Аян Бірімжан 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Жасынан Елордаға қоныстанған ол Назарбаев университетін экономика саласы бойынша тəмəмдап, салауатты өмір салтына негізделген «Health project» атты денсаулық сақтау жобасын ойлап тапқан. Кейіпкердің осы жобасымен былтырдан əлеуметтік желі арқылы таныспын. Сол кезден бастап, адам денсаулығына пайдалы спорттық тамақтану жобасы тасада қалмауы қажет деп есептедім. Астанада дамыған тағам тасымалдаумен айналысатын дүкен желісінің жұмысын өз көзіммен көрген соң, жас кəсіпкер, «HEALTH PROJECT» спорттық тамақтану жобасының авторы Аян Бірімжанмен сұхбатымды назарларыңызға ұсынамын.
Бір аспазшының айлық табысы 180 мың теңге
– Аян, сіздің жобаңыз жайлы естігенде, қызығушылық танытқаным рас. Себебі, зияны шаш етектен тез дайындалып, кең қолданылатын фаст-фуд өнімдері жайлаған бүгінгі кезең үшін «Health project» таптырмас жоба. Кəсіпкерлікпен айналысуыңызға түрткі болған да осы ой шығар?
– Негізі жобаны бастамас бұрын, университетте оқып жүрген кезімде, таңғы алтыдан тұрып, анам екеуіміз үлкен ағаларыма пайдалы ас дайындайтынбыз. Олар тағамды өздерімен əкетіп жүрді. Кейіннен олар өз ағзаларындағы айтарлықтай өзгерістерді байқап, пайдалы астың денсаулыққа əсерін сезінді. Бұл туралы жұмыстағы əріптестері мен достары да естіп, қызығушылық танытты. Кейіннен тапсырыс берушілер саны артып, анам екеуіміз оларға да тағам дайындадық. Өзім курьер болдым, тағам тасымалдаумен айналыстым. Ата-анам шын тілекшім болып, рухани қолдау көрсетті. Осылайша, «Health project» – спорттық тамақтану жобасының тарихы бастау алды.
Өзіңізге белгілі, қазір адам баласы өз денсаулығына көңіл бөлмейді. Шетелдік тағамдарды жиі пайдаланғанымен, ертеңгі күні қалай зардап шегетінін ойлап та жатпайды. Осы жағдайларды өз көзіммен көріп, кəсіппен айналысуды мақсат еттім. Яғни ол жай ғана қызығушылық үшін ашылған кəсіп емес, халық болашағына үлес қосу мақсатында дүниеге келген еді. Ертеңгі күнге пайдасынан зияны мол өнімдерді дəріптегенше, «Денсаулық сақтау жобасын неліктен шығармасқа?!» деген ой болды. Осы бойынша іздендім, шыңдалдым.
– Не дегенмен, кəсіп саласына бет бұрған кезде студент болдыңыз ғой. Тегін жұмыс жасаған кезіңіз болды ма?
– Иə, кəсіп бастамас бұрын, студенттік кезеңімді оқу мен тəжірибе шыңдауға арнадым. Негізі екеуін қатар алып жүруді меңгерген дұрыс. Тағам дайындау орталығына аспазшы ретінде тегін жұмысқа орналастым. Бұл менің алғашқы жұмысым болатын. Сол жерде бірталай уақыт жүріп, тағамның қалай дайындалатындығын өз көзіммен көрдім, тəжірибе жинадым. Майсыз, калориясы аз тағамдарды жасауды еркін меңгердім десем де болады. Өз көзіммен көре, жан-жақты біле отырып, алға жоспарларымды құра бастадым…
— Білуімше, кəсіп бастауды қалайтын жастардың басым бөлігі осы жолда кездесетін қиындыққа төтеп бере алмайды. Əрі, азық-түліктің қымбаттауы да қаржы тапшылығын туғызады. Сіздің жобаны қалыптастыру, кəсіп бастау жолыңызда да аталған қиындықтар кездескен шығар…
– Əлбетте, кəсіп тəуекелді талап етеді. Алғаш рет дұрыс тамақтануға байланысты жоба ашамын деген кездері бірталай кедергіге тап болдым. Жақын таныс, туыстардың маған сенім артпауы – адами соққы болса, қаржы тапшылығы – негізгі мəселе еді. Бірақ, аталған кедергілер мені шыңдай түсті. Болашаққа зор жоспар құрып, соған жетуге талпыныс жасадым. Адам ешқашан өз арманынан баз кешпеуі қажет. Құлдырамай, қарыштауы тиіс. Мақсаты айқын, талабы зор адам ғана дегеніне жете алады!
