Алматыдағы «Алатау» дəстүрлі өнер театры ашылғаннан бастап-ақ əн мен күйдің бесігіне айналды десек, асыра айтқандық емес. Сарайдағы əдемі кештің бірі жуырда «Əн-жырым саған, туған ел!» деген атпен өтпек. Кеш иесі Алма Аманжолова – есімі елге белгілі əнші. Дауысы ғана емес, болмысы да ерекше. Тойды былай қойғанда, табиғатына келмесе, телебағдарламаларға да таңдап түседі. Күні кеше Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіковтермен бірге Алтынбек Қоразбаевқа шəкірт болып жүрген Алма бүгінде өзі де ұстаздық етеді. Шəкірттері халықаралық байқауларға дейін қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. Əн кешінің қарсаңында əншіні əңгімеге тарттық.
Өзіміздің дəстүрлі өнер театры ашылғалы тынысымыз кеңейіп жатыр. Шығармашылықты қолға алып, шəкірттерімді түгендедім. Дəстүрлі жыраулар мектебінің өкілдері арнайы келіп, сахнаға сыймай өнер көрсетті. Қала күніне жəне туған елге арнап кеш өткізгелі отырмын. Бұл – есеп беру кешімнің алдындағы дайындығым. Болашақта үлкен сахналарда берермін.
Өнерде жүргеніме жиырма бес жыл толады. Алтынбек көкеме келгенде жасым он үште болатын. Мейрамбек тоғыз жасында келді. Содан бері қанатының астындамыз. Сол кезде шырқалған əндердің барлығын ертеңгі кеште жаңаша нұсқамен орындаймын. Мейрамбек белгілі себептермен келе алмайды. Алтынбек көкеммен де, Тоқтармен де дуэт жаздырып жатырмыз. Рамазан Стамғазиев пен Өмірқұл замандасым да қатысады. Басқа да дəстүрлі əншілер өнер көрсетеді. Осы кеште халықты біразуақыт көрінбей кеткен əншілерімен қайта жүздестіруді мақсат тұттым.
Дəстүрлі əншілерге сұраныс аз екені жасырын емес. «Елге танылып қалған дəстүрлі əншілерді құдалық пен беташарға ғана шақырады» деген зілі басым əзіл де бар. Мысалы, соңғы уақыттарда болып жүрген үкіметтік концерттерде дəстүрлі музыкаға салғырт қарайды.
Шетелден қонақтар шақырылатын сондай ірі шараларда халық əндері, күйлері толықтай орындалмайды. Моцарттың, Бетховеннің, Бахтың бір шығармасын алып, жартысын бөліп тастасаң, оның не мəні қалады? Сол сияқты Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның əндері үзіп-жұлып орындауға келе ме? Соған қарамастан, біз əннің, күйдің маңызына мəн беруден гөрі шоу жағына көбірек бет бұрып кеттік.
Тойға барсақ, бірінші бөлімде ғана шығамыз. Меніңше, халық той мен концертті демалыс орны деп қабылдап кетті. Күнделікті күйбің тіршіліктен демалып, көңіл көтергісі келетін адамның дəстүрлі əнді тыңдамайтыны анық. «Дəстүрлі əншілерге неге сұраныс аз?» деген сұрақты өзіме де қоямын. Сосын ойланып жүріп, жауабын табамын. Əр əннің өзінің уақыты болады. Сол əнді айтатын жасы болады. Сахнаға енді шығып келе жатқан балаға терме айтып қажеті жоқ. Оны халыққа жеткізе алмайды. Халық та оны қабылдамайды. Тыңдайды, естиді, сосын ұмытып кетеді.
Байқауларға қазылық етуге шақырады. Қатысушы жас балалар қайғылы, мұңды терме айтып тұрады. «Бал-балалық, дəурен-ай» деген əндерді шыр-қаған жеңілірек. Əр əннің орындалатын кезеңі бар. Жастарға Батыстың əндерін тыңдама деп тағы айта алмайсың. Мені жасы отыздан асқан адамдар тыңдайды. Жастар мені танымаса, оған ренжімеймін. Интернет пайда болғалы жастардың мүмкіндігі артты. Олар шетел жұлдыздарының музыкасын көбірек тыңдайды. Бір жағынан дұрыс та шығар. Заманның ағымына қарай ілескеннен ұтылмаймыз. Мысалы, ұлттық өнерді заманауи тəсілдермен насихаттаймыз деп əртүрлі жанрда, стильде орындап жүргендер бар. Дегенмен, сондағы ойналып жатқан əн иірімдері мен күй сарындары бұзылғаны анық. Əн мен күй – адамды ойға, сонау тереңдегі ғасырларға жетелейтін мəңгілік дүние. Оны апарып тактіге, эстрада мен рок стильге салғаннан кейін не болады? Былай қарап отырсаң, олар дəстүрлі өнерді шоу-бизнеске апарды. Ал одан ұлттық өнер ұтты ма, ұтылды ма? Дəстүрлі өнеріміздің тұғыры содан биіктеді ме, төмендеді ме? Мəселе – осында. Екіншіден, ұлттық өнердің бүкіл дүниесі бүгінгі эстраданың, шоу-биз-нестің тетіктеріне сай келе ме? Осыны да ескерген жөн.
