Еліміз азаттық алғанына ширек ғасыр толды. Тәуелсіздікке 25 жыл деп жүріп өткен жолымызды қал-қадірімізге саралап көріп жатырмыз. Саясат, экономика, спорт, мәдениет саласындағы жетістіктеріміз бен кемшін тұстарымызды да айтқандай болдық. 25 жыл тарих үшін аз уақыт болғанымен, азаттыққа қолы әрең жеткен қазақтай кішкентай ұлтқа қысқа меже емес сияқты. Мемлекеттің күшейе түсуі үшін, азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін саяси аренада балама күштердің болуы заңдылық. Мысалды алыстан іздемейік, 2013 жылы іргедегі Қырғыз Республикасының төртінші президенті Алмазбек Атамбаев: «Қырғызстанға оппозиция керек. Күшті оппозиция керек. Барлық билікті бір партияның қолына ұстатуға жол бермеу керек!» деген сөзді айтып еді. Бұл – декоративті емес, шын мағынасындағы демократияға ұмтылған ел басшысының сөзі. Компартияның үстемдігі құлап, қазақта өзге елдердей ашық қоғамға ұмтылып бақты. Тәуелсіз Қазақстан тарихында төл оппозициямыздың да жүріп өткен өз жолы бар. «Оппозиция қоғамға не берді?» деген сауал төңірегінде саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбаймен сұхбат құрған едік.

Қазақстанда барлық оппозициялық партиялардың ғұмыры қысқа болды

– Мұхтар мырза, әңгімемізді тәуелсіздіктің қарсаңында саяси өмірге араласқан «Азат» қозғалысынан бастасақ. Осы бір ұйымның саяси аренадағы қандай атқарған шаруалары сіздің есіңізде?

– «Азат» қозғалысын Қазақстанның тәуелсіздік алуына үлес қосқан ұйым деп айтуға болады. Себебі, олар саяси күресті тәуелсіздіктен бұрын бастады. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында олар сол кездегі жылымықты сезініп, коммунистік жүйеге қарсы батыл пікірлер айтты. Олардың ұсыныстарының көпшілігі тәуелсіздік мұратына байланысты болды. Тәуелсіздікті алу, мемлекеттің нышандары, шекараны бекіту, ұлттық құндылықтар мәселесі – олардың басты тақырыбы еді. Бір сөзбен айтқанда, «Азат» – тәуелсіздікті алуды жеделдеткен қозғалыс. Олардың көптеген ұрандары кейін мемлекеттік идеологияға айналды. «Азат» қозғалысының басшылары ол кезде арман болған тәуелсіздік мұраттарын ашық сөз етті, басқа одақтас республикалардан қалып қоймауға, тәуелсіздік алуға шақырды. Олардың бір ерекшелігі – сол кездегі саяси билікті коммунистік үкіметпен біте қайнасқан деп қарастырып, жаңа ұлттық элитаның билікке келуін сұрады. Ал билік керісінше, «Азат» қозғалысының және басқа да ұйымдардың ұрандарын, идеяларын өз мақсаттарына пайдаланып, ескі жабыны сыпырып, «Біз коммунистік билік емеспіз, біз жаңа ұлттық элита өкілдеріміз» деп сендіруге тырысты. Сол кездегі қоғамның рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруда билік ұлттық бағыттағы қозғалыстардың идеяларын пайдаланды. Менің ойымша, «Азат» қозғалысы өз миссиясын орындап, тарих қойнауына кетті. Оның құрылуының өз заңдылықтары болса, тарап кетуінің де табиғи заңдылықтары болды. Біріншіден, «Азат» стратегиядан гөрі тактикалық мақсаттарды орындайтын, қысқа мерзімдік саяси жоба болды. Партия төрағасы М.Есенәлиевтің: «Біздің мақсатымыз орындалды, бұл қозғалысты енді трансформация­лау керек немесе жұмысын тоқтату керек», – дегенге саятын пікірі есімде. Екіншіден, бұл партия құру дәстүрі қалыптаспаған, балаң демократия кезеңі болатын. Партиялық саясат туралы халықтың да дұрыс ұғым-түсінігі жоқ еді. М.Есенәлиев, Б.Дәрімбет, Х.Қожа-Ахмет сынды саяси тұлғалар басқарған партияның үлкен саяси күшке айналарлықтай адами, материалдық ресурстары да, жоба-жоспары да болмады. Қозғалыстың «Тәуелсіздік алдық, ары қарай не істейміз?» деген сұраққа нақты жауабы болған жоқ. Барлық бастаманың тізгіні биліктің қолында кетті. Ол кезде билік «қазақ ұлтының өкіметі» саналатын. Яғни, президентке халықтың сенімі күшті болғандықтан, оның саясатына қарсы пікірдегі партияларды «бүлікшіл» деп жақтырмайтындардың қарасы көп болды.
«Азат» қозғалысының ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихындағы барлық оппозициялық күштердің қанат жая алмауының ең басты себебі – елімізде саяси мәдениеттің толық дамымауы.