– Жоба қай кезден жұмысын бастады? «Health projecтің» кешегісі жайлы айтып берсеңіз…
– Жоғарыда атап өткендей, аспазшылықтың қыр-сырын меңгерген соң, денсаулыққа пайдалы тағамдар жобасын ойлап таптым. 2016 жылы ақпан айының сегізінші жұлдызында «Health project» дүниеге келді. Атап айтарлық жайт, біздің жоба дүкен немесе ресторан ретінде ашылған жоқ. Біз арнайы спорттық тағамды тасымалдаумен айналысамыз. Яғни адамдардың күнделікті тапсырысына сай жұмыс атқарамыз. Мысалы, «денсаулық сақтау жобасы» деп аты айтып тұрғандай, əр тағамның құрамы тек пайдалы ақуыз, дəруменмен байытылған.
– Жоба қаншалықты дегеніне жете алды? Алғашқы күндері мен бүгінгісін салыстыруға келе ме?
– Жоба ашылғанда бірден жетістікке қол жеткізді деп айта аламын. Бастапқыда қиындық мол болғанымен, қазір оған төтеп беруге айтарлықтай бейімделдік. 2017 жылдың сəуір айында жалпы кіріс үш миллион теңгені құрады. Төртінші курста оқыған кезде, айлық табысым жүз елу мың болса екен деп армандайтынмын. Ал қазір бір аспазшының айлық табысы жүз сексен мың теңгеге жетіп отыр. Бұл – жаңадан ашылған жоба үшін жетістік деп санаймын. Бірақ, арқаны кеңге жайып, осымен шектеліп қалуға болмайды. Жобаның халыққа пайдасын таныту үшін күш саламыз. Дені сау ұрпақ қалыптасып, адамдар пайдалы тағамды қолдану арқылы ағзадағы құрылыс «материалдарын» толықтырады.
– Спорттық тамақтану жайлы Қазақстанның басым бөлігі біледі деп айта алмаймын. Бірақ, осындай пайдалы жобалар тасада қалмауы қажет. Бәлкім, сіздерге жарнама жеткіліксіз шығар?
– Дұрыс айтасыз, спорттық тамақтануды білетіндер көп емес. Дегенмен, Астанадағы желіміз қарқынды жұмыс жүргізіп жатқандықтан болса керек, бүгінде тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бір күнде отыздан астам адамға тағам дайындап, тасымалдаймыз. Жарнамаға келер болсам, ғаламторда «Health project» сайты жұмыс жасайды. Инстаграм, В контакте, Фейсбук сынды əлеуметтік желілерде күнделікті ақпаратпен құлақтандырып отырамыз. Алдағы уақытта Астанадан бөлек, еліміздің өзге де өңірлерінде дүкендер желісін ашу ойымызда бар.
– Спорттық тамақтанудың мəзірімен жəне бағасымен таныстырып өтсеңіз…
– Біз тағамды бір күнге арнап тасымалдаймыз. Бір күндік мəзірге – екі таңғы ас, түстік, бестік жəне кешкі ас жатады. Мəзіріміз əр түрлі. Күндегісін күнде жаңартып отырамыз. Мысалы, бір күндік тағамның ішінде алма мен сүзбе, майсыз тауықтан жасалған орама, аскөк, қызанақтардан тұратын салат жəне заманауи табиғи өнімнен жасалған бургер, пицца да кіреді. Олардың құрамы пайдалы дəруменге бай. Ұнтақ атаулыдан аулақпыз. Бағасына келер болсам, бір күндік ас мəзірінің бағасы тағам құнарлығы, калориясына байланысты қойылады. Мысалы, 1800, 2100 калориядан тұратын ас мəзірлері бар. Сатып алушыларға жеңілдіктер қарастырылған.
