– Жан, әңгімемізді шығармашылығыңыздан бастасақ, «Қазақпыз ғой» тақырыбында бірнеше ән шығардыңыз. Бұл атау бойынша жазылатын рэп сонымен тоқтады ма, әлде әлі жалғаса ма?

– Негізі, «Қазақпыз ғой-5»-пен тоқтап тұр. Бірақ, әлеуметтік желі және интернет қолданушылары 8-шісі, 9-шысы деп белгілеп жіберіп, халық бұл әннің 8-9 нұсқасы шыққан екен-ау деп ойлап жүр. Енді желідегі әртүрлі парақшаны, қолданушыларды жөнге салу қиын. Сондықтан, әр жерде әртүрлі таралып кеткен жайы бар. Бірақ алдағы уақытта мұндай рэптер жалғасын табады. Өйткені, қоғамда жаңғыртатын, міндетті түрде айтылуы тиіс тақырыптар жетіп артылады. Оларды неге әнге, рэпке арқау етпеске? Қазіргі кезде ойланып жүрген тақырыбым – қазақтың ақшасын жеп, шетелге қашып кететін байлар мен шенеуніктер туралы. Олардың кейбірі тіпті Еуропада жатып алып, елді басқарғысы, мемлекеттің ішіне лаң салғысы келеді. Сондай пасық ойлы пенделерді арқау етіп, «Қазақпыз ғойдың» келесісін жарыққа шығармақшымын. Ал дәл қазір «Темір қатын» деген ән жаздым. Сөзі өзімдікі. Бұл рэп қоғамдағы өз отбасына, өз күйеуіне адал емес, әркімнің бір қолжаулығына айналған әйелдер туралы. Ұяттан безген қатындардың қылығы – азаматтарымыздың ортасына іріткі салып,  қоғамды әбден ластайды. Соған сай елдің де назары соларға ауып кетті. Солардың өмірін қадағалап, ажырасып, қосылған сайын ауыздарынан тастамай айтып отырады. Ондай әйелдердің өмір салты елге, халыққа, кейінгі ұрпаққа үлгі болмауы тиіс. Көпшілігі айтып жатады, бұл жерде Баян Есентаева меңзелген деп. Шын мәнінде олай емес. Бұл жерден әркім өзіне таныс адамды, өзіне таныс образды көре алады. Өйткені, бұл қазіргі қоғамда бар нәрсе. Және сәт санап дендеп, күшейіп бара жатыр.

– Дәл бұлай ренжігеніңізге қарағанда әйелдер тақырыбын мұнымен доғармайтын секілдісіз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Тағы бір туындыны дайындап жатырмын. Бейнебаянымен бірге шығады. Рэп «Қыз емессің» деп аталады. Бұл да қоғамда бар дерт. Әрине, жалғыз бізде ғана емес, басқа елдерде де кездеседі. Бірақ дәл осы мәселе қазақ қоғамындағы өте жіңішке тақырып екені даусыз. Қазақ бұрыннан қыздың арын, абыройын құрметтеген, қастерлеген. Қыз да әке-шешесіне, жұртына кір келтірмеу үшін барған жерінің босағасын адал аттауға тырысқан. Ал қазір осы бір аяулы рухани құндылық толықтай болмаса да, біршама дерлік азғындауға ұшырап кетті. Қыздар үшін қыз болмай қалу ұят болудан да қалып барады. Азаматтық неке деген дүние шықты. Шетелдің жағажайларында демалып, жалаңаш тәнін көрсетіп суретке түсіп, оны Инстаграмға салып жүрген қыздар, Рамазан айы келгелі оранып, етегін ұзартып шыға келеді. Қазақ қыздарының осыншама көзбояушылыққа салынуы зығырданыңды қайнатады. Анығында, «кімді түзеп боласың, өзіне жақсы болса жүре берсін» деп бұл туралы айтпауға да болар еді. Бірақ дәл бұл мәселені де біреу көтеру керек қой. Сондықтан, «Қыз емессің» деген тақырып қойып, осы бір рэпті жазып жатырмыз. Қыздар азған соң оларға деген көзқарас та азғындайды. Жігіттер де қыздарға өз әпкесі, өз қарындастарындай емес, пайдаланып қалатын мүмкіндік ретінде қарайды. Бұл – қорқынышты құбылыс. Мұның енді бейнебаяны да ауыр болайын деп тұр. Себебі, клипте қыз өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне дейін барады. Бұл жерде «сен қыз емессің бе, демек өлу керексің» деген мағына жатқан жоқ. Мен үшін қыздың абыройынан айырылуы өліммен тең. Осыны жеткізгім келеді.