– Енді 1991 жылы құрылған «Қазақстан халық конгресі» партиясын еске алсақ. Оған танымал қос ақын – Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов төрағалық етті. Қайраткер ақындарға елдің сенім артқаны белгілі. Бірі Семейдегі полигонын, енді бірі «Желтоқсан оқиғасына» қатысты қоғамдық жұмыстарымен халықтың ықыласына бөленген болатын. Президент Н.Назарбаев 1995 жылы Референдум өткізуді сөз етіп, өкілеттілігін ұзартуды қолға алғанда О.Омарұлының сынағанын да білеміз. Неге партияның ғұмыры қысқа болды?

– Қазақстанда барлық оппозициялық партиялардың ғұмыры қысқа болды. Оның көп факторы бар. Ең бастысы, бізде саяси мәдениет жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл өтсе де саяси мәдениет әлі қалыптаспады. Партия құру, оны қолдау, партияға кіру, оның съездеріне қатысу, өз ойыңды айту, оны билікке жеткізу – саяси мәдениеттің маңызды бөлігі екенін түсіне қоймадық. Ал 90-жылдардың басында саяси мәдениет тіптен болған жоқ. Совет үкіметі құлаған кез, партия десе елдің көзіне коммунистік партия елестейтін. «Қазақстан халық конгресі» партиясы – осындай өліара кезде туған саяси ұйым. Алайда, ол төменнен емес, жоғарыдан құрылды. Өте беделді екі ақын жоғарыдан халықты бір жерге шоғырландырсақ деп партия құрды. Саяси аренада, идеологияда орнаған бос кеңістіктің орнын толтыру керек болды. Қазаққа осы екі тұлға ұнайды деп осы саяси ұйым құрылды. Бұл екі ақын партиялық басшылыққа келуге лайықты да еді.

Олардың атақ-даңқы президенттен де артық болған кездер болды. Өзіңіз айтқандай, Олжас Омарұлы «Невада-Семей» қозғалысының басында болса, М.Шаханов «Желтоқсан оқиғасының» шындығын қазбалап жатқан. Бұл партияның ғұмырының қысқа болуының тағы бір себебі – «Қазақстан халық конгресінің» не үшін құрылғаны халыққа түсінікті болған жоқ. Ел-жұрт оны коммунистік партияның жалғасы деп түсінді. Қазір жұртқа саяси жобаларды түсіндіру оңайырақ, себебі ақпаратты жеткізудің түрлі формалары бар. «Қазақстан халық конгресі» партиясының тарауына ең алдымен билік себепкер болды. Қос ақын басқарған партия билікке ауыр-ауыр сын айта бастады. Содан кейін билік «Қазақстан халық конгресі» партиясын өз қолына алды.

– Қос ақын партияны елшілік қызметке айырбастады деуге бола ма?