– Əңгімеңізден байқап отырғанымдай, «мен» емес, «біз» деген сөзді жиі қолданады екенсіз…
– «Біз» дегенім – ұжымымыз. Қазірше айтқанда, «команда». Осы күнге жету жолында ұжымның септігі мол. Алғашқы күндері сенім білдірушілер саны аз болғанымен, қазір осы ұжыммен бірлесе отырып қызмет етеміз. Жоба авторы ретінде айтарым, ұжымның еңбегі қашан да еш қалмауы тиіс. Жоба қиындығын бірлесе «жұмыла көтеру» арқылы да дамытасың. Қазір ұжымда он шақты адам жұмыс жасайды. Диетологияны да қатар меңгерген білікті аспазшыларымыз, əлеуметтік желіде жарнама жүргізумен айналысатын қызметкеріміз жəне тағамды тасымалдаушы курьеріміз бар.
Адам бойындағы кемшілік те жеңіске жетелейді
– Мен биыл І курс тəмəмдаған тыңдаушымын. Сіздермен бірлесе қызмет атқарып, жобаға өз үлесімді қосу үшін қандай талаптарға сай болуым қажет? Айтпағым, қызметкерлерді қандай шартқа сай жұмысқа қабылдайсыз?
– Кез келген ортада, бастысы, жұмысқа деген ынта, қызығушылық болғаны жөн. Əрі, қызметке сай білік қажет. Мысалы, электрик аспазшының жұмысын немесе аспазшы электриктің жұмысын бірден атқарып кете алмайды ғой!? Сол себепті, адам бойында қызметті атқарып кете алатын қандай да бір қабілет, қасиет болуы шарт. Əрі, қай жолда болсын тəуекелшіл болу абзал. Ал сіз осы талапқа сай келсеңіз, І курс болсаңыз да, аталған жұмысқа бейімделіп кете аласыз деп есептеймін. Себебі, тəуекелшіл адам үшін еңбек – жас талғамайды.
– Аян, өзіңіз айтып өткендей, негізгі рухани қолдаушыңыз – ата-анаңыз. Ал бəсекелестеріңіз көп пе?
– Кəсіп жүрген жерде міндетті түрде бəсекелес табылады. Əзірше, анау айтқандай жоба ретінде қалыптасып үлгермесек те, осы жолда талас тудырушылар саны жетерлік. Бәсекелестің көп болуына қуану қажет. Бұл дегеніміз, жобаның болашағы бар дегенді білдірсе керек. Бəсекелес саны артқан сайын, алға ұмтылыс та молая түседі. Қазіргі ХХІ жаһандану заманы да нағыз бәсекелестер сынға түсетін, «бой емес, ой жарыстыратын заман» болғандықтан, бəсеке алаңында өмір сүру қуаныш. Сол себепті, жобаны дамытуға деген құлшыныс артып, əр ісімізді «ақырын жүріп, анық басу» арқылы жүзеге асырамыз.
– Сіздің желіңіздегі ақпараттармен қазан айынан таныспын. Қашан да өз жоспарыңызбен бөлісіп, күш-жігер беріп отырасыз. Жалпы, мотивацияны қайдан аласыз?
– Өмірде жеткен кішкентай жеңістің өзі адамды алға жетелейді. Қаншама жетістікке жеткен сайын, құлшыныс артады. Жеңіліс кездессе, одан сабақ алу қажет. Өзім еңбек етуден жалықпайтын, талаптанудан қашпайтын адамдармен дос болғанды қалаймын. Əрі, жаныңдағы досыңның сенен бірнеше есе мықты болғаны да үлкен мотивация. Жақсы жағын үйрене отырып, тәжірибеде қолданасың.
