«Аңыз адам» журналының соңғы нөмірі мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы дипломанттардың бірі Нәзір Төреқұлұлына арналды. Бұл журналымызды(«Аңыз адам») республикамыздың  барлық пошталарынан сатып алуларыңызға болады. Сондай-ақ қалалардағы газет-журнал дүңгіршектерінен ала аласыздар. Назарларыңызға нәзіртанушы, ақын Сәрсен Бек Сахабаттың Н. Төреқұлұлының өмір жолына арналған сұхбатын ұсынамыз.

P.S Құрметті оқырман, «Аңыз адам» журналы қашан да мемлекет мүдесі үшін күрескен, өнердің биігін бағындырған тау-тұлғаларды насихаттаудан тынған емес. Бір тұлға арқылы тұтас кезеңдерді де қамтып, ағартушылық бағытта да бір шама еңбек атқарды. Тек өз ұлтымыздың ғана емес адамзат баласының мақтанышына айналған өзге елдердің дара перзенттерінде оқырмандарымызға таныстырдық. Алдағы күні қай тұлғаны «Аңыз адамнан» көргілеріңіз келеді. Ұсынған тұлғаны қандай қырларын ашу керек деп есептейсіздер. Ұсыныс, пікірлеріңіз біздер үшін аса маңызды. Ұсыныс сіздерден, оырндау бізден!

Сәрсен БЕК САХАБАТ, ақын, нәзіртанушы: Нәзірдің туған жеріне байланысты пікір таластар көп

Анасының ұлты – тәжік

 – Әңгімені Нәзір ағамыздың туған топырағынан, шыққан тегінен бастасақ…

– Нәзір ағамыздың тегі – Қоңырат­тың Маңғытайы. Ал туған жеріне келсек, бұл мәселеде айтысып-тартысып жүргендер баршылық.

– Ресми деректерде ол кісі Қоқанда туылды деп көрсетіледі емес пе?

– Нәзірдің балалық шағы, ат жалын тартып мінгеннен кейінгі сәбет жұмысына араласқан жері Қоқан қаласы екені рас. Алайда, бұл Нәзір Қоқан қаласында дүниеге келді дегенді әсте білдірмейді. Біз қағазбастылықтан, қаріпшілдіктен әлі де арыла алмай жүрміз. Ел арасын «Нәзір Қоқанда туылыпты, өзбекке қызмет етіпті» дегендей жел-сөз аралап жүр. Мұның астарында не жатыр, кімнің көңіл күйіне сай айтылып-жазылып жүр?

«Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегендей, Нәзірдің қызмет анкеталарын толтырғанда «ұлтым – қазақ, ана тілім – өзбек» дейтіні бар. Әлгілердің беткеұстары осы. Нәзірдің айтып отырған «өзбек тілі» 1925 жылға дейін қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, татар баласының мұсылманша сауатқа төселгенде тұтынатын әліпбиі. Түркі баласының сауатын өзбекке жығып беріп отырған сәбет заманының кеңсе тілі. «Ескі сауаттымын, мұсылман сауатын білемін» дегеннің бәрін «өзбек» деген. Мұны сен қалайсың ба, қаламайсың ба – көңіліңді не қылсын?! Түркістанда мұсылман тілінде кәзит-жорнал шығарған редакторлардың бәрі не қазақ, не татар болған. Мысалы, Мұстафа, Сұлтанбек (жауапты хатшы), Нәзір, Байшора т.б. Өзбекстандағы сәбет тарихының атасы, профессор Булат Салиев те еділбойлық татар. Баспаханада қаріп теретін қыз-жігіттер түгелге дерлік татар жастары болған.

– Сонда сіздің зерттеуіңізше, Нәзір қай өңірде туған?

– Нәзірдің ата-бабалары мекен еткен Қандөз ауылы – Сыр бойында, Қызылдың құмы етегінде орналасқан. Тарихи хронологияда бұл өңір 1510 жылдың көктемінде қазақ пен маңғыт қолы Бұқар әмірі Мұхаммед Шайбанды біржола тұқыртып жеңгенге дейін Арқұқ аталатын. Келер жылы хан тағына көтерілген Қасқажолды Қасым сұлтанның мәңгі өшпес ерлігінің ізі қалған қасиетті жер. Отаршылдық заманда Шағатай болысы, сәбет заманында Түркістан ауданының мал жайылымы, 1965 жылдан бастап Қызылқұм ауданының «Түркістан» кеңшары, бұл күндері, 1971 жылдың қарашасынан бастап Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарап кеткен.

