Қуат мырза, соңғы бірер күнде доллар бағамы 340 теңгеден асып отыр.  Алда теңгені тағы да девальвация күтіп отыр ма? Қалай ойлайсыз?

Бірінші кезекте, келесі дүниені ұғып алғанымыз дұрыс. Қазіргі таңда орын алып жатқан теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамының төмендеуін – девальвация деп атау, дұрыс емес. Себебі, девальвация терминын қолдану-қолданбау, Ұлттық банктің ұстанып отырған валюталық саясатына тікелей байланысты. Мысалы: Естеріңізде болса, Ұлттық банк (ары қарай ҰБ), 2015 жылдың орта шеніне дейін тұрақты валюта бағамын ұстанып келе жатып, күтпегенде, бір жолата, валюта бағамын төмендетіп жіберген болатын. Міне, осындай жағдайларда, девальвация деп атау дұрыс болады. Ал қазіргі таңда, ҰБ валютаға айнымалы (плавающий) бағам саясатын ұстанып отыр. Демек, ҰБ валюта бағамын белгілеуге айтарлықтай тікелей (ҰБ қор биржасында валюталық интервенция, демек өз алтын-валюта қорындағы валюталарыды сату/сатып алу операциялары арқылы, валюта бағамына әсер ету) әсер етіп отырған жоқ. Бағам, ішкі валюта нарығымызда, валютаға деген, сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына байланысты белгіленіп отырады. Неғұрлым сұраныс көп, соғұрлым валюта бағамы жоғары және керісінше.

Ал сұрағыңызға жауап ретінде. Жалпы валюта бағамын дүние жүзінде толық ешкім жоспарлай алмайды. Жоспарлай алатындарды айтатын болсам, конспирология аумағына кетіп қалуым мүмкін, сондықтан әзірше оған назарымызды аудармайық.Менің ойымша, теңге алі де құнсыданады. Ондай тұжырым жасауға қандай факторлар негіз береді? Біз дамыған жаһандану орын алған заманда өмір сүріп жатқандығымыздан, дүние жүзінде орын алатын жағдайларға тәуелдіміз. Біріншіден, 2014 жылдан бастап, АҚШ президенті Барак Обама Федералды Резерв Жүйесіне (ары қарай ФРЖ) долларды басып шығаруға шектеу еңгізді. Екіншіден, Трамп мырза АҚШ президенті болғалы ФРЖ есеп мөлшерлемесін (учётная ставка) жоспарлы түрде көтеру саясатына көшті. Демек, ФРЖ банктерге беретін долларлы несиелердің құны өсіп, қаражат көлемі азаяды. Үшіншіден, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, еліміздің басты экспортталушы тауарлардың (мұнай) бағасы төмендеді (қазіргі таңда Brent маркалы мұнай, барреліне 50 мен 56 аралығында). Демек, мемлекетімізге кіретін доллар көлемі азайған. Төртіншіден, Ресей рублінің бағамына да белгілі-бір мөлшерде тәуелділігіміз бар. Себебі, Ресей әлі де біздің мемлекетіміздің басты сауда-саттық партнеры болып табылады. Сонымен бірге, тағы бұдан кіші, бірақ валюта бағамына әсер ете алатын факторлар көп.Қорыта келе, жоғарыда аталған факторларды ескере және тенденцияларды көре тұра, менің жауабым, Иә. Мен де, басқа да көптеген тәуелсіз сарапшылар да, теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамы ары қарай төмендеуіне, еш күмәнданып отырғамыз жоқ. Мәселе тек, теңгенің қашан және қаншалықты құнсыздануында?

Сіздің ше ұлттық банк қазір қандай шаруаларды қолға алу керек?

Менің ойымша, қазіргі таңда ҰБ өз мүмкіндіктері шеңберінде, қолынан келгенін жасап отыр. Егер ҰБ ешкімге және ештеңеге тәуелді емес ұйым болатын болса, онда бағаммен жағдайды басқаша жасауға болушы еді. Ол өз ретінде, тікелей жүргізіліп отырға үкімет саясатына және жанама түрде, халықаралық валюта қорының ұсыныстарына тәуелді болғандықтан, нақты бірдеңе айту оңай емес. Әрине, мен ҰБ саясатына ықпал ете алатын болсам, 2015 жылдың ортасына дейінгі тұрақты бағам саясатын, қайта ұстануға тырысушы едім. Себебі, тұрақты бағам ел ішіндегі ұлттық валютаға деген сенімдікті жоғарлатуымен бірге, кәсіпкерліктің дамуына көп позитивті ықпал ете алады.

Девальвацияның себептеріне тоқталып өтсеңіз. Теңге қандай жағдайда құнсызданады?

Теңге басқа валюталарға шаққандағы төмендеуі, көптеген объектівті жағдайларға тәуелді. Олар: үкіметтің саясатына, ҰБ-тің алтын-валюта қорының жағдайына, көршілес мемлекеттердің валюталық саясатына (Ресей Федерациясы), басты экспортталушы тауарлардың бағасына (мұнай, түрлі түсті металдар және с.с.), Халықаралық Валюта қорының, АҚШ Федералды Резерв Жүйесінің  және Еуропалық Банк саясаттарына байланысты болады. Демек, жаһандану заманында валюта бағамы өзара көптеген факторлаға байланысты. Мысалы: тұрақты валюта бағамы орын алып тұрғанда, бағамды төмендетуді ҰБ, Халық аралық валюта қорының ұсыныстары (рекомендация) негізінде жүзеге асыруы мүмкін. 

Өзбекстанның ұлттық валютасы жуырда ғана екі есеге құнсызданды. Оның бізге салдары бар ма? (Өзбекстаннан ағылатын жұмыс күші арта түсе ме?)

Менің ойымша, мемлекетімізге тиетін салдары тек біреу. Ол Қазақстаннан Өзбекстанға деген, валюта ағымының көлемі жоғарлауы мүмкін. Себебі жұмыс күшінің ағылуы да орын алуы мүмкін, дұрыс айтасыз. Және Өзбекстаннан сатылып алынатын тауарлар көлемі өсуі де мүмкін. Қарапайым халықымызға, импортталушы тауарлардың арзандауынан көрініс табатын жақсылық өз бетінде бар.

Кейбір сарапшылар теңгеніде сом сияқты еркіне жіберу керек дегенді айтады. АҚШ-тың Ресейге салған соңғы санкциясынан кейін президент Н. Назарбаев үкімет басшысы Б. Сағынтаевты қабылдағанда алда экономикалық қиындықтардың болатынын айтты. Сол қиындықтардың алдын алу үшін үкімет тарапынан жасалынып жатқан нақты істерді байқай алдыңыз ба?

Бұл сұраққа жауап бермеймін. Техникалық үкіметтің істеп жатқаны қызық емес мен үшін.

Соңғы рет теңге құнсызданғанда дедолларизация мәселесі көтерілді. АҚШ долларымен сатылып келген жылжымайтын мүлік, көліктерді сату теңгеге көшті. Жақында БАҚ бетінен БЖЗҚ-ның активтерінің дені шетелдік банктерге салынғанын оқып қалғаным бар. Бұл қаржы секторына жауапты адамдардың теңге болашағына сенімсіздігінің белгісі емес пе? Сонда дедолларизация деген әңгіме қайда? (Мысалы БЖЗҚ-ғы ақшаны неге орта және шағын бизнесті дамытуға салмасқа. Бұл бір ғана мысал. )

