«Аңыз адам» журналының соңғы №18 саны америкалық өнертапқыш, кәсіпкер, APPLE корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобсқа арналды. Бұл журналымызды(«Аңыз адам») республикамыздың барлық пошталарынан сатып алуларыңызға болады. Сондай-ақ қалалардағы газет-журнал дүңгіршектерінен ала аласыздар. Журналымыздың «Сауалнама» айдарына саясаттанушы Расул Жұмалы қатысқан еді. Соны наззарларыңызға ұсынамыз.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: APPLE-дың қаржысы Ресейдің бюджетінен көп
Меніңше, Стив Джобс – ақпараттық технология әлемінің алпауыты ғана емес, бүгінгі өміріміздегі экономика, саясат, әлеумет болсын қай салада да өте көрнекті ұлы тұлға. Ол заманынан ерте болашақтың қалай болатынын аңғарып, болжай алған, өзінің дарынын соған арнай отырып, керемет өнім жасап шығарған. Соның нәтижесі, Apple сияқты корпорация пайда болды. Ол негізін қалаған, өзінің жаңа ноутбуктары және iPhonе смартфондары мен iPad планшеттері арқылы қалың көпшілікке танымал Apple компаниясы Гиннесс рекордтар кітабына кірді. Жалпы, Стив Джобс сияқты тұлғалардың пайда болуының өзіндік заңдылықтары бар. Қазір әлемде пайда болып отырған озық жобалар, озық технологиялар, байқасаңыз, негізінен демократиясы, экономикасы дамыған, адам факторына, яғни денсаулыққа, білім беруге мейлінше көп көңіл бөлген мемлекеттерде ғана пайда болады. Ең бір пайдаға кенеліп отырған, дамудың шарықтау деңгейіне жетіп отырған дәл осы мемлекеттерде адам факторы басты орында тұрады. Сөзіме дәйек ретінде бір мысал келтіре кетейін, сол Apple компаниясы шикізатты таппайды, зауыт-фабрикалары жоқ, экологияны бұзбайды. Apple – тек қана ақыл-ой, тек қана технологияның нәтижесінде жасалған корпорация. Компанияның тауып отырған қаржысы бүкіл Ресейдің қазіргі бюджетінен артық. Ресейдің қаншама аумағы бар, қаншама халқы бар, қазып отырған жер байлықтары бар. Бұл – мұнай-газ сияқты пайдалы қазбаларды өндіріп, экспорттағаннан гөрі адамның ой ұшқырлығына негізделген экономика әлдеқайда ұтымды екенінің көрсеткіші. Алға ұмтылған мемлекеттердің барлығы негізінен ақшаны жастарға, қаржыны солардың біліміне, деңгейінің өсуіне салады. Және соның жемісін бүгінде көріп те отыр. Стив Джобс, Билл Гейтс, фейсбукті ойлап тапқан Марк Цукербергтер шықты. Білім тұрғысынан, білімін пайдалану тұрғысынан бұл, меніңше, үлгі аларлық жағдай. Ал бізде немесе Ресей сияқты мемлекеттерде ХХ ғасырда қалып қалған түсінік бар. Әйтеуір мұнай, газ, шикізатты қазып сату керек. Қазақ жастарының ақылы Марк Цукербергтен немесе Билл Гейтстен төмен деп айта алмаймын. Бірақ бүгінгі таңда оларға жағдай жасалмай отыр. ІТ саласы бізде өте артта қалған. Енді ғана дамып келе жатыр деуге болады. Оның өзі тәй-тәй басқан қадамдар. Америка, Батыс Еуропа, Оңтүстік дамыған Азия жолбарыстарынан біз кем дегенде 20 жылға қалып қалдық. Бұл – менің ғана ойым емес, осы ІТ саласындағы маман-сарапшылардың пікірі. Бірақ бұл қол қусырып отыру деген әңгіме емес. Осыған мүмкіндігінше ақша салу керек, мүмкіндігінше саланы меңгерген мамандарды дайындап, соларға жол ашу керек. Қалай десек те, әрине, білім саласын көтеру керек. Қанша көкірегімізді соққанымызбен әлемдегі үздік 500 университеттің қатарына бірде-бір қазақстандық ЖОО енбейді. Бұл деген көрсеткіш қой. Бағасы қымбат, жемқорлығы бар, алым-салығы бар, дипломы бағаланбайды, білім деңгейі төмен. Неліктен? Бұл енді кешенді проблема. Жемқорлық бар, тамыр-таныстық бар, кейбір жоғары оқу орындарын өзінің меншігі деп қарайтын басшылығы бар, Білім министрлігінің жаңалықтарды енгізіп, басты қатыратын тексерісі бар. Мұның бәрі шын мәніндегі жақсы университеттердің дамуына жағдай жасаудан гөрі кедергі келтіріп отыр. Ал мемлекеттік деңгейде біздің білім саласына жыл сайын бөлінетін қаржы жалпы ішкі өніміміздің 1 пайызына да жетпейді. Америкада бұл көрсеткіш 7-8 пайыз. Оның өзі тек қана мемлекет тарапынан. Жекеменшік демеуші, қорларын санамағанда. Батыс Еуропада да дәл солай. Енді нәтижесін көріп отырмыз. Кез келген мемлекетті алға жылжытатын – оның алып жатқан жер аумағы, халқының саны немесе жер қойнауындағы байлықтар емес, ең алдымен адам факторы: азаматтарының белсенділігі, біліктілігі, кәсіби деңгейі, бәсекелестікке қабілеттілігі. Бізде сол адам факторы екінші, үшінші деңгейде қалады. Қаншама жастарымыз оқусыз, жұмыссыз жүр. Жұмыс істеп жүргендерінің басым бөлігі, әсіресе, қазақтар төмен деңгейлі жұмыстар істейді. Былай қарағанда Конституцияда біздің мемлекеттің ең негізгі құндылығы – адам, оның жағдайы, игілігі деп жазылса, іс жүзінде жағдай мүлде басқа. Бұл – жекелеген министрлер шеше алмайтын саяси проблема. Мемлекеттік көзқарас өзгеруі керек. Конституцияда айтылған сөздер сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде халықтық-әлеуметтік даму, адам факторлары салынуы керек. Ең негізгі мәселе осы.