– Сонда Нәзірдің әкесі Төреқұл Қоқанға қалай барып жүр?

– Қоқан қаласында қазақ алпауыттарының үйлері болғанын А. Вамбери тәптіштеп жазып кеткен. Қазақтар ол үйлерде өзі тұрмаса да жалға беріп, кіре тартқан. Керуен жүргізген. Өйткені, Қашқардан, Қытайдан келетін тауар, керуен ең алдымен Қоқанға жетіп жығылады.

Алайда, Төреқұлдың Қоқанға барып, сонда тұрақтап қалуының себебі басқада. Патша тәртібі бойынша жылына әр ауылдан екі баладан жинап, оқуға алып кететін. Орысқа қызмет етуге тиісті оларды үкімет өз қамқорына алатын. Төреқұл, міне, осылай қатарға іліккен. Түркістан, Ташкент қалаларындағы приходская школада оқиды. Шамасы, зерек болса, жақсы оқыса керек.  «Төреқұл заң оқуын оқыды» дегенге өз басым аса сенбеймін. Себебі, ол заманда Ташкентте заң оқуы жоқ. Ең жоғары оқу орны – Ташкент семинариясы болды. Алайда «оқыды, оқымады» деген құжат жоқ болғандықтан сөзді осымен тоқтатайын.

Төреқұлдың Қоқанға келуінің шынайы себебі мынада – ол оқуын бітіргесін Ферғана облыстық әскери комиссарының тілмашы болған. Мұны Ахмет Зәки Уәлиди-Тоғанның естелігі арқылы оқып білдік. Қоқан – Түркістан өлкесіндегі Ташкенттен кейінгі екінші қала. Бұл қала жедел өсіп, темір жол тартылды. Аса ірі мақта плантациясына айналды. Төреқұл тілмаштықтан түсіп қалғаннан кейін жан бағып, ұл-қызын асырау үшін темір жолда прораб, жекеменшігіндегі үйлерін жалға беретін алпауытқа айналуы әбден мүмкін. Облыс атауы Ферғана болғанымен оның орталығы Қоқан қаласы. Ахмет Зәки Тоған: «Мұнда келгесін екі адаммен – Нәзірдің әкесі Төреқұл және ақын Шолпанмен достасып кеттім. Төреқұл шығыс тілдеріне жетік һәм көне қолжазбаларға бай кітапханасы бар ерекше жан» деп ағынан жарылады.

– Ал анасы туралы не айтасыз?

– Нәзірдің анасы – Гүлчехра Рустамқызы Ташкент төңірегіндегі қара тәжіктің қызы. Аса діндар адам болыпты. Нәзірдің Әбдіқадыр атты інісі, Фатима деген қарындасы болған.

Әлихан Бөкейханұлының тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған

– Нәзір Төреқұлұлы мұсылман медресесінде оқыған екен. Осы жайында тарата айтып бере аласыз ба?

– Нәзір оқыған мектеп-медресені әдетте «дор-улфунон», «олиймадраса» деп жатады. Ауыл молдалары оқытатын мектептен дәрежесі жоғары. Мұнда болашақ қазылар, дін иелері оқиды. Мұнда қабылданған тәлипті ешкім ұлтына бөліп-жармайды. Өйткені, ол – мұсылман, ол аздай білімді мұсылман. Нәзір қазақ кириллицасында бірауыз сөз, жарты бет мақала жазбаған. Журналистік мұрасын да орысшадан емес, мұсылманша жазудан бастаған.

Нәзірдің анасы Гүлчехра Рустам­қызының діндар адам болғанын айттым ғой. Сондықтан, ол анасының ықпалымен 12 жасында Нақшпандийа тариқатына мүшелікке қабылданады. Нақшпандийа тариқаты парсы тілін тұтынады. Мұны неге айтып отырмын? Нәзірдің Шығыс демей, Батыс демей көп тіл білген полиглоттығын шама-шарқымша таратып айттым. Олиймадрасаның Нәзірге бергені осы болса керек. Айталық, Абай һаким де Семейдегі Хусаинийа медресесінің түлегі емес пе?! Қазақты надан, сауатсыз, дінсіз дейтіндерге жауабымыз осылай болуы керек.

