Иә, иә, мен мұндай өте әсерлі сәттің де куәгері болдым! Мынандай ертегі жерде жігіттен ұсыныс алған қызда арман жоқ шығар! Әрине, бақытты болсын! Бірақ, қыздар, эмоции в сторону! Жігіттің ұсынысын қабылдамас бұрын мына бір маңызды нәрсе есіңізде болсын. Кез келген қарым-қатынас қолайлы болу керек. Әсіресе, отбасындағы көп міндет оған артылатын әйел баласы үшін күйеуімен өмір сүрудегі моральдік комфорт басты қағида. Сондықтан, соқыр сезім сорлатпай тұрғанда ақылыңызды іске қосып, жігітіңізді келесі тармақтар бойынша рентгеннен өткізіп шығыңыз:
🔴 «Мен сенсіз өмір сүре алмаймын…» деп жыламсырайтын, аяғыңызға жығылатын жігіттен дереу қашыңыз. Сізсіз өмір сүре алмайтын жігіт сізге ешқашан өмір сүргізбейді. Киген киіміңізге байланып, оқыған, араласқан, көрген нәрсеңіздің барлығын өзі қадағалап, сіз үшін не жақсы екендігін өзі шешіп отыратын болады. Тыныс алуға мұрша бермейді. Тұншықтырады. Түбіңізге жетеді;
🔴 Ол сізсіз өмір сүре алса да, өзіңіз онсыз өмір сүре алмайтын жігіттен қалай да алысқа кетіңіз. Қадіріңіз болмайды. Шұлғауына айналасыз. Күйеуіңізді қызғанып, аңдып, иіле беріп жер боласыз. Өзіңізді ұмытып өз түбіңізге өзіңіз жетесіз;
🔴 Егер жігітіңіз «Жаным! Күнім! Айым!» тектес сөздерді оңай және өте жиі айтатын болса, ол жігіттен қашыңыз. Әдетте, қыз-қырқын қоймайтын жігіттер үйінде әйелін сөзбен әдемі майлап, далада сұлудан сұлу қалдырмай шаруасын тыңдырып жүреді;
🔴Ақыл, білім деңгейіңіз сәйкес келмейтін жігітке тұрмысқа шықпаңыз. Әсіресе, ой-өрісі, білімі сіздікінен төмен жігіт сізді төмен сүйрелейді. Өміріңіз оны адам қылумен өтеді. Ал сіздің тұлға ретінде дамып, көтерілгеніңізден ол өзін төмен сезініп бүлінеді. Өзінің жолы болмағандығын ылғи сізден көретін болады;
🔴 Ішімдікке, нашаға, құмар ойынға әуес жігіттен қашыңыз. Мұндай тәуелділік емделмейді. Емделсе де отбасын ойран етіп, сіздің жасыңызды қысқартып, қырғын қаражатты шығындап нөль қылып барып түзеледі;
🔴 Ұрыс, даулы жағдай кезінде қол астындағы нәрсені лақтырып, дауыс көтеріп, сізге қарай атылатын жігітті келесі көрмейтін болыңыз. Тұрмысқа шыққан соң таяқтан көз ашпайтын боласыз.
Естеріңізде болсын, қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүргенде қолайлы болмаған қарым-қатынас тұрмыс құрғаннан кейін түзеліп кетпейді. Керісінше, тұрмыс құрғаннан кейін туындайтын әдеттегі мәселелермен бұрыннан бетер күрделене түседі. Қолайлы қарым-қатынаста ешкім ешкімнен қорықпайды, сескенбейді. Олар екі жүрек бір жанға айналмайды. Әрқайсының жеке тұлға екендігін жақсы түсініп, бір-бірінің өсуін жан-жақты қолдайды. Екі жақты сыйластыққа, сезімге, достыққа негізделген одақ қана екеуге бақыт сыйлайды.

Динара Болаттың инстаграмдағы жазбасынан

1 пікір

Пікір қосу