– Бүркіт, соңғы уақыттағы бейнебаяндарыңыз ерекше әрі әсерлі түсіріліп жүр. Оған сюжет пен идеяны ойластыратын кім?
– Кішкентай кезімде «MTV» арнасынан қызықты бейнебаяндарды көргенімде «мен де осылай түсірсем ғой» деп армандайтынмын. Соңғы уақттарда бейнебаяндарыма сценарийді өзім жазып жүрмін. Мысалы «Бәрібір маған» деп аталатын әнге сюжетті бастан-аяқ өзім жасадым. «Әгугай» әнінде танымал американдық фильмдердің қысқаша үзінділерін жинақтадық. Басқалардан ерекшеленіп бейнебаян түсіргіміз келген мақсатымыз ақырындап орындалып келеді. бұйырса мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Жақында Айшамен бірге тағы бір жаңа дуэт жаздырдық. Енді соған маусым айында жаңа бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұхбатыңызда «кино түсіруді армандаймын» депсіз. Бұл жұмысты қашан қолға ласыз?
– Кино түсіруге де ақырындап келе жатырмыз. Алдымен білімімді толықтыру үшін, 4-5 жылдан бері кино түсіруді меңгеруге ден қойып, режиссерлықты, сценарий жазуды үйреніп жүрдім. Сонымен қоса бірнеше отандық фильмдерге продюселік еттім. Кино туынды жасауға қажетті жабдықтарды да сатып алып қойдым. Сөйтіп бұл арманыма да жақындап қалған сияқтымын.
– Инстаграм парақшаңызда бірнеше рет фильмге кастинг жариялағаныңызды көрдім. Бұл фильмді өзіңіз түсірмек ойыңыз бар ма?
– «Кепілге алынғандар» деп аталатын триллер жанрындағы фильмді түсіргелі жатырмыз. Түсірілім жұмысы осы жылдың мамыр айында басталмақшы. Бұған дейін экшн-триллер жанры Қазақстанда түсірілмеген. Мүмкін болса осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Болашақта әншілік пен кино түсіруді қатар алып көрмекшімін. Фильмнің қай жерде түсірілетінін, кімдер ойнайтынын әзірге айта алмаймын. Әлі де киноның сюжет, сценарийін қайта-қайта оқып, пісірп жатырмыз.
– Жақында «Моана» мультфилімінің қазақ тіліндегі нұсқасында басты рөлдегі кейіпкерді дубляждадыңыз. Халық өте жақсы қабылдады. Ал сізге бұл жұмыс ұнады ма? Кастингтен қалай өтіп жүрсіз?
– «Моана» мультфилімінде атқарған жұмысым өзіме қатты ұнады. Дубляжға жай ғана актер емес, ән айта алатын адам керек болыпты. Сондықтан Астана қаласына біраз әншілерді шақырып, іріктеу жасап, дауысымдызды мұқият тексерді. Бір аптаның ішінде «сізді таңдадық» деген жауап келді. Содан 3 күн бойы студияда кейіпкер Мауидің рөлін сомдадым. Соңғы дубляж күні 12 сағат тапжылмай микрофон алдында тұру оңай болған жоқ. Атап өтетіні, американдық мультфильмдерде юмор өте көп болады екен. Оларды қазақ тілінде сауатты аударып, әрі сол қалпында әсерлі жеткізу біраз қиынға соқты. Кейбір сөздерді тікелей аударсақ өте дөрекі естілді немесе тым әдебиленіп кетті. Сондықтан дубляж тілін барынша жалпыға түсінікті, қарапайым жеткізуге тырыстық.
– Бұл мульфилімнің қазақша нұсқасын балаларыңыз көрді ме? Олар қандай әсер алды?
– Мульфильмнің алғашқы тұсаукесеріне бала-шағаммен барып көрдік. Оларға қатты ұнады. Туған-туысқандарым да балаларын ертіп, қазақша нұсқасын тамашалады. «Мауиді керемет дыбыстапсыз» деген жан-жақтан жақсы пікірлерді естіп жатырмын. Бұл мен үшін қызықты тәжірибе болды.
– Хейтерлерге арналған «Бәрібір маған» әніне бейнебаян түсірдіңіздер. Бірақ ғаламторда сізді сынап, ғайбат сөздер көп айтылмайды. Не себепті осындай ән жазып, бейнебаян түсірдіңіздер?
– Маған жаман сыни пікірлер сирек жазады. Мүмкін бұл өзімізді дұрыс ұстай білгендігімнен болар. Десе де әріптестеріме айтылған орынсыз пікірлерді көзім шалса ашуым келеді. Өйткені олар да еңбектеніп, студияда ән жазып, костюм тігіп, бейнебаян дайындайды. «Бәрібір маған» әні өздері өмірде ештеңеге жете алмайтын, бірақ басқаларға сын айтуға, ғайбат сөз жазуға дайын тұратын адамдарға арналатын. Өнердегі әріптестерімнің атынан хейтерлерге бейнебаян шығардық. Осыған дейін бізді қолдап, жақсы сөздер жазатын адамдарға жүректен шыққан әндерімізді арнап келдік. Енді хейтерлерге де арнайы ән арнап қойсақ дұрыс шығар? (күлді)
– Жақында бауырыңыз Алимен дуэт орындап шықтыңыздар. Болашақта бірге ән айтып, бейнебаян түсіру ойда бар ма?