Нәзір Қоқан мектеп-медресесінде 1900-1903 жылдары оқыған. Соңғы жылдың аяғына қарай бұратаналарға арналып ашылған екінші приходская школаға барады. Бұл ұлының заман ағымынан қалып кетпеуін ойлаған Төреқұлдың қалауы еді. Приходская школада екі жыл оқыған Нәзір 1905 жылы Қоқан училищесіне түседі. Училище – сол замандағы мамандандырылған орта мектеп. Мұнда оқу ақылы, сапалы, өңшең Қоқандағы ауқатты капиталист, банкирлердің балалары оқиды. Нәзірден басқа бірде-бір мұсылман баласы жоқ. Класта небәрі сегіз оқушы оқыған.

– Нәзір училищені бітірген соң немен айналысты?

– Мәскеуге тіке жол тартып, 1914 жылы ақылы негізде институтта оқиды. Қазақ баласына ол заманда Мәскеу түгілі Ресейдің кез келген қаласында оқуына жол берілмейтін. Қалтаң көтеріп, ақысын төлесең ғана рұқсат. Мәселен, Файзулла Ходжаевтың әкесі қаракөл елтірісін саудалайтын ірі алпауыт болыпты. Байдың баласы Мәскеуден үй жалдап, сонда шалжайып жатып мұғалім жалдап оқуын түгескен.

– Н.Төреқұлұлы Мәскеуде коммер­циялық институтта оқиды ғой…

– Нәзір коммерсанттың оқуына түспеген, ол ақылы негізде (на коммерческой основе) оқыған. Сондықтан, бас салып Нәзірден «сауда қызметкерін» жасаудан абайлауымыз керек. Оның азаматтық кәсібі – экономист. Бұл оқуы көңілінен  шыға қоймаса керек. Мәскеуде оқып жатқанда Нәзір журналист мамандығына көңілі құлап, Орынбордағы «Қазақ» кәзитіне «Н», «Студент» деген лақап аттармен жазып тұрады. Осылайша ол Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың назарына ілігеді.

1916 жылы майданның қара жұмысына қазақ жастарын ала бастағанда Нәзір оқуын өз еркімен тастап, екінші курстан соң Минскінің Барановичи ауданына келеді. Осында эс-эр («Земство» партия­сы) қатарына кіреді. Эс-эр «билікке біз жетсек, халыққа жерді бөліп береміз» деп жар салады. Алаштықтар осы сөзге сеніп қалған. Әлекең Нәзірдің қабілетін бағалап, «Майданның  қара жұмысына алынған мұсылман жастарының басын біріктір» деп саяси тапсырма береді. Осылайша Нәзір «Еркін Дала» атты астыртын жастар ұйымын құрады, саясатқа сәтті қадам жасайды.

«Нәзірдің ұстазы қоқандық эс-эр Молдавский, бәлшебек Бабушкин» деген қасаң көшірмешілдікті қоюымыз керек-ақ. Олай болуы мүмкін емес, бұл қып-қызыл өтірік қой. Нәзір болса өз ғұмырнамасында «Ұлт жолындағы бағытты ұстандым» дегенді ашық айтады. Сонда кімге құлақ асамыз? Молдавский, Бабушкин қай қазақты ұлт жолына тәрбиелей алады екен? Қисын қайда? Мұстафа Шоқай да, Нәзір Төреқұлұлы да Әлиханның төл шәкірттері. Бұл екеуі де Әлекеңнің тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған.

– Нәзірдің арғы қарайғы өмірі қалай жалғасты?

– Патшаны құлатқан ақпан төңкері­сінен соң мамыр айында майданның қара жұмысына алынғандарды елі­не қайтарды. Олар мінген эшелонды басқарып, жіті қадағалауды Әлекең Нәзірге сеніп тапсырады. Саратовқа жеткенде бұлардың артынан Петербургтегі Мұстафа қуып жетеді. Әлбетте, Әлекең тапсырмасымен болар. Жастарды үйді-үйіне таратқан пойыздың соңғы аялдамасы Самарқанға жеткенде Нәзір осындағы бір досының үйінде жатып, үгіт-насихат жұмысымен айналысады.

– Қоқанға қайтпай ма?

– Жоқ. Бұл кезде анасы дүниеден озып кеткен болатын. Естияр Нәзір әкесіне салмақ болмайын деп өз бетінше  күн көруге тырысса керек. Кейін Қоқандағы әкесі Төреқұлды басмашылар өлтіріп кетеді. Содан кейін ол інісі Қадырды өз асырауына алған. «Фатима Самарқан жағына ұзатылған» деген ауызекі деректен басқа ештеңе жоқ.

– Сол 1917 жылдың оқиғаларына қайта оралсақ…

– Орынборда өткен І қазақ сиезіне Әлекең Нәзірді арнайы шақыртады. Орынборға келісімен Нәзір Торғайда, Ырғызда сол баяғы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Әрине, Алаш жолындағы. Қайда жүрсе де сауат ашу үйірмелерін ашумен болады. Ағартушылық әліппесі дегеніміздің өзі осы болар. 1918 жылдың наурыз айында Орынборда «Қазақ мұңы» кәзиті ашылады. Қазақ тіліндегі тұңғыш сәбеттік басылымды ашқан далаға бәлшебек билігін ала келген Әліби Жангелдин еді. Мәмілешіл Нәзір Әлекең мен Әлібидің арасы жақсы еместігіне қарамастан, кәзитті кешіктірмей шығарып тұрды. Алайда, Орынборды атаман Дутов басып алғаннан соң, кәзиттің өмірі қысқа болды. Нәзір амалсыз Ташкентке кетіп бой тасалады. Мұнда келгенімен жұмыс берілмей, жаздай қолы алдына сыймай бос жүреді. Қоқанға да бармайды.

– Неге?

– Өйткені, Нәзір әліге эс-эр партиясының мүшесі. Бәлшебекке бұл ұнамайды. Нәзір аяқсыз қалған оқуын жалғастыруды ойлап, Түркістан үкіметінен қаржылай көмек сұрап хат жазады. Әділет халық комиссары Ибрагимов Нәзір мен Қазан университетінің бұрынғы студенті Мангелдинді бұрыннан танитынын, қарсылығы жоғын білдіріп арызына бұрыштама соққанымен үкіметтің де қолы қысқа болатын.

– Енді не істейді?

– Бұл кезде Ферғанадағы басмашылар күш алып, ел тыныштығын кетірді. Басқаны қойып, жергілікті халықтың өзі мұның зардабын тарта бастады. Жазға қарай Орталықтан мол қаражат бөлініп, ерікті мұсылман жасағын құруға шақырады. Бұл – халықты өзді-өзіне қарсы айдап салатын ежелгі зымиян тәсіл. ТурЦИК-те, СовНарком- да Мәскеуден келгендер отырды. Осы кезде жұмыссыз жүрген Нәзірге шындап көмектескен екі адамның атын атауымыз керек. Бұлар – Мусбюро жетекшісі Тұрар Рысқұлов пен бюро мүшесі Акмал Икрамов. Тұрар қоярда-қоймай жүріп, мұсылман еріктілерін басқаруды Нәзірге сеніп тапсыруға Түркістан республикасы басшылығын көндірген. Нәзір, біріншіден, Қоқанды жақсы біледі. Екіншіден, тіл біледі, көппен табысып кетеді. Сонда бәлшебектер «Нәзірің партияға кірсін, мұндай лауазымды басқаға сеніп ұстатуға болмайды» деп шарт қояды.

Сөйтіп, қыркүйек айында мұсылман еріктілерінің жасағын басқаруды қолына алысымен Нәзір қазан айында Қоқандағы большевиктердің баста­уыш партия ұйымына мүшелікке кіреді. Жастығына қарамастан Қадыр інісі де жасаққа кіреді, партияға да өтеді. Сол 1918 жылдың  4-желтоқсанында Нәзір Қоқан ревкомының хатшысы лауазымына көтеріледі. Бұған дейін тек орысша шығып келген қалалық кәзит енді «Халық сөзі» деген атпен мұсылманша шыға бастады. Осылайша Қазақстанның тұңғыш сәбеттік кәзитінің де, Өзбекстанның тұңғыш сәбеттік кәзитінің де бас редакторы Нәзір Төреқұлұлы болады.

