– Осыдан бір жыл бұрын «Арманым – иманды, әдепті бір қазақ қызының қорғаны болу» деген едіңіз. Қорғаныңыз берік пе?
– Аллаға шүкір, қорғанымның іргетасы берік қаланған. Келіншегім Ләйлә өзіммен бір салада, театрда қызмет етеді. Негізі, жарымның басқа саладан болғанын қалайтынмын. Бірақ Алла тағала бізбен өзінің жоспарларын бөліспейді ғой (күліп). Қазір отбасын құру, жарыңды аялау, оған қорған болу бойдақтықтан әлдеқайда керемет дүние екенін сезіндім. Енді өзімді әке болуға дайындап жүрмін. Бұл қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Ләйләға деген сезіміңіз театрдан бастау алды ма?
– Иә. Жаныммен сүйетін театр маған тек атақ-даңқ, абырой ғана берген жоқ. Сонымен бірге өмірлік махаббатым болар жанды да кездестіруіме себепші болды. Ләйләні алғаш театрдан көрдім. Бізде «Ромео-Джульеттаның» репетициясы жүріп жатқан. Театрға жаңадан Ромеолар мен Джульетталар келіп, актерлер құрамы өзгеріп жатқан кез болатын. Бізге Ләйлә құрбысы Мадинамен келді. Шынымды айтайын, ол кезде қатты мән беріп, назар аудармадым. Ләйлә 1-2 апта өткен соң бұрыннан жұмыс істеп жүрген актерлік құраммен етене араласа бастады. Міне, сол кезде мені өзіне ғашық етті. Өйткені оның тәтті қылығы, күлкісі, тазалығы, шынайылығы, әлі дақ түспеген пәк көңілі жанымды баурап алды… Өзі туралы айтып жатқан жылы сөзіме келіншегімнің жүзі бал-бұл жанып, қасымда мәз болып отыр ғой, қараңызшы (Ләйлә жолдасына риза кейіппен жымиып бір қарады).
– Осыдан екі жыл бұрынғы сұхбатыңызда «Тоғыз жыл жүрегімде аялаған сезім иесіне батылдық танытып, сөз айта алмадым» деп едіңіз. Ал Ләйләнің көңілін қалай ауладыңыз?
– Бір жолы Ләйләмен театр дәлізінде кездесіп қалдым. «Кешке қолың бос болса, кино көріп қайтайық» деп кинотеатрға шақырдым. Қыздың өзі де кетәрі емес екен, келісе кетті (күліп). Киноға бардық, одан әрі қарай бәрі өз ағысымен кетті ғой. Тәптіштеп жатпай-ақ қояйын.
– Тойларыңыз қайда өтті?
– Тойды өзім туып-өскен жерім Қарасазда және Алматы қаласында жасадық. Қарасаз – әке-шешем сауық-сайран құрған жер, талайдың тойына барған жер. Мен де ол жақтан түбегейлі көшіп кеткен жоқпын, жиі барып сағынышымды, мауқымды басып тұрамын. Қарасаздың алдында бас имей кету менің тарапымнан әділетсіз болар еді. Сондықтан беташарды ауылда жасау менің перзенттік парызым болды. Ал Алматы армандарыма арқау болған, жанашыр достар тапқан мекенім болғандықтан, үйлену тойын осында жасадық.
– Ләйлә – небәрі жиырмадағы бойжеткен, ата-анасы басқосуларыңызға қарсылық білдірмеді ме?
– «Қызымыз әлі жас қой» деп ата-анасы алғашында рұқсат бермеді. Соңынан өздері келісіп, ақ баталарын берді. Әкесі келіп, молданың алдында некемізді қиды.
– Бала кезден болашақ жардың бейнесі санада сәулеленетіні белгілі. Өмір бойы іздеген адамыңыздан қателескен жоқсыз ба? Іздегеніңіз осы Ләйлә ма?
– Иә, таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Жан дүнием, жүрегім қалаған, өзім армандаған аруымды жолықтырдым. Ол, өзіңіз көргендей, міне, қасымда отыр.
– Актриса Ләйлә Дайыровтар әулетінде қандай келін? Ата-анаңызбен бір шаңырақ астында тұрасыздар ма?
– Әзірге бөлек тұрамыз. Шаңырағымызды кеңейтіп, үлкендеу үй сатып алсақ деген ниетіміз бар. Ниетімізге жетсек, ата-анаммен бірге бір шаңырақ астында тұрсақ, сол кезде Ләйләнің келіндік міндетін адал атқаратынына сенімім мол. Жалпы, ата-анам оған келіні емес, кенже қыздарындай қарайды. Сондықтан бұл қыз әлі тұрмыстың ауыр шаруасын көре қойған жоқ (күліп). Шаңырағымды кеңейтіп алсам, міндетті түрде қоныс тойын жасаймын. Сол кезде «Жұлдыздар отбасы» журналының ұжымын да шақырамын, бұйыртса.
– Келіншегіңізге жиі-жиі сыйлықтар жасап тұрасыз ба?
– Мен бойдақ кезімде, 27 жасқа дейін еркелеп жүрдім. Енді өзім аяулы жарымды еркелетіп жүрмін. 15 желтоқсан – махаббат хикаямыздың басталған күні, сондай отбасылық мерекеде, туған күнінде сыйлық беріп тұрамын.
Тойымыздың ертеңіне Ләйләнің туған күні еді. Сол күні тосын сый жасап, Ләйләнің ақша жүзін тортпен жуғаным бар. Қыз балалар – өздеріңіз сыйлықты жақсы көресіздер ғой. Күйкі тірліктің соңынан жүре бермей, бір уақ романтика, сезім дегенді де ұмытпаған жөн.
– Шығармашылық адамдары әсершіл, сезімтал келеді. Арагідік өзге бір қыздарға көз тастап қоймайсыз ба?
– Айнұржан-ау, мұндай сұрақ қояр кезде алдын ала айтпадың ба? Дайындалып алып, Ләйләсіз оңаша жауап берер едім ғой (күліп).
– Ендеше, Ләйлә, құлағыңызды жаба қойыңыз…
– Шынымды айтайын, сіздердің оқырмандарыңыздың алдында құпиялап отырғаным жоқ. Иә, айналада көрікті қыздар көп. Бірақ сұлуларды көрсем, сұқтанып қарамай, көзімді тез алып қашамын. Бұл жерде әйелімнен қорқып отырғаным жоқ. Қолдан келгенше мойныма күнә жүктегім келмейді. Шариғат жағынан келгенде де, адами тұрғыдан да өзімді-өзім тыюға тырысамын. Тағы да қайталайын, адамға қашанда сабыр керек. Ең алдымен адам өз нәпсісімен күресе білуі керек. Мен үшін отбасым – ең қымбат дүнием. Сондықтан жылы ұямның берекесін сақтап, құтты шаңырақ болуына атсалысамын.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№1 (115) 2012 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Ай-нұры ЕРМАХАНОВА
Бақытты ғұмыр тілеймін! Келіншегі сұлу екен, тіл көзден аман болсын
Талантты актер