БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок Мьянмадан қашқан босқындарға көмек ретінде 7 млн бөлінетінін мәлімдеді.
Қаржы ұйымға қарасты Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық қордан (CERF) бөлінбек. «CERF – әр жерде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем берудің ең жедел жолдарының бірі» деді Лоукок. Оның айтуынша, қор аса қиын жағдайдағы босқындарға баспана, азық-түлік және медициналық көмек бергелі отыр. Ол сонымен қатар гуманитарлық көмекті жеткізуге кедергі келтірмеуді және Мьянмадан қашқан адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Тамыздың 25-і күні Ракхайн жасақшылары бірнеше полиция қызметкерін өлтіргеннен кейін Мьянма әскері рохинджа тұратын ауылдарға шабуыл жасаған болатын. Нәтижеде жүздеген адам өлді. Мьянма өкіметі өлгендердің бәрі терроршылар деп мәлімдеді. Алайда, көптеген қарапайым адамдардың оққа ұшып және суға кетіп өлгені туралы ақпараттар бар.
Түрлі мәліметтер бойынша Ракхайн штатынан көрші Бангладешке үш жүз мыңға жуық адам босып кеткен.
Дереккөз baq.kz