Көп ұзамай, 1919 жылдың қаңтарын­да, Нәзір Ферғана облыстық ревкомының орынбасары, облыс­тық оқу-ағарту халық комиссары міндеттерін қоса атқарады. Тұрардың тапсырмасымен Мусбюро органы «Янги Шарқ» кәзитін шығарады.

1919 жылдың қыркүйегінде Нәзір ТурЦИК мүшелігіне сайланады, Түркістан советтері VІІІ сиезінің делегаты болады. 1920 жылдың сәуір айында Ташкентке ауысып, Түркістан республикасы оқу-ағарту халық комиссары боп тағайындалады. 1920 жылдың 19-шілдесінде Мусбюро таратылып, уақытша Түркістан Компартиясы құрылғанда оның жауапты хатшылығына Нәзір Төреқұлұлы сайланды. 1920 жылдың қыркүйек айында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар құрылтайына барады. Сол жақтан оралғаннан кейін Нәзір Төреқұлұлын ТурЦИК төрағалығына сайлайды. Бір қызығы, партиялық лауазымынан өз еркімен бас тартқанымен қос мәнсапты қатар атқаруға міндеттейді.

Түркістандағы қазақ мәселесіне бел шешіп, білек сыбана кіріседі

–  Нәзір ағамыз ірі мәнсапқа қол жеткізгеннен кейін ел жадында қай ісімен қалды?

–  Ол бірден Түркістандағы қазақ мәселесіне бел шешіп, білек сыбана кіріседі. Нәзір Төреқұлұлы Түркістандағы барша автономиялық билікті иеленісімен шекараны анықтап, тарихи жер-су атауларын қайтарады. Бұл оңай шаруа емес. Верныйға Алматы, Пржевальскіге Қарақол атауларын қайтару, патша заманында Закаспий облысына жатқара салған Маңғышлақ, Адай ояздарын мал иесі қазаққа қайтару ісі айтуға ғана жеңіл мәселе. Нәзір – түркілік тұлға, ал түркінің ата дінін өзіне қайтарып, демалыс күндерін сенбі мен жексенбіден бейсенбі мен жұмаға ауыстыру, Құрбан айттың үш күнін мереке деп жариялауды ұсынады. Исламды мектеп бағдарламасындағы пәндер қатарына қосып жеке оқыту туралы мәселе көтеру әркімнің батылы бара бермейтін ерлік еді. Міне, осындай ерен-терең ерлігімен ел жадында қалды.

1921 жылдың қаңтарында Әулиеатада тұңғыш өткен қазақ пен қырғыз батырақтарының сиезінде «Қосшы» одағының тезистерін айқындап берді. Тіпті қазақ жастарының төл армиясын құрмақ та болған. Алайда Орталық мұндай еркіндікті қайдан қолыңа ұстата салсын?!

Түркістандағы партия жетекшісі һәм үкімет басындағы Нәзір Төреқұлұлының 1921 жылдың нау­рызында РКП (б) Х сиезіне қатысып, В.И. Лениннің қабылдауында болуы, 1921 жылдың тамызында Түркістан Компартиясы  Орталық Комитетінің төрағасы, сол та­мыз айында Түркістан советтерінің Х сиезі­не төрағалық етуі, қазан айында ТуркБюро мүшелігіне сайлануы, 1922 жылдың наурызында РКП (б) Х сиезіне делегат болуы, сол жылдың мамырында Орта Азия Бюросының құрамына кіруі жай хронологиялық ақпарат. Қазақ үшін ұлттық маңызын ескерген де дұрыс, әлбетте. Алайда қай-қайсысы болсын Орталықтың айдауымен жүзеге асып жатқан. Ағамыздың мықтылығы, үлкенді-кішілі саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, қазақтың, түркі халықтарының мүддесін қорғай алған шеберлігінде. 1922 жылдың шілдесінде Мәскеуде өткен ХІ партконференцияға арнайы шақырылған Нәзірді еліне қайтармай, Түркістанға, Қазақстанға қайта аяқ бастырмай қояды. Қызмет беріп, көз алдынан таса қылмай тырп еткізбейтін мырзақамақ дегеніміз осы. Тіпті, еңбек демалысын еліне келіп өткізуіне де рұқсат бермеген.

