазған «Жүрегім қазақ» атты әнім халық әндеріне ұқсайды. Себебі, халық әндерін, дәстүрлі әндерді тыңдап, содан сусындаған соң ұқсастық болады. Алайда мен ешқашан көшіріп алуға ниеттенген емеспін.
- Қазір қандай әншілермен жұмыс істейсіз?
- Бүгінге дейін Мақпал Жүнісова, Мейрамбек Беспаев, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, тағы да басқа көптеген әншілерге ән жазып бердім. Әрине, әлі күнге дейін осы аға-әпкелерімізбен байланыстамыз. Мақпал апамыз, Мұқасан ағамыз секілді әнді бағалай білетін, әннің ойын жүрегімен түсінетін өнер иелері сұраса, жазып беруге әрқашан дайынмын. Бірақ, қазір көптеген жастар «хит» деген дүниеге қатты мән береді де, әннің мән-мағынасына назар аудармай жатады. Ал мен әнді тек «хит» болуы үшін жазғым келмейді.
- Көпшілік сіздің сазгерлік өнеріңізді жоғары бағалап, «Қазақтың Игорь Крутойы» пайда болды деп жатыр. Бұл пікірге не дейсіз?
- Әрине, Игорь Крутойдың деңгейіне жете қоймаған шығармыз (күлді). Бірақ, жылы лебіздерін білдіріп, осындай пікір білдіріп жатқан тыңдармандарымызға алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен құрмет.
- Көпшілік сізді сазгер ретінде танитын. Қазір әншілікке бет бұрдыңыз?Ән айтып, сахнаға шығуыңызға не себеп болды?
- Әншілікке бет бұруымның себептерінің бірі ретінде қаржы мәселесін айтсам да болады. Сазгерлікте сұраныспен жұмыс істейсің. Бірде бар, бірде жоқ. Яғни, сұранысқа тәуелді болып қалатын кездер болады. Ал мен еркіндікті қаладым. Сол себепті, әнді өзім жазып, өзім орындағаным дұрыс деп шештім.
- Әндеріңіздің танылып жатқанын көріп «бұл әнді өзімнің-ақ орындауыма болатын еді ғой» деген өкініш немесе қызғаныш сезімі болмады ма? Бұл да әншілікке келуіңіздің бір себебі емес пе?
- Көпшілігі маған осы сұрақты қойып жатады. Жоқ, ешқандай қызғаныш та, өкініш те сезімі жоқ. Мен ән жазғанда өзіме лайықты, өзімнің жаныма жақын әндерді жазамын. Басқа әншілерге де, олардың жан дүниесі, стиліне қарап ән таңдап беремін. Сонымен қатар, әншінің сол уақыттағы жағдайына, қазіргі уақыттағы өзектілікке байланысты ән жазамын. Естеріңізде болса, осыдан 5 жыл бұрын «Прайм плаза» сауда орталығында Қайрат Нұртаспен даулы оқиға болған еді. Сол оқиғадан кейін, Қайрат Нұртасқа «Мен оралам» әнін жазып бердім. Ол да халықтың көңілінен шыққан әндердің бірі.
- Халық сізді Қайрат Нұртаспен орындаған дуэтіңізден кейін жақсы таныды. «Танымал болуыңызға Қайрат Нұртас себепкер болды» деген пікірмен келісесіз бе?
- Иә, Қайратпен дуэт болып, ән орындағаннан кейін танымалдығымның артқаны, халықтың тани бастағанын жоққа шығармаймын. Қайраттың өзінің тыңдармандары бар. Тіпті, көптеген әншілермен салыстырғанда тыңдармандарының аудиториясы үлкен деп айтсақ та болады. Иә, сол аудитория мені жақсы таныған шығар. Алайда, менің өз тарихым бар. Қайратқа дейінгі менің өзімнің осы күнге дейін өнер жолында жүріп өткен жолым бар. Алматыға келіп, Арман ағамен жұмыс істедік. 2015 жылы Қуаныш Жаманқұловпен сазгерлік кеш өткіздік. Кешімізге көптеген өнерде жүрген достарымыз, Мақпал Жүнісова апайымыз, Еркін Нұржанов, Индира Елемес, «Заман» тобы қатысып, әндерін паш етті. Одан бөлек «Арман» дуэтінде ән шырқадым. Халыққа танылатындай еңбек еттім деп айтсам да болады.
- Ғаламторда ата-анаңыздың, бауырларыңыздың суреттерімен халықпен бөлісіп отырасыз. Ал әйеліңіз бен ұлыңызды көрсете бермейсіз. Неге? Әйеліңіздің өнерге қатысы бар ма?
- Менің жеке өмірім жеке болып қалғаны дұрыс деп есептеймін. Иә, мүмкін «Қайрат Нұртастарға еліктеп, әйелін жасырып жүр» деп айтатында шығар. Бірақ, олай емес. Мен сізді үйге дастарқан жайып, қонаққа шақырсам, сіз: « Мына бөлмеге кіруге бола ма?» – деп сұрасаңыз, мен: «Жоқ, болмайды», – десем, сіз кірмейсіз ғой. Сол секілді бұл тақырып та мен үшін сол бөлме сияқты.
- Сіздерге де рақмет!
Әңгімелескен Наргиза АРШИДИН
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)