– Сұхбатты да жасқанбай беріп отырсыз. Айтқаным үшін опық жеп қалам-ау деп қорықпайсыз ба?

– Онсыз да осыған дейін талай таяқты жедік ғой. Шын мәнінде қорқатын түгі де жоқ. Өзімнің елімде, қаламда жүрмін, мен кімнен қорқу керекпін. Адамды өлтіргісі келсе өз үйіңе келіп те, тамағыңа у беріп те өлтіре салады. Сондықтан, әу баста алға мақсат қойғаннан кейін, жарты жолға жеткенде тайқып кетуге болмайды деп ойлаймын. Өмірде де өзіммен өзім, қарапайым жүре беремін. Ешқашан басқа жігіттердің, күзеттің көмегіне жүгініп көрмеппін. Мен айтсам, шындықты айттым. Шымбайға батырып жеткіздім, демек, мақсатым белгілі бір деңгейде орындалып жатыр деген сөз.

– Журналистикадағы азды-көпті тәжірибеңізді қазір енді «қара пиар» тұрғысынан қолданып, әншілерге көмек беріп жүр екенсіз. Бұл қызметіңіз үшін ақы аласыз ба?

– Әрине, ақы аламын. Маған әншілер көп хабарласып: «Жәке, осылай да осылай, бір пиар жасау керек еді. Кездесіп сөйлесіп, ойлассақ», – дейді. Мен: «Әрине, осындай жерде кезігейік, қалтаңа 150 мың теңге салып келе сал», – деймін, болды. Мен келген әншіге идеяны толық, нақты түсіндіріп, қалай түсірілетініне дейін баяндап беремін. Оны халық бастапқыда өтірік деп ойламайтындай, барынша шынайы түсіруге тырысамын.

– Көрген кезде халық біраз шулаған, «қара пиарлардың» қайсының авторы сізсіз?

– Басым бөлігінің авторы менмін. Өйткені, бізде әншілер өздігінен «қара пиарды» сәтті, нанымды етіп жасай алмайды. Мұның ұялатын, бет-моншағы үзілетін ештеңесі де жоқ. Бұл – Батыста, Ресейде әлдеқашан қалыптасып, бір ізге түсіп кеткен дүние. Тек біздің қазақи менталитетіміз бұл нәрсеге үрке қарайды. Бірақ шоу-бизнесте жүргеннен кейін әнші үнемі адал, пәк, мейірімді, түзу жүретін адам болып көрінсе, ол халық үшін қызықсыз адамға айналып кетеді. Ол қандай да бір интрига арқылы қоғамды өзінен алшақтатпай ұстап тұруы тиіс.  Сұхбат барысында барлығының атын атап, абыройларын төккендей болмайын. Дегенмен де бірқатарын атай аламын. Мәселен, Асхат Тарғын бір жолы «қара пиар» жасау керек еді» деп хабарласты. Сосын мен оған: «Дәл қазір асаба Айбек Қоңырбай деген жігітке де жарнама керек болып жүр еді, екеуіңді қоса қояйын», – дедім. Сценарий бойынша Айбек той жүргізіп жатады, Ал Асхат тойға әнші ретінде келеді. Оның тапсырысы көп, уақыты аз, сондықтан әнді тезірек айтқысы келеді. Бірақ асаба оған мүмкіндік бермей қояды. Осы кезде екеуінің арасында дау туып, соңы төбелеске ұласып кетеді. Мұны біз бір мейрамханаға апардық та, тапа тал түсте түсірдік. Қазір мұндай ақпарат жылт етсе болды, біздің сайттар мен ақпарат құралдары талап алып кетіп, жариялайды. Сол себепті «қара пиардың» өтімділіге де артады.

– Ел алдында жүрген абыройлы адам төбелесе кетесің дегенге ә дегеннен келісе кетпеген шығар? 

– Иә, біздің жұрт мұндайға әлі дайын емес қой, 5-6 күн ойланады. Менің айтқан идеямды істейін десе таныстарынан ұялады. «Жас бала сияқты төбелесіп жүр» деп айтады деп. Істемейін десе, халыққа өзін тағы да бір жарқ еткізіп танытып, естеріне салып қою үшін «пиар» керек-ақ. Ақыры, ойлана келе келісті. Және біз оны өтімді етіп жасап бердік деп ойлаймын.

