– Ойлардың орманы қалың ғой. Сізді әніңізді көпшілік жанының жұбанышы ретінде қабылдайды, сезім толқыны – сырласы деп қабылдайды. Әнді сізден артық сезінетін әнші жоқ шығар, сірә…

– Менен асқан әншілер болған және болады да. Мен өзімді мықтымын дей алмаймын, тек бағы жанған әншімін деп айта аламын. Мен – кәсіби музыкантпын. Бала күнімнен музыкалық мектепте, одан кейін консерваторияда оқыдым. Әнді шегіне жеткізіп айтатын әншілер бізде бар. Ең бастысы әнді түсініп айту керек. Қанша мықты әнші болсаң да, диапазоны кең әнді бәрібір айта алмайсың. Әр әнші өзінің деңгейіне шақ әнді айтады. Және әр әншінің өзінің жолы бар. Сондықтан өзімнің әлім жететін әндерді ғана айтамын.

Қазір ТВ-дан клипін екі күн көрсетпесе ұмыт болып кететін әншілер бар. Есек пен тұлпар жарыспау керек. Мен кейін не білімі, не таланты жоқ әншісымақтың Роза Рымбаевамен селфи жасап тұрғанын, Мақпал Жүнісовамен бір сахнада тайраңдап жүргенін қаламаймын. Қазір бір таңқаларлығы бәрі концертте, гастрольде жүреді. Оны сұрыптап жатқан ел жоқ, жаны ашып отырғандар аз. Біздің эстрадамыздың бетпердесі дұрысталса екен деп ойлаймын.

Бірде бір Гәккудің концертіне шақыртты. Сахнаға шықсақ артымымызда жалаңаш қыздар билеп жүр. Бұл – МұзАРТ-қа деген қастандық қой. Сол концертте өз әнін не өзі түсінбейтін, не халық түсінбейтін МС Сайлаубек деген шықты. Бүкіл әншілерді соның дәрежесіне түсірді. Қазір шын мәнісінде есек қайсы, тұлпар қайсы, ажырата алмай қалдық. Бәрін бір қазанға сұрыптамастан лақтырып жатыр, лақтырып жатыр. Нәтижесінде дәмсіз сорпа пайда болды.

Өзімізде де намыс жоқ, көрінген жерге бара беретін болдық. Бұл қашан реттеледі? Білмеймін.

– «Әйел адам – оқылмаған кітап» деуші еді. Алайда бүгінде біздің отандық шоу-бизнестегі әпкелеріміз жарыса кітап жазып жатыр өздері жайлы. Сол үрдіске көзқарасыңыз қандай? Кімнің кітабын оқыр едіңіз?

– Өмірімде әйел адамның кітабын оқи алмайтын шығармын. Біреудің жеке өміріне, пыш-пыш айтылған өсектерге араласқым келмейді. Оқысам қыз балалардың ішінде, ақындарды оқыр едім. Бүгінде Динара Сатжан, Баян Есентаевлар қыздарды тәрбиелеп жатыр деуге болады. Біздің қаракөздер солар сияқты болғысы келеді. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Мен  Жалаңаштанып жүруді ұят емес, мода деп санайтындар шықты. Кейбір жерлерде әдеттен кетіп қалып жатыр. Осының бәрі мені қынжылтады. Мен ондай адамдардың кітабын оқымаймын, уақыт өлтіргім келмейді.

Сосын мен мынандай нәрсені түсінбеймін. Біздің өнер адамдарында сондай көп болады. Қырып жүрген адам құсап, (әсіресе орсы тілді әншілерде), халықтың мүддесіне ән айтып, жылына аншлакпен 125 концерт беріп тастаған адам сияқты «наконец-то, заслуженный отдых» деп инстаграмға сурет салады. Не «заслуженный отдых» екенін түсінбеймін.

– Музыкалық арнаны басқару мүмкіндігі сізге берілсе, нені өзгертер едіңіз?    

– Мен сияқты «неудобный» адамдарға ондай мүмкіндік бермейді. Мені ертең ұлтшыл, өзі музыкант бола тұра түсінбейді деген әңгімелер кетеді. Мен неге Гәккуге ренжулімін?.. Басында қазақи болып бастады, әншілерді жарылқап жатыр екен деп бәріміз клипімізді көтеріп бардық. Киіз үй болды. Біз бір-бір шаңырақпыз. Біздің көңіл толмай жатыр. Бәріміз кетіп-кетіп қалсақ, шаңырақ опырылып түседі. О баста арнаның саясаты басқа болған екен. Қазір екіншісін «Той думан» деп ашып алды.

Сұқбаттасқан Марал Сатқанғалиева

Пікір қосу