ҰСТАЗЫМНЫҢ ӨНЕР МЕКТЕБІН АШҚЫМ КЕЛЕДІ
Алтынбек ұстазымнан алған тəлім мен тəрбиемді шəкірттеріме бердім. Арасында бала тəрбиесімен үйде отырдым. Оларды сол кезде өнер жолына сəттілік тілеп, шығарып салдым. Бірақ əлі күнге дейін хабарласып тұрады. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып жүр. Мен оларды өнер орталықтарында тəрбиелеген жоқпын. Оқу орындарында сабақ беріп жүріп, көзіме түскендерге бағыт-бағдар бердім. Өткенде Сəуле апайдың өнер мектебіне барып, «сіз сияқты мен де осылай балаларға əн үйретсем ғой, шіркін!» деп армандап кеткенмін. Жеке өзімнің мектебімді ашпасам да, Алтынбек көкемнің əндерін дəріптейтін, жастарға үйрететін орталық ашқым келеді. Өйткені, сұраушы өте көп. Маған келушілердің көбі «Арқаның, Жетісудың əндерін үйретіңізші» демейді, «Алтынбек Қоразбаевтың əндерін қалай дұрыс орындасам болады» деп келеді. Көкемнің өзіне де айтып көргенмін. «Сіздің мектебіңізді ашайық, Тоқтар мен Мейрамбек сияқты сізге шəкірт болғысы келетін қаншама жастар бар, ашуға рұқсат берсеңіз, көмектесеміз ғой», – дегенмін. Ол кісі қарапайым ғой, кейін тартады. Ержан Қосбармақовтың ықпалымен осыдан бір-екі жыл бұрын Ж.Елебеков атындағы Эстрада жəне цирк колледжінің жанынан Алтынбек Қоразбаевтың өнер сыныбын ашқанбыз. Сол колледжге түсетін талапкерлер шығармашылық емтихан тапсырғанда үш əннің екеуі Алтынбек Қоразбаевтың əні болып шығатын. Ержан аға соны көріп, ой тастады. «Қара шал», «Қара пима», «Қара кемпірін» үйреттік. Бірақ студенттер мемлекеттік емтихан тапсырарда Алтекең келмей қалды. Мен сол жақта жарты жыл жұмыс жасадым. Жалындап тұрған жастар жетерлік. Сыныбындағы шəкірттер Алтекеңмен жүздесе алмағасын, Ержан аға сəл кейіп, сыныбы жабылып қалды. Көкемнің үлкейгені де бар. Əндерінің сөздерін ұмытып қалады. Менен сұрап отырады. «Мейрамбек пен Тоқтар кішкене немқұрайлы, көзім кеткеннен кейін менің əндерімді түгендейтін, шығармашылығымды өлтірмейтін Алма қызым» деп айтып отырады.
Тірі дауыста əн салудан қорықпайтын əншілердің қатарынанмын. Сылтау да айтпаймыз. Алғаш фонограммаға үйрене алмадық. Дəстүрлі əнші болғандықтан, тыңдарманың тірі дауыста айтқаныңды қалайды. Кейбір концерттің ұйымдастырушылары «сіздің даусыңызды залға жеткізе алмаймыз, фонограммамен айтыңыз» деген талап қояды. Ертеңгі кешім екі бөлімнен тұрады. Бірінде дəстүрлі əндерді шырқаймын, екінші бөлімде эстрадалық əндерді айтамын. Өтірік айтпай-ақ қояйын, кейбір əндерге фонограмма қостық. Байқауларға қазылық етемін дедім ғой. Сонда ең алдымен баланың дауыс ырғағына мəн беремін. Дəстүрлі əнші болуы үшін кең диапазонның болғаны өте маңызды. Шəкірттерімнен де соны талап етемін. Қолдан келсе, тірі дауыста əн салғанға жететін нəрсе жоқ. Қаншалықты дауысы бар-жоғын бірден байқаймын. Өз балаларымның да дауысынан өнер адамы болатын-болмайтынын аңғарып отырамын.
«Ұлттық өнер ешқашан шоу бола алмайды. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды өміршең етеміз десек, оны шоу-бизнеске, той-бизнеске айналдыруды емес, қаймағы бұзылмаған қалпында насихаттап, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсеткен абзалырақ», – дейді кейіпкеріміз сөз соңында. Сөзінің жаны бар.
Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
zhasorken.kz