– Біз бейнебаянды түсіріп қойдық. Енді құдай қаласа өзінің жеке әнші ретінде шықсам деген ойы бар. Егер өнерге қадам басатын болса, одан бар көмегімді аямаймын.
– Жақында «Әнші Бүркіт мемлекеттік салық төлеуден жалтарып жүр. Қомақты қаржы қарыз» деген әңгіме шықты. Тіпті Алматы ҚР МКК ресми сайты сіздің есіміңізді борыштар адамдардың қатарына қосқан. Бұл туралы түсінік бере кетіңізші?
– Шын мәнінде салық төлеуден жалтарып көрген емеспін. Бұл заң тұрғысынан құқығымыз бен міндетімізді дұрыс білмеуіміздің кесірі болды. Бізге салық комитеті ешқандай ескерту жасамады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек екенін, міндетті салық сомасын төлеу керек екенін ешкім айтпады. Кейін заңгерлердің кеңесінен бәрін түсіндім. Олардың айтуынша «Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібіңізден түскен ақшаның 3 пайызын салық ретінде төлеп тұру» керек екен. Мзаңгерлердің айтқанымен бірден келістім. Өйткені Қазақстанның әр азаматы салық төлеуге міндетті. Қарапайым көк базарда тұрған сатушылар да ЖК ашып салық төлеп жатыр. Мен де салық төлеуге дайынмын. Қазір барлығын реттеп, арнайы салығымызды төлеп жатымыз.
– Бірнеше жыл бұрын құрылысшылар «Бүркіт бізге үй салдырып, жалақымызды бермей жатыр» деп телеарналарға шағым айтып шығып еді. Бір жыл бұрын мемлекеттік кірістер департаменті «концертік кіріс бойынша салық төлемеді» деп тағы да сізді айыптады. Жалпы осындай мәселелер неліктен сізде жиі кезігіп жатады?
– Олар құрылысшылар емес, пайда табуды көздеген алаяқтар. Мені алдап ақша алып, абыройыма нұқсан келтіргісі келді. Менің шын мәнінде бұл шаруаға қатысым жоқ. Олардың ақша мәселесі менімен бірге істеп жатқан жолдастарымның арасындағы іс. Жолдастарымның жанынан мені көрген құрылысшылар «бұл жағдайға Бүркіттің де қатысы бар» деп ойлап, мені айыптап тіл тигізді. Мен не істерімді білмей, сасқалақтап қалдым. Шынымды айтсам олармен жаңжалдасқым келмеді. Содан жұмысшыларды сабырға шақырып « Бұл іске жауапты адамдарды тауып, ақшаларыңызды бергіземін» дедім. Бірақ олар тілшілерді шақыртып, шу шығаруын тоқтатпады. Осы оқиғаны жүрегіме қатты қабылдағаным соншалық, барлығы әлі есімнен кетпейді. Себебі олардың сөздері, алаяқтығы жаныма қатты батты. Егер мен шынында құлысшылар айтқандай әркімнің еңбек ақысын бермей, қашып жүрсем, ел алдында еркін жүре аламын ба? Қазір құдайға шүкір, жаңа үй салдық. Құрылыс біткеннен кейін құрылысшылар жалақыларын алып, риза болып кетті. Ешкімнің адал ақшасына қол сұқпадым.
– Жыл сайын әлемнің әдемі елдерін аралап, саяхаттайсыз. Қазақстаннан өзге елге қоныс аудару ойыңызда жоқ па?
– Туған елді тастап қайда кетемін? Бұл жер менің Отаным. Осында әке-шешем, ағайын-туысқандарым тұрып, балаларым өсіп жатыр. Шетелге барсам, тек қонақ болып барамын. Өзге елде ары кетсе үш ай шыдаймын. Шетелде көп уақыт өткізсем елді сағынып, құлазып кетемін. Өйткені басқа халықпен елдегідей еркін өмір сүру өте қиын.
– Қазір екі ұлдың әкесісіз. Әке болғалы өміріңізде біраз өзгерістер енген шығар? Отбасылық өмірде не нәрсеге баса назар аударатын болдыңыз?
– Отбасылық өмір мүлдем басқа. Қазір үйге қайтқанша асығып тұрамын. Гастролдік сапарға кеткен кезде «тезірек үйіме жатсем екен, балаларымды көрсем екен» деп асығып тұрамын. Екі күн үйде болмай қалсам бала-шағам түсіме кіреді. Әкелік махаббатың осыншалықты күшті болатынын білмеппін…
– Сіздің инстаграм парақшаңызға пікір жазып материялдық көмек сұрайтындар көп екен. Олардың өтініштерін орындаған кезіңіз болды ма?
– Әрине қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз. Соңғы рет Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған қор инстаграм арқылы хат жазып: «Бізге көмек беріңіздерші. Қандай көмек болса да қабылдаймыз» деп өтініпті. Хатты оқи сала бір мәшине азық-түлік, тұрмыстық жабдықтар апарып беріп, ризашылығын алдым. Кейбіреулердің көмек сұрағаны да қызық «маған 200 мың қарызға ақша берші, сосын қайтарамын» деп жазып жібереді. Ондай адамдардың сөзіне мән беремеймін.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2017 жыл, №9 (243) санынан қысқартылып алынды)
Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!