– Партия жетекшілеріне ондай айып тағуға болмайды деп ойлаймын. Бірақ ол жерде тағы бір фактор болды. Жеке адамдардың өміріне, ұстанымына түрлі механизмдер арқылы ықпал ету факторы. Ол қазір де бар. Бұл әдіс сол кезде бірінші рет пайдаланылды. Кейін мұның әртүрлі варианттары пайда болды. Қызмет беру, елшілікке жіберу, қорқыту, бопсалау деген сияқты. Ардақты ақындар осындай әдістердің құрбаны болды десе болады. Ол кісілерді «партияны орта жолда тастап кетті» деп кінәлау орынсыз. Себебі, ол – саяси жүйе қалыптаспаған, саяси мәдениет мүлде жоқ, алмағайып кезең. Халық тек тұлғалардың артынан ереді. Бірақ ол партияның мақсатын жете түсінбейді. Ол кезде Қазақстанның билігі «Азат» қозғалысы көтеріп жүрген ұлтшылдық ұстанымдарды көбірек жақтайтын. Естеріңізде болса, 1993 жылғы Конституция демократиялық билік тұрғысынан да, ұлттық бірегейлік тұрғысынан да мазмұнды Конституция болатын. Ол кезде парламент те тегеурінді болды, оның құрамында салмақты, айбынды депутаттар болды. Билік тармақтары бірін-бірі қадағалау функциялары жақсы жұмыс істеп тұрған. Сондай кездерде бұл партия билікпен бәсекелесе алмады. Биліктің өзі сол кезде басты қозғаушы күш болды. Барлық идеялардың, реформалардың басында жүрді. Қазақстанда демократияның ең дәуірлеген кезі де сол кез болатын. Оның үстіне, бұл партияның қаржылық ресурстары да болған жоқ.
Саяси мәдениет деген – халықтың тарихтан бері келе жатқан үрдістері мен дәстүрлері. Бізде түрлі идеологияларды қолдап, саяси билікке ықпал ету, сайлану дәстүрі, өкінішке қарай, болған жоқ. Бұл – батыстан келген дүние. «Партия болды да, ел іші бүлінді» деген Абайдың сөзі бар. Яғни, біздің санамызда «партия елді бүлдіріп, араға жік салады» деген түсінік орнығып қалған. Бұл – біздің бір ханға бағынған патриархалдық қоғамның, одан соң партияны бүлдіргі етіп көрсеткен советтік идеологияның сарқыншағы. Бұл мәдениетті біртіндеп өзгертіп, өркениетті қоғамдағыдай түрлі партиялардың, идеялардың бәсекесіне жол ашу керек.

Экс-премьердің президенттік орынға таласуы – демократиялық қоғамдағы қалыпты құбылыс

– Оппозициялық Республикалық Халық партиясының жабылуын көбіне оны құрған экс-премьер-министр Ә.Қажыгелдиннің қудалауымен байланыстырады. Бұл саяси ұйымның құлдырауының себебі идеяға емес, бір тұлғаның маңайына топтасуынан да шығар?

– Бұл партия 1998 жылы бір адамға бола құрылды деуге де болады. Қажыгелдиннің ол кезде үлкен амбициясы болды. Ол орынды амбиция еді. Сол кездегі саяси өмірде демократиялық бәсеке нышандары байқалған. Бұрынғы үкімет басшысының президенттік орынға таласуы – демократиялық қоғамдағы қалыпты құбылыс. Сол кездегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды, Қажыгелдинді қолдаушы наразы электораттың санын ескерсек, оның билікке келуге біршама мүмкіндігі бар еді. Яғни, бұл президенттік билікке төнген алғашқы қауіп болды. Қазақстан Республикалық Халық партиясы Ә.Қажыгелдиннің саяси мақсаттары үшін құрылды десек те, олар либерал-демократиялық бағытты ұстанды. Бірақ ұлттық құндылықтарға аса көп мән бермеді. Партияға орыстілділер, басқа ұлт өкілдері, космополит адамдар көбірек жиналды. Әрине, арасында шын демократияны, әлеуметтік әділдікті, әділ сайлауды аңсап жүрген қазақтар да көп болды. Қалай десек те, ҚРХП – Қазақстандағы демократияның даму заңдылықтарына, сол кездегі қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін партия еді.
Бұл партияның тағдырына да биліктің ықпалы, ондағы басшылардың басындағы адами факторлар әсер етті.


