Біреулер үшін әлеуметтік желі – өтіріктің ордасы. Адамдар ақылды посттар жазып, жақсы фотоларын салып өздерінің шын болмыстарын жасырады. Олар бұл әрекетін қалыпты жағдай ретінде көреді. Меніңше, әлеуметтік желілер бәрін өзгертті. Ашық, еркін ортаға есік ашып және осы бір шексіз қоғамның бір бөлшегі болуға әрбір адамды шақырды. О баста Facebook-ке барынша шыншыл болам деген ниетпен тіркелдім. Ақиқат үшін. Өмірде мыңдаған проблеманың болуы мүмкін. Алайда ең қауіпті қақпан – өтірік. Оған түскендердің көбі шыға алмай қалады. Тағдырдың жазуы ғой. Мен ауыр дерттен емделдім. Жаратқан ондай дертті бастарыңызға бермесін және туған-туыстарыңыз да одан аман болғай.
Академик атам Мұхтар Әлиевтың дүниеден қайтқанынан жарты ай болғанда австрия түрмесінде әкем Рахат Әлиев өзіне-өзі қол жұмсап, қаза болды. Өмірімде алғаш рет екі бірдей тағдырдың ауыр соққысын алдым. Жұрт мажор деп атайтын жас Айсұлтан жер шарындағы еңсесі түсіп кеткен, жаншылған пендеге айналды. Жаныңды сыздатқан аурудан құтылу үшін ондай кезде аяқ-қолсыз қалғаның жақсы екен деп ойлайды екенсің.
Мені отбасым қолдауға тырысты. Атам Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қамқорлығын танытты. Мемлекет басшысы күндіз 17 млн. халықтың мәселесін шешсе, кешке қарай тек немересіне ғана көңілін бөлді. Ол кезде мен атамның қаншама күш-жігерін мен үшін жұмсап жатқанын түсіне алмадым. Сондықтан да әлсіздік танытып, есірткіден жаныма тыныштық іздей бастадым.
Наркомания қоғам үшін – әлеуметтік проблема. Ал адамзат үшін нағыз дерт. Бастапқыда әлем құлпырып, проблемалардың барлығы жоғалып, алда тек қана жақсылықтар күтіп тұрғандай болады екен. Уақыт өте есірткі іш-құрылысыңды ауыртып, сұмдық аурулар шығады. Есірткіге қатты берілгендер ажал жастығына ерте жантаяды екен. Бір анығы есірткі деген у жаныңды емдемейді екен.
Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан адамдар үшін отбасы мүшесінен наркоманның шығуы үрей туғызады екен. Не болады? Не істеу керек? Көршілер білсе не ойлайды? Жұмыстағылар не дейді екен? Үрей жылы қарым-қатынасқа сызат түсіріп, отбасындағы берекені алады. Үрейден жалғыздық сезімі де пайда болып, үмітті жояды. Алғашында менің отбасымды үрей биледі. Жаратқанға мың тәубә, мен атама шындықты айттым. Бәлкім, басқа бір президент бұндай жағдайда проблеманы жасырып қалар еді. Бірақ та Нұрсұлтан Назарбаев олай жасаған жоқ. Ол маған «Жарайсың, шындықты айттың. Дертің ауыр. Бірақ оған шалдыққан бірінші адам сен емессің. Соңғысы да сен емес. Оны жеңуге күш жігерің жетеді», – деді. Әңгіме арасында есірткіге деген тәуелділікті жеңемін деп атама сөз бердім. «Айсұлтан маған сөз берсе. Ол қашан да уәдесін орындап келген», – деп атам сабырлы кейіпте тіл қатқан-ды.
Мен оған өміріммен қарыздармын. Ол менің өмірімді екі рет сақтап қалды. Ол кезде оны түсінуге ақыл-ес пен өмірлік тәжірбием жетпеді. Ал қазір түсініп тұрмын. Қазір ет-жақындарым қасымда. Жақсы атмосферада күн кешудемін. Маңыздысы осы.
Бұл дертті тек қана ерік-жігермен жеңе алмайсың. Одан сауығатындай дәрі-дәрмекті ешкім ойлап таппады. Мен бұны ашық жазып отырған себебім, осы бір бәле көптеген отбасылардың шаңырағын ортасынан түсірді. Тығырықтан шығу жолын білемін. Және оны бүкіл әлеммен бөліскім келеді. Егер менің айтып отырған әңгімем бір оқушыны есірткіге жолатпаса, бір наркоманды емдеуге мұрындық болса, өмірді бекер сүрмегенім!
Мен жол таптым. Маған Жаратқан жәрдемдесті. Есірткінің не екенін білетін адамдар не айтып отырғанымды біліп отыр. Бұл жерде кінәлілер жоқ екеніне сенімдімін. Есірткінің шырмауына түскендердің барлығы құрбандар. Әрине, кейбір нюанстар бар. Бір нәрсеге көзім жетті: наркоманияға қарсы күресу керек, ал наркомандармен күресу – қылмыс.
Бұл дерт жыл сайын миллиондаған адамдардың жанын алып жатыр. Отбасында қорқып, ашық айтпағандықтан өмірлер қиылып жатыр. Нашақор болып кететіндер көбіне көп бай-бағландардың баласы деген жалған түсінік бар. Наркомания қоғамға ешбір игілік әкелмейді. Алайда, «ең нашар адамдарға дерт» дегенді естиміз. Есірткі қолы жеткен барлық адамдарды өз қақпанына түсіреді. Бұл жайлы өзгелердің тағдыры мен өмірін сақтау үшін ашық айту парызым деп есептеймін. Соған мүмкіндік берген әлеуметтік желіге рахмет.
Айтып қана қоймай, нақты істерде атқаратыныма сенімдімін. Көптеген ойларым бар. Есірткіге қарсы қайрымдылық қорын ашуды жоспарлап отырмын. Қазір нақты жұмыс жасауға болысатын кәсіби мамандарды іздеп жатырмын. Кез-келген адамға көмектесуге тырысамын. Есірткіге тәуелді адам өзінің жалғыз емес екенін сезініп, өзіне сенімді болуы тиіс. Қазіргі уақытта адамдарда наркоманиядан жазылу тәжірбиесі бар. Осы орайда Narcotics Anonymous халықаралық қауымдастығына алғыс айтқым келеді. Олар есірткіге қарсы күрестің басында тұр.
Мен үшін бұл жекпе-жек ең ауыр болды. Өзіңмен өзің күрес оңай емес екен. Іштей босап қалсаң, өлуің мүмкін. Ерік-жігеріңді жинасаң, өмір сүресің. Бұл да өзінше жиһаттың бір түрі екен. Қуанышқа орай, жарық қашанда түннің бетін түріп тастайды.
Aisultan Nazarbayev FB парақшасынан