– Зарина, әңгімемізді балалық шағыңыздан бастасақ…
– Менің ең бақытты шағым – балалық кезім. Өте ерке болдым. Оған себеп те жоқ емес. Анам мені дүниеге әкелмес бұрын бірнеше түсік тастаған екен. Сондықтан менің өмір есігін ашуымды зарыға күтіпті. Перзентханада анамды жеті-сегіз дәрігер қадағалап босандырған. Мен аяқпен келіп, анамның өміріне қауіп төнеді. Не баласы, не анасы деген таңдау жасау болған. Бірақ бір Алланың арқасында, анам көп қиналса да, мен аман қалып, он жыл бойы анамның еркетотайы болып өстім. Әке-шешемнің тұла бойы тұңғышы, ата-әжемнің тентек, бұзығы болдым. Он жылдан кейін өмірге інім Шыңғысхан келді. Еркелігім мен өзімшілдігімді сонда ғана сезіндім. Тіпті мектепте де үнемі көңіл бөлетін, қарақат көзді қыз деп атайтындар болды. Елдің назарынан кенде болмадым. Соған қарамастан анамды інімнен кәдімгідей қызғандым. Анам менің жанымды жаралап алмас үшін інімді маған жетектетіп жіберетін. Ойнатуға да, балабақшаға апару, мектепке жетелеп жүру арқылы үлкендігімді көрсетіп, естиярлығыма жол ашты. Бауырмалдықты сіңірді. Балалық өзімшілдігімді осындай ақылмен жеңдім.

– Ата-әжеңізбен бірге тұрдыңыз ба?
– Иә… Әкем Қостанайдың тумасы. Әке-шешесі ерте қайтыс болған. Мен туған ата-әжемді көре алмадым. Әкем Алматыда оқыды. Анама үйленген соң осы қалада қалып кетеді. Менің нағашы ата-әжемнің қолында өсуіме әкемнің де жұмысының әр қалада болғандығы әсер еткен шығар. Атамның үйі үлкен болатын. Үлкен үйде баладан мен ғана едім. Сондықтан еркелеп өсуіме жағдай толық болды. Мен бала күнімде ақша жоқ, ананы болмайды, мынаны қоя тұр дегенді естімей өскен баламын. Мен ішкені алдында, қалауы қолында болған немеремін. Әжем дүкеннің бастығы болған. Дефициттің бәрі өз қолында. Сондықтан таршылық көрмедім

– Атаңызға жақынсыз ба, әжеңізге ме?
– Атам барда атамның қызы болдым. Менің атам театр және кино әртісі Тынымбек Пірімжанов. Атамды қатты жақсы көрдім. Ол менің асқар тауым болды. Оған деген махаббатым ерекше еді. Мен үйдің ішінде бүкіл ойыншығымды тізіп, қиялымдағы кейіпкерлермен сөйлесіп отырып ойнағанымда атам ылғи бақылап отыратын. Бірақ араласпайтын, килікпейтін. Бала болған соң мұғалім боп ойнасаң, мұғалім сияқты ұрысасың, дәрігер боп отырсаң, дәрігердің сөзіне саласың. Атам содан рақаттанатын. Әртістер баланың ойынынан, баланың ойынан, қылығынан қуат алады деген рас шығар. Менің түрлі қылығыма қарап табиғи шынайылықты көріп мәз болатын…
– Әжеңізге әлі де еркелейсіз бе?
– Иә, әрине. Бір құпия айтайын сізге. Мен бала күнімнен атам мен әжемнің қасында жатып ұйықтайтынмын. Атам қайтқан соң мен тұрмысқа шыққанша, 25 жасыма дейін әжемнің қойнында жаттым. Өмір-бақи ата мен әжемнің, анам мен әкемнің көз алдында өскен баламын. Кейде күйеуім іссапарға кеткенде жалғыз қалуға қорқам. Қызымды құшақтап ұйықтаймын. Жалғыздыққа мүлде үйренбегем.Кәдімгідей қиналамын.
Сұқбаттасқан Шынар Әбілдә

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жыл, №16 (250) санынан қысқартылып алынды)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу