– Жан, әңгімемізді шығармашылығыңыздан бастасақ «Қазақпыз ғой» тақырыбында бірнеше ән шығардыңыз. Бұл атау бойынша жазылатын рэп сонымен тоқтады ма, әлде әлі жалғаса ма?
– Негізі «Қазақпыз ғой-5»пен тоқтап тұр. Бірақ, әлеуметтік желі және интернет қолданушылары 8-шісі, 9-шысы деп белгілеп жіберіп, халық бұл әннің 8-9 нұсқасы шыққан екен-ау деп ойлап жүр. Енді желідегі әртүрлі парақшаны, қолданушыларды жөнге салу қиын. Сондықтан әр жерде әртүрлі таралып кеткен жайы бар. Бірақ, алдағы уақытта бұндай рэптер жалғасын табады. Өйткені, қоғамда жаңғыртатын, міндетті түрде айтылуы тиіс тақырыптар жетіп артылады. Оларды неге әнге, рэпке арқау етпеске? Қазіргі кезде ойланып жүрген тақырыбым – қазақтың ақшасын жеп, шетелге қашып кететін байлар мен шенеуніктер туралы. Олардың кейбірі тіпті Европада жатып алып, елді басқарғысы, мемлекеттің ішіне лаң салғысы келеді. Сондай пасық ойлы пенделерді арқау етіп, «Қазақпыз ғойдың» келесісін жарыққа шығармақшымын. Ал дәл қазір «Темір қатын» деген ән жаздым. Сөзі өзімдікі. Бұл рэп қоғамдағы өз отбасына, өз күйеуіне адал емес, әркімнің бір қолжаулығына айналған әйелдер туралы. Ұяттан безген қатындардың қылығы — азаматтарымыздың ортасына іріткі салып, қоғамды әбден ластайды. Соған сай елдің де назары соларға ауып кетті. Солардың өмірін қадағалап, ажырасып, қосылған сайын ауыздарынан тастамай айтып отырады. Ондай әйелердің өмір салты елге, халыққа, кейінгі ұрпаққа үлгі болмауы тиіс. Көпшілігі айтып жатады, бұл жерде Баян Есентаева меңзелген деп. Шын мәнінде олай емес. Бұл жерден әркім өзіне таныс адамды, өзіне таныс образды көре алады. Өйткені, бұл қазіргі қоғамда бар нәрсе. Және сәт санап дендеп күшейіп бара жатыр.
– Дәл бұлай ренжігеніңізге қарағанда әйелдер тақырыбын мұнымен доғармайтын секілдісіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Тағы бір туындыны дайындап жатырмын. Бейнебаянымен бірге шығады. Рэп «Қыз емессің» деп аталады. Бұл да қоғамда бар дерт. Әрине, жалғыз бізде ғана емес, басқа елдерде де кездеседі. Бірақ, дәл осы мәселе қазақ қоғамындағы өте жіңішке тақырып екені даусыз. Қазақ бұрыннан қыздың арын, абыройын құрметтеген, қастерлеген. Қыз да әке-шешесіне, жұртына кір келтірмеу үшін барған жерінің босағасын адал аттауға тырысқан. Ал қазір осы бір аяулы рухани құндылық толықтай болмаса да, біршама дерлік азғындауға ұшырап кетті. Қыздар үшін қыз болмай қалу ұят болудан да қалып барады. Азаматтық неке деген дүние шықты. Шет елдің жағажайларында жап-жалаңаш демалып, төсін көрсетіп суретке түсіп, оны инстаграмға салып жүрген қыздар, Рамазан айы келгелі оранып, етегін ұзартып шыға келеді. Қазақ қыздарының осыншама көзбояушылыққа салынуы зығырданыңды қайнатады. Анығында «кімді түзеп боласың, өзіне жақсы болса жүре берсін» деп бұл туралы айтпауғада болар еді. Бірақ, дәл бұл мәселені де біреу көтеру керек ғой. Сондықтан «Қыз емессің» деген тақырып қойып, осы бір рэпті жазып жатырмыз. Қыздар азған соң, оларға деген көзқараста азғындайды. Жігіттер де қыздарға өз әпкесі, өз қарындастарындай емес, пайдаланып қалатын мүмкіндік ретінде қарайды. Бұл қорқынышты құбылыс. Мұның енді бейнебаяны да ауыр болайын деп тұр. Себебі клипте қыз өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне дейін барады. Бұл жерде сен қыз емессің бе демек өлу керексің деген мағына жатқан жоқ. Мен үшін қыздың абыройынан айырылуы өліммен тең. Осыны жеткізгім келеді.
Сұхбатты да жасқанбай беріп отырсыз, рэпте де солай турашылсыз. Айтқыным үшін опық жеп қалам-ау деп қорықпайсыз ба?
– Онсыз да осыған дейін талай таяқты жедік ғой. Шын мәнінде қорқатын түгі де жоқ. Өзімнің елімде, қаламда жүрмін, мен кімнен қорқу керекпін. Адамды өлтіргісі келсе өз үйіңе келіп те, тамағыңа у беріп те өлтіре салады. Сондықтан әу баста алға мақсат қойғаннан кейін, жарты жолға жеткенде тайқып кетуге болмайды деп ойлаймын. Өмірде де өзіммен өзім, қарапайым жүре беремін. Ешқашан басқа жігіттердің, күзеттің көмегіне жүгініп көрмеппін. Мен айтсам, шындықты айттым. Шымбайға батырып жеткіздім, демек мақсатым белгілі бір деңгейде орындалып жатыр деген сөз.
– Сіздің о баста журналистика факультетін бітіргеніңізді білеміз. Бір жылдары есіңізде болар бірге жұмыс та атқардық. Диплом алып шыққан салаңызға қайта бару ойда бар ма?
– Әрине, мен журналистиканы жақсы көремін. Алдағы уақытта да толыққанды сол салаға келемін және қазірдің өзін де біртіндеп жобаларға араласып жатырмын. Енді өзіңіз білесіз, журфакқа түскен кез-келген студент диктор болуды, телеарнаға шығуды армандайды. Менде солай арман еттім. Бірақ, түрің келмейді деді, тіліңде аздап мүкіс бар екен деді, әйтеуір, телеарнада жарқ етудің сәті түскен жоқ. Сосын, енді күн көру керек, жұмыс істеу керек ғой, сөйтіп жүріп рэпер болып шыға келдік. (күлді) Негізінде бұл саладағы жұмысым Ash Kazak Pro деген топқа жетекшілік етуден басталды. Олар рэп айтуды білгенмен, сөз жазуды онша меңгермеген еді. Мен солардың мәтіндеріне редакторлық етіп жүрдім. Сол кезде бұл саланың қыр-сырымен, қызығы мен қиындығымен танысып қалдым. Бір күні студияда отырған кезде келіншегім «өзіңде айтып көрсеңші» деп ой алды. Бұл ұсыныс менің де қызығушылығымды оятып, бастап айтып көрдім. сөйтіп әрі қарай дамытып алып кеттім. Қазір КТК арнасында шоу-бизнес тақырыбына қатысты жобалар жасаймын. Одан бөлек Youtube желісінде тарайтын жеке бағдарламам бар. Ол жерде танымал тұлғаларды шақырып сұхбаттасамын. Бір қызығы, осы бірбеткей мінезімді журналистикада жүрсем де қоя алмадым. Бізде әншілер сұхбат беру кезінде өздерін асқақ ұстап, «жұлдыз» болып тұрады. Алдында микрофон ұсынып, оны халыққа танытуға жұмыс жасап жатқан журналистке мұрындарын шүйіріп қарайды. Мен ондай мінез байқасам микрофонымды аламын да, ештеңе деместен кетіп қаламын. Түсіріп тұрған таспагердің өзі кейде түк түсінбей қалады.
– Журналистикадағы азды-көпті тәжірибеңізді қазір енді «қара пиар» тұрғысынан қолданып әншілерге көмек беріп жүр екенсіз. Бұл қызметіңіз үшін ақы аласыз ба?
– Әрине, ақы аламын. Маған әншілер көп хабарласады: «Жәке, осылай да осылай, бір пиар жасау керек еді. Кездесіп сөйлесіп, ойлассақ» дейді. Мен «әрине, осындай жерде кезігейік, қалтаңа 150 мың теңге салып келе сал» деймін, болды. Мен келген әншіге идеяны толық, нақты түсіндіріп, қалай түсірілетініне дейін баяндап беремін. Оны халық бастапқыда өтірік деп ойламайтындай, барынша шынайы түсіруге тырысамын.
– Көрген кезде халық біраз шулаған, «қара пиарлардың» қайсының авторы сізсіз?
– Басым бөлігінің авторы менмін. Өйткені, бізде әншілер өздігінен «қара пиарды» сәтті, нанымды етіп жасай алмайды. Мұның ұялатын, бет-моншағы үзілетін ештеңесі де жоқ. Бұл Батыста, Ресейде әлдеқашан қалыптасып, бір ізге түсіп кеткен дүние. Тек біздің қазақи менталитетіміз бұл нәрсеге үрке қарайды жатады. Бірақ, шоу-бизнесте жүргеннен кейін әнші үнемі адал, пәк, мейірімді, түзу жүретін адам болып көрінсе, ол халық үшін қызықсыз адамға айналып кетеді. Ол қандай да бір интрига арқылы қоғамды өзінен алшақтатпай ұстап тұруы тиіс. Сұхбат барысында барлығының атын атап, абыройларын төккендей болмайын. Дегенменде бірқатарын атай аламын. Мәселен, Асхат Тарғын бір жолы «қара пиар» жасау керек еді деп хабарласты. Сосын мен оған «дәл қазір асаба Айбек Қоңырбай деген жігітке де жарнама керек болып жүр еді, екеуіңді қоса қояйын» дедім. Сценарий бойынша, Айбек той жүргізіп жатады, Ал Асхат тойға әнші ретінде келеді. Оның тапсырысы көп, уақыты аз сондықтан әнді тезірек айтқысы келеді. Бірақ, асаба оған мүмкіндік бермей қояды. Осы кезде екеуінің арасында дау туып, соңы төбелеске ұласып кетеді. Мұны біз бір мейрамханаға апардық та, тапа тал түсте түсірдік. Қазір мұндай ақпарат жылт етсе болды, біздің сайттар мен ақпарат құралдары талап алып кетіп, жариялайды. Сол себепті «қара пиардың» өтімділіге де артады.
Әңгімелескен Абай Аймағамбетов
Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2017 жыл, №14 (248) санынан қысқартылып алынды)
Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!