Әртіс болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?

Әртіс болуды армандаған жоқпын, бірақ ән салғанды жақсы көретінмін. Ұстаздарым «осы қыз ән айтады» дейтін де мені мектепте өтетін іс-шараларға да, мектеп аралық, аудандық жарыстарға алып баратын. Сонда үнемі бірінші орын алатынмын. Сөйтіп жүріп 10-сыныпқа көшкенде мамандық таңдау туралы ойлана бастадым. Бір күні «Казахстанская правда» газетінен «Өнер институтына талапкерлерді қабылдаймыз» деген хабарландыруды оқып қалдым да: «Мен жарыстарға қатысып жүрмін. Неге осы оқу орнына тапсырмаймын?»- деп әкемнен рұқсат сұрадым. «Әртіс болу менің арманым еді, қызым. Мен жете алмаған арманға сен жетсең қуанар едім», — деп әкем мені қолдай кетті. Бірақ анам: «Қызыңды қайдағы бір жын-шайтанның ортасына салайын дедің бе? Ертеңгі өмірі не болады?! Байдан байға тиіп жүреді…», — деп қарсы болды. Сонда да әкем алған бетінен қайтпады. Сөйтіп, Алматыға келген соң алдымен эстрада және цирк училищесіне бардық. Барсақ, балалардың дауыстарын тыңдап, шетінен ән салдырып жатыр екен. Мен де бағымды сынадым. Сол кезде кабинетке Майра Смағұлқызы деген кісі кіріп қалды да әнімді тыңдап болған соң: «Қызым, сен әншілікті неғыласың?Одан да әртіс болсаңшы. Әртіс болсаң ән де саласың, сахнада да, кинода да ойнайсың. Керемет емес пе?!»,- деп мені Өнер институтына алып барды. Барсақ, талапкерлерді Т. Жаманқұлов қабылдап жатыр екен. Мен Тұңғышбай ағаны өмірімде бірінші рет көргеніме қуанып: «Болды мен әртіс боламын. Тұңғышбайдан тәлім алсам жаман болмаймын», — деп осында емтихан тапсырдым. Содан 280 қыздан Тұңғышбай аға 9 қызды ғана өз сыныбына қабылдады. Сол тоғыз қыздың ішінде мен де болдым.

Тұңғышбай ағаның басына іс түскенде шәкірттері болып қолдау білдіре алдыңыздар ма?

Әрине, қолдау білдірдік. Басқа қолымыздан не келеді?! Мен ағаға: «Аға, сіздей үлкен кісіге мен сияқты қарапайым, атағы жоқ әртіс не істей алады? Мен не көмек бере аламын? Менің бар көмегім сіздің қасыңызда отырып, жылы сөз айту», — дедім. Шынымен солай ғой. Мен ол кісіге барып миллиондап ақша бере алмаймын. Жоғарыда отырған кісілерге ескертетіндей менің сөзім өтпейді. Мұның барлығын ол кісі түсінеді. Соттың шешімі шыққанан кейін де арнайы барып: «Аға, мұңаймаңыз. Адалдығыңыз алдыңыздан шықсын, сізге тілекшімін», — дедім. Жақында екеуіміз «Көмбе нанның дәмі» деген спектакльде ойнадық. Ол жерде екеуіміз әріптес әрі ұстаз бен шәкірт ретінде бір-бірімізді қолдадық.

 

Сәуле Абылайдың Гүлшат Тұтовамен болған сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының  №16 нөмірінен оқи аласыздар

.

 

 

 

2 пікір

  1. Аззаматсың! Мықты деген бір актриса Тұқаң туралы тіпті құлаққа кіргісіз пікір айтып, өзінің бар абыройын жоқ еткен есебі болды. Мысалы, өз басыма қатысты тап солай.

  2. ЕР ЖАҚСЫСЫ БІЛІНЕР САСҚАН ЖЕРДЕ,
    ЕТЕКТЕН АЛМАҒАЙЫП БАСҚАН ЖЕРДЕ.
    ЖАМАНҒА ЖАЗАТАЙЫМ ІСІҢ ТҮССЕ,
    ЖАБЫСЫП ҚАЛАДЫ ЕКЕН АСПАН ЖЕРГЕ!

    /АҚАН СЕРІ ҚОРАМСАҰЛЫ, /

Пікір қосу