–  Осы тұста Нәзір ағамыздың Мәскеуде тұрған жылдарын тарата айтып кетсеңіз…

– Мәскеуде күштеп қалдырылған Нәзір Төреқұлұлына қыркүйек айында КСРО халықтары Орталық баспасының Шығыс басқармасына төраға болуға ұсыныс жасалады. Бұл – баспасөз министріне тең лауазымды қызмет.

1922 жылдың желтоқсан айында жаңа түркі әліпбиі жөніндегі комиссияның төрағасы міндеті жанама жүктеледі. 1923 жылдың ақпан айынан бастап баспа жанынан «Темірқазық» жорналы шыға бастады. Баспа да, комиссия да болашақ көсем Сталин басқаратын Ұлт істері комиссариатының құзырына қарайтын. Жорналдың екі-үш нөмірі жарық көрісімен жабылып қалуының себебі осында. Өйткені оны шығарған мәскеулік қазақ оқығандары болған­дық­тан Орталық үкімет оны қаржы­лан­дыруға құлықсыз еді.

1924 жылы Орынборда өткен білім­паздардың сиезіне қатысады.

1926 жылы Бакуде өткен түркітану­шылар сиезінде латын әліпбиін қабыл­датуға қол жеткізеді.

 – Содан соң араб еліне елші болып кетпей ме?

– Нәзірдің өзі күндердің күнінде елші боп кетермін дегенді ойына ала қоймаса керек. Замананың ыңғайы ма, уақыттың сұранысы ма Нәзірге ақырында дипломат болуы­на тура келді. Білімдарлығының, тілге ыждағатының арқасында қай істе болсын Нәзір биіктерден ғана көрініп жүрді. Бір айтарлығы, Нәзірді дипломатиялық қызметке тартқан Сталин емес. Сталин әзірбайжан жігіті, сауда саласының маманы Әлиевті тағайындамақ ойда болады. Алайда, сол замандағы саңлақ дипломаттар Чичерин, Литвинов, Карахан қоярда-қоймай Нәзірдің кандидатурасын өткізіп, Сталинді осыған көндіреді.

1928 жылдың  шілдесінде бас консул қызметіне тағайындау алғанымен Нәзір Жиддаға қыркүйек айында Венеция арқылы кемемен жетеді.

1930-1935 жылдары Сауд Арабиясы корольдігіндегі КСРО-ның төтенше өкілі және толық өкілетті елшісі болады. Елшілікте екі мерзімге қатарынан сайлану ол заманда рекордтық көрсеткіш болып саналатын.

1935 жылдың желтоқсанында мерзімі аяқталған Нәзір Төреқұлұлы 1936 жылдың сәуір айында Париж арқылы Мәскеуге қайта оралады. 1936-1937 жылдары академик Маар атындағы Бүкілодақтық тілтану институтының ғылыми қызметкері болады. Түркі етістігін түбегейлі зерттеуге ниет қойып, іске кірісіп, Түркістанға, Қазақстанға баруына рұқсат болмағандықтан іссапармен Қазан қаласына барады.

1937 жылдың 15-шілдесінде Нәзір­ді қамауға алуға ордер жазылып, ­17 шілде күні өз үйінен ұстап әкетеді де сол жылдың 3-қарашасында таңғы сағат 8-де оны ату жазасына кескен үкім шығарылады. Үкім үш сағаттан соң қолма-қол бұлжытпай орындалады. Жиырма жылдан соң бұл үкімді бұзған КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1958 жылдың 23 қаңтардағы шешімі Нәзір Төреқұлұлының есімін біржола ақтады.

Сұхбаттасқан Рысбек Үркімбай,

rysbek64@mail.ru «Аңыз адам» журналы. №16 тамыз 2017

Пікір қосу