– Сөзіңізге қарағанда, сізден көмек сұрап келетін әншілер қауымы көп сияқты. Бәріне бірдей идеяны қайдан аласыз?

– Рас, «қара пиар» жасайық» деп, көмек сұрайтындар баршылық. Тіпті 1 миллион теңгеге дейін ұсынатындары бар. Бірақ, сол әншінің табиғатынан тым асып кетпейтін, оның ісі елді сендіре алатын жарнама жасалу керек. Ал өзім үнемі шетелдік пиарларды қарап, саралап отырамын. Оны бізге тікелей көшіруге де келмейді. Мейлінше, қазақы нұсқаға ыңғайлап, бейімдеп алуға тырысамыз. Ал тікелей көшіре салсақ, ешкім сенбейтін, өз-өзін ақтамайтын дүние болып шығады. «Қара пиар» жасалғаннан кейін ол интернетте көп қаралым жинау керек, ел-жұртты дүр сілкінту қажет, қоғамда ол әнші туралы екіжақты пікір тудыруы керек, сол арқылы әнші жұртшылықтың ауызында, назарында жүруі тиіс ғой. Тоқетерін айтқанда. Әсіресе, әншілер үшін үлкен концерт берердің, альбом шығарардың, сапарға шығардың алдында «жарнама» жасап қалу маңызды. Сондай кезде өтімділігі жоғары болады. Бізге де, біздің әншілерге бұл тұрғыдан көп фантазия керек. Соңғы кездері «жол апатына түскіш» жұлдыздар көбейіп кетті. Бірі – шын, бірі – өтірік. Әншілер өздерін мүсәпір, ауру етіп көрсету арқылы, халықтың өзіне деген аянышын тудырғанды қалайды. Бұл дұрыс емес. Бұл пиар емес, бұл – халықты алдау. Халық сені ауырды екен деп ойлап, шынымен Алладан тілеп дұға етеді, көмек сұрайды. Ондай салмақты дүниемен ойнауға әсте болмайды.

– Көбісі ұялады, ыңғайсызданады деп қалдыңыз ғой. Ал ұялмайтын, келсең кел деп кез келген пиардан бас тартпайтын әншілер деп кімді айта аласыз?

– Тура солай бірбеткей әншілер жоқтың қасы. Қазір ер әншілердің көпшілігі тура жолда, намаз оқиды. Әйтсе де Нұрлан Еспанов, Меруерт Түсіпбаевалар «қара пиардың» табиғатын түсіне біледі және көп қымсынбайды. Кейбіреулер идеяны сұрайды да, сосын маған айтпай, өздері түсіріп кетіп жатады. Бірақ ол әрекеттері сәтті шыққан емес. Солардың бірі – Сиви Махмуди мен Ринат Баситов. Олар өздері түсірген кинолары шығатын кезде ролик түсірді. Онда Сиви көлігінен түсіп, гольф таяқшасымен Ринаттың көлігін ұрғылап жатады. Бірақ ролик мүлде сенімсіз шыққан. Жұрттың бәрі «мынаны кәсіби операторлар түсірген бе?» деп күлді. Мен бастапқыда осы идеяны оларға айтқан едім. Және Ринатқа ескерттім, «сенің астыңда анау-мынау Мерседес емес, Mercedes-Benz S-Class болу керек» деп. Бірақ көліктің жарығын ауыстырып, орнына арзан жарық салып қойған. Ал Сиви дәл сол жарықты келіп ұруы тиіс дедім. Яғни, көлік артық зардап шекпейді. Ал олар өздерінің ойларымен қалай болса солай түсіре салды. Нәтижесінде, «қара пиардың» сәтсіз түрін ұсынды да қойды. Халық сенген жоқ. Мен енді көбінесе өзім бейнеролик түрінде жасап бергенді ұнатамын. Видео бұл адамның санасына тез әсер етеді. Бірақ ара-тұра құр сөз, өсек нұсқасындағы жарнамалар да жасалып тұрады. Мысалы, «Жігіттер» тобындағы Бағланды да «кетеді-кетпейді» деп біраз жұрттың құлағын шулатып қойдық. Сол секілді дүниелер жасалып тұрады.