Менің білуімше, олар алғашқы құрылтайын Мәскеуде өткізді, себебі, Қазақстанда ұйымдасуға мүмкіндіктері болған жоқ. Алайда, Қажыгелдинді әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша сайлауға қатыстырмады. Бір адамға бола құрылса да бұл саяси ұйымның потенциалы өте күшті болған. Елдегі саяси жағдай басқаша болғанда, партия ары қарай өмір сүре бергенде, олар халықтың біршама бөлігін маңайына топтас­тыра алатын еді. Қажыгелдиннің сайлауға түсуіне мүмкіндік берілгенде жағдай мүлдем басқаша болар еді. Әрине, оның сайлауда жеңе қоюы екіталай. Алайда, ҚРХП елдегі саяси мәдениеттің, азаматтық қоғамның дамуы­на, партиялық мектептің қалыптасуына үлес қосары анық-тұғын. Олардың бағдарламасын халыққа жеткізуге мүмкіндіктер жасалса, халықтың саяси сауаты арта түсер еді. Бұл партия кейін парламент сайлауына түсті. Сол кез менің есімде, саясатқа енді-енді қызығып жүрген жас кезім. Идеяға адалдық, саяси күрес жолындағы табандылық қаншалық маңызды екенін сол кезде түсінгенмін. Партиялық тізімде Ә.Қажыгелдин бірінші тұрған. Оған сайлауға түсуге рұқсат берілмеді. Сайлау жақындағанда тізімде тұрған кандидаттар партиядан бір-бірлеп кете бастады. Бірінші, құқық қорғаушы Виталий Воронов, оның соңынан партияның Алматы филиалының басшысы Лира Байсейітова кетті. Саяси науқандардың қарсаңындағы партияның өз ішіндегі дау-дамайлар онсыз да партия атаулыға сене бермейтін халықтың сеніміне селкеу түсірді. Әсіресе оппозициялық партия­ларды демократияның қозғаушы күші деп үміттенетін жастардың көңілі қалды. Партияларды ыдыратудың лас технологиясының бір мақсаты да сол – халықты жирендіру болса керек. Мұндай технологияны ұйымдастырғандар белгілі бір деңгейде мақсаттарына жетті. Бірақ бұдан тек халық қана ұтылды. Бұл халықтың саясатқа, сайлауға, партиялық жүйеге деген сенімін азайтты, ел ішінде жаппай абсентизмге жол салды. Мұндай қитұрқы әрекеттер биліктің қысымы болмағанда, Қажыгелдиннің партия­сы өз электораты, өз идеологиясы бар бір күшке айналар ма еді? Қазақ ұлтының мұң-мұқтажына онша көңіл бөлмеді дегенімен, олар жалпы Қазақстан халқына орталық әлеуметтік-саяси мәселелерді көтерді, олардың құрамында жақсы мамандар да болды. Қажыгелдин тіпті өзінің «Время выбора» деген кітабын да шығарып үлгерді. Ол кітапты да, Қажыгелдиннің газеттерін таратуға да кедергілер жасалды. Мұның барлығы Қазақстанда демократияның қалыптасуын кешеуілдетті.

– С.Әбділдин басқарған Қазақстан Коммунистік партиясының жабылуын көп адамдар биліктің қысымымен байланыстырады. Бір жағынан қызылдардың уақыты да өткен сияқты.

– Қазақстан Коммунистік партиясы формалды себеппен – соттың шешімімен жабылды. Қаржылық, адами ресурстарының шектеулі болғанына қарамастан, бұл партияның өмір сүре беруге қақысы бар еді, себебі оларды қолдайтын, коммунистік идеяны жақтайтын электорат бар. Коммунистік идея әлемде өте кең тараған идея болмағанымен, оны ғылыми тұрғыда да, басқа тұрғыда да қолдайтындар бар. Ол туралы жазылған том-том кітаптар бар. Біз құрамыз деп отырған демократиялық қоғамның өзі идеологиялық плюрализмге негізделген, яғни, бұл бағытты қолдайтын халық болса, оның өмір сүруге қақысы бар. «Коммунистік идеяны қолдайтын халық бар» деуімнің бір себебі – бізде Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы бар. Бұл – парламентте өкілдері бар азын-аулақ партияның бірі ғана. Яғни, билік коммунистік идеологияны өз мақсатына әлі де пайдаланып, халықтың белгілі бір бөлігін сол идеологиямен елітіп отыр. Бұл аз дегенде баламалылықтың, плюрализмнің иллюзиясын көрсету үшін қолданылып отыр.Серікболсын Әбділдин бастаған Қазақстанның Коммунистік партиясы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ұзақ жасаған, ең принципшіл, ең конструктивті және тегеурінді партия болды. Бұл партия президент, парламент сайлауларына үнемі дерлік қатысып, үн қосып отырды. Кей кездері қаржылық, адами ресурстары шектеулі болса да, олар ақшасы көп оппозициялық партиялардан да үлкен жетістіктерге жетті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы кей сайлауларда бұл партия бүкіл наразы электораттың үмітін арқалаған жалғыз күш болды. Мәселен, 1998 жылғы президент сайлауына Қажыгелдин қатыса алмай қалды да, билікке наразы жұрт дауыстарын Әбділдинге берді. Сол кездегі мәлімдемелеріне қарасақ, Компартияның бейресми болжамдары бойынша Әбділдин кей өңірлерде 40 пайызға дейін дауыс жинаған. Тіпті ресми нәтижелердің өзінде Әбділдин Алматы қаласында, Батыс өңірлерінде біршама көп дауыс алған. Одан кейін оппозицияның мұндай дауыс алуы қиял ғана болып қалды. Компартияның жабылуының екінші бір себебі – тағы сол саяси мәдениетке барып тіреледі. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы бір сөзінде: «Бізде наразылық шеру жолмен билікті ауыстыру мүмкін емес. Алаңға ары кеткенде 100 адам шығарасың, олардың 10-15-і өзіңнің жақындарың болады, қалғандарын ақша беріп сатып аласың», – деп қалжыңдаған еді. Яғни, жай өмірде билікке наразылық білдіріп, сайлауда оппозицияны қолдап дауыс беріп жүргендер өз партияларына қолдау көрсете алмайды. Белсенді саясатқа араласып, партияға кіріп, жарна төлеп, идея үшін күресу дәстүрі қалыптаспаған. Компартияның жабылуына да, жалпы оппозицияда болған саяси қайраткерлердің күресті тастап кетуіне де көбіне осы себеп болды деп ойлаймын.

– Бізде коммунистік партияның болуы, олардың парламентте отыруы Қазақстан билігінің Ресейге жалтақтауынан емес пе?

– Коммунистік идеяның постсоветтік кеңістікте әлі де беделі бар екені рас, бірақ Ресейге жалтақтау мен Компартияның арасында қисынды байланыс көріп тұрған жоқпын.

– 2001 жылы ҚДТ (ДВК) өмірге келді. Оның құрамында облысты, министрлікті басқарып отырған саясаткерлер болды. Демократиялық күштердің басы бірікті. Оларда қаражат та болды. Енді Қазақстан демократиялық нақты қадамдар жасайды деген үміттің болғаны да жасырын емес. Жас түркілердің саяси күрестегі сәтсіздігі неде?

– «Жас түркілердің» заманы күрделі болды. Бұл кезде билік саяси күштерді бейтараптандырудың технологияларын жақсырақ меңгеріп алған. Оппозицияны сырттан ыдырату факторы өте күшті рөл ойнады.
Демократиялық оппозицияның екінші толқыны президенттің сол кездегі сенімді өкілдерінің бірі – Рахат Әлиевке қарсы топтасып, жұмылды. Биліктегісі бар, оппозициядағысы бар, озық ойлы азаматтар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрды. ҚДТ-дан кейін көп ұзамай «Ақ жол» партиясы өмірге келді, сосын бұл қозғалыстағылардың біразы «Ақ жолға» өтті. Бұлардың жартысы радикалды ұстанымда қалды, жартысы конструктивті позицияны ұстанды. Бұл қозғалыста әртүрлі көзқарастағы әркелкі саясаткерлер бас қосты. Коммунистер де, нарықшылдар да, ұлтшылдар да болды. Бұлардың мақсаты – президенттің қасындағы тым еркінсіп кеткен адамдарды бейтараптандыру еді. Саяси жүйені демократиялық бағытқа бұруды көздеген тактикалық мақсаттары болды. ҚДТ құрылғанда «біз үлкен саяси партия боламыз» деген жоқ. Партия болу үшін ортақ бір идеология болуы тиіс еді. Олардың кейбірі бизнестерін қорғауға қарекет етті десек, артық емес. Бизнесті қорғау, нарықтық шарттарды жақсарту, кейбір жекешеленіп жатқан компанияларды жекешелендірмеу сияқты талап-тілектері болды. Жеке мүдделер мен мемлекеттік мүдделерде араласып кетті. Оларда ұзақ уақыт бірге боламыз деген серттесу де болған емес. Ойлаған біраз ойларына жетті деуге де болатын сияқты.
ҚДТ автократиялық саяси жүйенің элементтері орнығып жатқан Қазақстанда халықтың көзін ашып, серпін берген ерекше қозғалыс болды. Онда жоғары лауазымды билік органдарында, үкіметте, ұлттық банк­те басшылық қызметте отырғандар, әкімдер, оппозициялық партия басшылары бірлесе бас қосты. Бұл да Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған (және бұдан кейін қайталанбаған) ерекше оқиға еді.

– Бір сөзіңізде КДТ-дан кейін «Ақ жол» пайда болды дедіңіз. Сонда «Ақ жол» ҚДТ-ны ыдырату мақсатында құрылды ма? Бұл партияны қолдайтынын президент те сол кезде айтып қалған еді ғой.

– Мен олай ойламаймын. «Ақ жол» партиясында салмақты, салиқалы саясаткерлер болды. Олар қозғалысты ыдыратқысы келмеді. Радикалды емес, конструктивті жолды таңдады. Негізі бар, іргетасы қаланған, электораты бар саяси партияға айналды. Бұлар ағартушылық жұмысты қолға алды. «Ақ жол» партиясы үкіметті өздерімен санасуға мәжбүр еткен тегеурінді күш болды.

– Осы саяси ұйымның жұмысымен жақын таныс болдыңыз. А.Сәрсенбайұлы басқарған «Ақ жол» мен А. Перуашев басшылыққа келген «Ақ жолдың» жүріп өткен жолына қандай баға берер едіңіз?

– Әу бастағы тең төрағалар басқарған «Ақ жол» – Қазақстанның демократиялық тарихындағы либерал-демократия құндылықтарын ұлтшылдықпен, прагматизммен ұштастыра білген, білікті мамандар шынайы идея үшін топтасқан саяси күш болды. Олар тіпті сайлауда үлкен көрсеткішке жетіп, «Отан» партиясынан кейінгі екінші орынды иемденген. Алтынбек Сәрсенбайұлының бірнеше ай Ақпарат министрі болғаны да есте. Бұдан кейін және бұдан бұрын Қазақстанда президентті сынайтын оппозициялық партия өкілінің үкіметке кіргенін көрдіңіз бе? Яғни, олар үкіметті өздерімен санасуға мәжбүр еткен тегеурінді күш болды. Оларда электорат та, идеология да, стратегия да болды. Бұдан кейінгі оппозиция тарихында жаңа Конституцияның жобасын жасаған, баламалы үкімет жасақтаған партия болған жоқ. Бұл партия сонысымен құнды. Меніңше, марқұм Алтынбек Сәрсенбай­ұлының жесірі Салтанат Атушеваның: «Алтынбектің қазасы тарихтың бағытын өзгертеді» деген болжамы расталды. Алтекеңнің қазасынан соң партияның жұмысы қожырап, оның серіктестері біртіндеп саясаттан жылыстап кетті.Ол кездегі «Ақ жол» мен қазіргі парламенттегі «Ақ жолдың» арасында ешқандай байланыс жоқ, олар – ескі брендті қолданып отырған билікшіл партия. Партияны біраз жыл басқарған Болат Әбіловтің өмірі мен тағдыры – Қазақстан оппозициясының жарқын мысалы. «Ақ жолдың» тең төрағасы болып тұрған кезінде ол партияның ұраншысы, ел алдына шығар шешені әрі көсемі болатын. Бизнесте біраз биікке көтерілген ол идея үшін, демократия үшін көп өмірін сарп етті, талай қудалауды, құқайды көрді, түрмеге түсті. Демократиялық емес елде оппозицияда ұзақ жүрудің өзі өте ауыр. Жалаңтөс батыр болып жүре беру моральдық тұрғыда қиын. Теледидардан сөйлеткізбеу, барған жерінде жиналысын өткізбей қою, терезеден секіріп түсу – осының барлығы салиқалы саясаткер үшін ауыр нәрсе. Бір күн болмаса бір күні одан адам жалығады. Ниеттестері болғанымен, нақты сүйенері жоқ. Сондықтан, бір кездері талай жұрттың алдында сүйкімі болған Б.Тұрсынбаев, М.Әуезов, Ғ.Әбілсейітов, Ғ.Алдамжаров, Т.Әубәкіров, О.Жандосов, Б.Әбілов, А.Қожахметов, Ғ.Жақиянов, Ә.Қосанов сияқты азаматтар белсенді саясаттан кетті.