Менің ойымша, сіз айтып тұрған дедолларизация, біздің елде орын ала қойған жоқ және алуы, әзірге екі талай. Біздің үкіметтің көп жоспарлары тәрізді қағаз жүзінде қалады деген ойым бар. Неліктен? Себебі, теңгеге ешкім сенбейді, бұл құпия емес. Мен жоғарыда айтқандай, егер валюта бағамы ұзақ жылдар бойы тұрақты болатын болса, теңгеге деген сенімділік ақырындап жоғарылаушы еді. Ал қазіргі таңда, «аузы күйген-үрлеп ішеді», дегендей халықтың да, шағын және орта бизнестің (ары қарай ШОБ) да теңгеге еркін түрде сенетін тенденциясы байқалмайды. Дедолларизация жоқтығының тағы бір айғағы, сіз айтқандай, жылжымайтын мүліктер мен көліктердің бағасы теңгемен көрсетілгенмен, есеп-айрылысу доллармен жүретіні полишинель құпиясы. Ал енді Біріккен Жинақтаушы Зейнетақы Қорының (ары қарай БЖЗҚ) инвестициялық саясатына көшейік. БЖЗҚ қаржыларын шетелдік қаржылық құралдарына салуы, біріншіден заңды, екіншіден тәуекелділігі азырақ деп есептеледі (Әзербайжан банкісінде жоғалған қаражаттарды айтпағанда, бұл жерде коррупцияның қолы сезіледі). Жалпы, БЖЗҚ заң негізінде қаржыларын шетелдік қаржылық құралдармен бірге мемлекетіміздің ішіндегі де қаржылық құралдарға орналастыратын жөні бар. Қаржылар екінші деңгейлі банктердің депозиттеріне, квазимемлекеттік компаниялардың бағалы қағаздарына, үкіметтің бағалы қағаздарына және с.с.т.б. орналастыруына рұқсат берілген. Тек сіз айтқандай, тікелей шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсалмайды. Тек жанама түрде екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге орналастыру арқылы. Себебі, тікелей ШОБ-ті қаржыландыруға қарағанда, банктер БЖЗҚ-нан депозитке қабылдаған қаражаттарын үстіне өз пайдасын қосып барып, кәсіпкерлерге несие береді. Демек, өзі де мұрнына су жетпей жүрген кәспкерлерге, БЖЗҚ тарапынан ешқандай пайда жоқ.

Менің ойымша, БЖЗҚ және оның үстіндегі үкіметтің осылай жасаудың келесі себептері бар. Бірінші, тікелей БЖЗҚ қаражаттарынан ШОБ-ті қаржыландыру механизмы жоқтығы және пайда болса қаражаттардың жаппай ұрлануына әкеліп соқтырады деген. Екінші, БЖЗҚ қаражаттарынан үкімет, қазына тетіктерін жабатын өзіне ыңғайлы қаржы көзін жасап алды. Үшіншіден, екінші деңгейлі банктерге көмек берудің заңды жолын тауып алған сыңайлы. Жалпы, қорыта келе, Қазақстандағы орын алып жатқан негативті нәрселердің барлығы коррупцияның кең етек жаюының зардаптары десе болады.

Халық кезекті девальвацияға дайын ба?

Халық келесі құнсыздануға дайын емес және ешқашан дайын болмайтыны әрқайсымызға мәлім. Себебі, тамақтан басқа заттардың барлығы, шетелден келіп жатқан тауарлар. Яғни валютаға сатылып алынады. Демек көптеген тауарлардың  бағалары қайта шарықтайды. Ал бұл өз ретінде, өзіміздің де шығаратын басқа да тауар мен тамақтардың бағасын жоғары сүйрейді. Теңгенің құнсыздануы өндіріспен айналысатын кәсіпкерлерге пайдасы болады деген тұжырым бар, бірақ ондай кәсіпкерлердің жалпы ішкі өнімдегі үлесі азғантай. Теңге құнсыздануы шикізат экспорттаушы үлкен компаниялармен инвесторларға қолайлы. Бәрін айт та бірін айт, теңге құлдырауынан зардап көретін, сол баяғы өзіміздің қарапайым халқымыз.

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

Қуат Күнболатов.  әл-Фараби атындағы университет түлегі, экономист-қаржыгер. Жалпыұлттық Социал-демократиялық партияның саяси кеңес мүшесі. ЖСДП Алматы облыстық филиалы басшысының қызметін атқарушы.

 

Пікір қосу