– Қарап отырсам, біздің әншілер сіз айтып отырған үдеден шықпай жүрген секілді. Яғни, өз пиарларына лайықты мән бермейді. Солай ма?

– Дәл солай! Бізде лайықты, сенімді, жұрт қызығатын, іліп алып кетіп үлкен әңгімеге айналдыратын «қара пиарлар» жоқтың қасы. Шоу-бизнес, үлкен майдан болғаннан кейін «қара пиар» міндетті түрде жасалуы керек. Әнші «беделімнен айырылып қаламын», «халық мені жаман адам деп қабылдап қалады» деп қорықпауы тиіс. Халық ол әншіні егер шын жақсы көрсе, шынымен сүйіп тыңдаса оның анау-мынау кемшілігіне көзін жұмып қарап, өздері-ақ ақтап алады. Ал бірсарынды, үнемі ақыл айтып отыратын, тек түзу сөйлеп, түзу жүретін әншіден журналист те сұхбат алғысы келмейді. Осылайша ол елдің назарынан алыстайды. Бізде әншілер қит етсе Инстаграм желісіне тамақ ішкенін, ұшаққа мінгенін сала береді. Теледидарды ашсаң да сол әнші, интернетті қоссаң да сол әнші, қала берді Инстаграмға да күн сайын тоқтаусыз сурет салып жатады. Менің ойымша, әнші әлеуметтік желіні пайдалануы керек, бірақ, оған соншалықты көп сурет салмағаны жөн. Ол өзін тасада ұстаса, тыңдармандары оны іздеп, таба алмай, біраздан соң сахнада жарқ еткен кезде көрсе, ол әншінің қадірі артып, жұлдыздық биігі жоғарылайды. Ал Инстаграмда күнде суретін жылтыңдата берсе, ол әнші құдды сенімен бірге жүргендей күй кешесің. Және оны онша тыңдағың келмейді, көрген кезде де қызықпайсың. Біздің әншілер осы жағын ескермейді. Мысалы, атақты актер Ди Каприоны алайықшы. Инста-парақшасына өзінің суретін тым сирек салады. Қашан көрсең жануарлар әлемі, табиғаттың суреттері тұрады. Бұл әрине, оның табиғатқа қатысты қосымша жұмысымен де байланысты шығар. Бірақ жанкүйерлерін сағындырып барып қауышу жағын шетел жұлдыздары қатырады. Өзге шетелдік әншілер де өте сапалы түскен, өте маңызды мағынаға ие суреттерін ғана парақшаларына жүктейді. Сондықтан, бұл тұрғыда біздің өнер жұлдыздарына үйренетін нәрселер баршылық.

– Енді келешекте «қара пиаршылық» қызметіңізді кәсібилендіргіңіз келмей ме?

– Келеді. Ол үшін өте үлкен компания ашу керек. Таза пиармен айналысатын. Оның ауқымы да кең болуы шарт. Соған қол жеткізгім келеді. Бұл ойым іске асып жатса, бір жағынан журналистикадағы жеткізген жетістігім де болар еді. Кейде ойланасың, жас болса 30-ға келді, қашанғы осылай майда-шүйде тірліктің маңайында жүре беремін деп. Сондықтан, болашақта пиар жасаумен айналысатын компания ашып, бәрін заңды түрде реттеп, танымал адамдарға, мекемелерге, жеке тұлғаларға қызметімді ұсынып отырғым келеді. Реті келсе шоу-бизнеске де соншалықты қатты араласқым келмейді. Қанша дегенмен лас дүние ғой. Мен рэп айтсам сол арқылы ішкі толқынысымды жеткіздім, болды. Мен оны айтып тойға шықпаймын, ол арқылы табыс таппаймын. Тек музыкаға, өнерге, мүмкін, рэптің біздің елде дамуына титтей болса да үлесімді қосқым келеді. Айтпақшы, екі айдай уақыт бұрын Алматыда қазақстандық рэперлер арасында сайыс өтті. Сол сайыста мен бас жүлде алдым. Жемқорлық тақырыбында рэп оқып, көпшіліктің көңілінен шықтым. Енді шілде айында Мәскеуде өтетін Тиматидің концертіне қатысатын болдым. Сол жақта бір аптадай болып концертке қатысып, Тиматидің студиясымен, жұмыс істеу барысымен танысып, қала берді «Пусть говорят», «Comedy Club» шоуларына қатысып қайтпақпын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен Абай Аймағамбетов

Пікір қосу