– Біз бағанадан бері саяси партиялар жайлы әңгімелестік. Енді оппозицияның қос ірі өкілдері З.Нұрқаділов пен А.Сәрсенбайұлы жайлы пікірлессек. Осы азаматтардың есімі аталған сіздің есіңізге не оралады. Жуырда ғана азаттықтың ширек ғасырын атап өттік. Зәкең мен Алтекеңнің мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы қандай еңбектерін атап өтер едіңіз?

– Бұл азаматтар – биліктегі жылы орнын суытып, өздері құрысқан жүйені өздері өзгертуге талпыныс жасап, президенттің өзіне қарсы шыққан бүгінгінің батырлары. Мұндай қадамдарға барғанда көп адамның жеке басы тұрғысынан шешім қабылдауы өте қиын болады. Себебі, олардың да туыс-туғаны бар, олардың да карьерасы бар, тыныш, бақуатты өмір сүруді әркім де қалайды. Бірақ бұл азаматтардың басты ерекшелігі – олар осының бәрін тәрк етіп, жаңа, демократиялық қоғам құруға әрекет жасады. Қазір байқап қарасаңыздар, биліктегі саясаткерлердің арасында оппозицияға өту үрдісі тоқтаған. Бұл – саяси жүйенің түзеліп кеткенінің белгісі емес, әрине. Бұл – биліктің өз ішіндегі тоқырауды, халықтың бойындағы немқұрайдылықты білдіреді. Билікте әділетсіздікті байқап, есікті тарс жауып шығып кеткісі келетін адамдардың арқасүйері, тірегі қалмады, саяси жүйе тек бір бағытқа ойысты, саяси плюрализмнің аясы тарылды.

– Сізбен шамамызша соңғы 25 жылдағы саяси күрестерді еске алып өттік. Қорыта айтқанда, оппозиция қоғамға не берді?

– Қоғам қандай болса, оппозиция да сондай. Оның да өз даму заңдылықтары, өсу және құлдырау кезеңдері бар. Қазіргі Қазақстандағы жүйелік саяси дағдарыстың кесірінен бізде саяси оппозиция қалған да жоқ. Бұл – қоғам үшін, мемлекет үшін қауіпті. Кез келген қоғамның кемшіліктерін айтып, дұрыс жолды нұсқап отыру үшін өзгеше ойлайтын топтардың, саяси күштердің болғаны маңызды. Оппозиция қоғамға көп нәрсе берді. Өз іс-әрекеттерімен оппозициялық саясаткердің қандай болуы және қандай болмауы керектігін үйретіп кетті. Қазір айтып өткен түрлі объективті себептермен олар жүйелі саяси күшке айнала алмады. Егер бұл факторлар болмағанда, Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі мүлде басқаша болар еді. Өкінішке қарай, біз ТМД-ның біраз елімен – Қырғызстанмен, Украинамен, Грузиямен салыстырғанда саяси мәдениет тұрғысынан тым артта қалып қойдық. Грузия нағыз парламенттік республикаға айналды, Қырғызстан да сол жолды таңдаған сияқты. Олар дамудың даңғыл жолына түсті деп айту қиын, бірақ демократиялық саяси дәстүр мықтап орнықса, ерте ме, кеш пе, бір игіліктің болатынына үміт бар.

– Қазір шетелде бірқатар қазақ саясаткерлері жүр: М.Әбіләзов, Ғ.Жақиянов, Ә.Қажыгелдин. Басқа да саясаткерлерді, қоғамдық белсенділерді айтпағанда. Осы аталған азаматтардың болашақ перспективаларын қалай көресіз? Әлде, жаңа оппозициялық күштерді күтесіз бе?

– Меніңше, бұл оппозиция өкілдерінің дәурені өткен. Қазір Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін туған, еркін ойлы жас ұрпақ ересек азаматтарға айналды. Олар үшін бұрынғы саясаткерлердің барлығы – өткен дәуірдің адамдары. Қанша заманауи технологияны қолданып, қанша білімді болып тұрса да, олар өз орталарынан шыққан, «былғанбаған», жас лидерді қалайды. Қысқасы, оларға да Ресейдегідей өз Навальныйы керек.

  • Сұхбаттасқан Қанат ТІЛЕУХАН
  • Пікір қосу