Ойлау жүйесін дамытатын арнайы кітаптар да оқимын. Қазір сізбен сұбаттасудың өзі – біршама мотивация. Əлеуметтік желіде өз ойыммен бөлісіп отыратын себебім, сіз, мен сияқты жастар саны көп. Олар да өз дегеніне жетуден қорықпаса екен деймін. Осы күнге дейін біршама жастың шыңдалуына, өз ойының қалыптасуына кішкене болсын септігім тисе, ол да күш-қуатымды еселейді.
– Бүгінде кəсіп «көзін» тапқан жас кəсіпкерсіз. Сіздің жасыңыздағы біраз жастар отау құрып, балалы боп жатыр. Кейбірі магистратура оқып, білім жолында жүр. Кейде қатарластарыңызға қарап, ойға қалмайсыз ба?
– (Күліп алды) Өзімді кəсіпкер деп санамаймын. Нағыз кəсіпкер атану үшін бірталай жұмыс атқару керек. Əзірге, өзімді «жоба бастаушы» ретінде көремін. Сұрағыңыз орынды. Менің жасымдағы азаматтардың басым бөлігі қазір білім жолын қуып, отбасылы боп жатыр. Бірақ, менде еш өкініш болған емес. Себебі, бастапқыда алға қойған мақсатымды жүзеге асыру үшін күш салдым. Əлі де дамыту жолындамын. Оның үстіне өмірлік жарымды әлі кездестірген жоқпын. Барлығын уақытымен көре жатармыз.
– Əңгімені жобаға бұрсақ. «Health project» болашағынан қандай үміт күтесіз? Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…
– Үміт күткенмен қатар, мақсат қою қажет. Айтар ауызға жеңіл болғанмен, жетер жетістіктеріміз алда деп есептеймін. Адам ағзасына пайдалы тағамдардың санын арттырып, тасымалдауды дамытпақпын. Еліміздің өзге аймақтарында дүкендер желісін ашып, салауатты өмір салтын ұстануды дəріптеймін. Болашағына нақты қадам жасауда жобадағы əр қызметкер бірлесе күш жұмсап, атсалысуы қажет. Студент кезімде шетелде бірнеше уақыт білім алдым. Адамдардың басым бөлігі шетелде тек фаст-фуд өнімдері сатылады деп есептейді. Негізінен, əр адам өз саулығын ойласа, кез келген дəруменге бай асты пайдасына жарата алады. Шетелдік пайдалы асты өндірумен айналысатын орындар да баршылық. Ал бізде бұл сала енді тəй-тəйлағанымен, нақты жолға қойылған жоқ. Мақсатым – адам ағзасына пайдалы денсаулық жобасын дамытып, бəсекелестікке сай жоба есебінде қалыптастыру.
– Жаңадан іс бастамақ ниеттегі жастарға қандай кеңес бересіз?
– Осы уақытқа дейін байқағаным, адам ешқашан қателік жасаудан қорықпауы қажет. Тіпті, адам бойындағы кемшілік те жеңіске жетелейді. Қанша қателікке бой алдырған сайын, сонша есе қарыштай түсесің. Құлаған сайын, қайта тұрудың жолдарын іздейсің. Тəжірибе жинап, сабақ аласың. Айтпағым, бойыңды жайлаған қорқыныш, үрейге бола кейін шегінуге болмайды. Өмірде əр нәрсенің «дəмін» татып көру қажет. Кəсіп бастайтын жастардың бойында болуы шарт негізгі дүние, əлбетте, ерен еңбек, талап, іске деген сүйіспеншілік. Осылар бар кезде ғана биік шыңды бағындырдым дей беріңіз…
– Оқырмандарға тілегіңіз…
– Бәсекелестік пен қайрат тілеймін. Бүгінгі жастар үшін қажеті де осы.
– Əңгімеңізге рақмет! Өзіңізге күш, жобаңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Арай ЖҰМАТАЙ
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультетінің студенті
Керемет сұхбат! Халыққа пайдалы жобалар мен елді құлақтандыратын пайдалы сұхбаттар көп болса екен. Жас жігіт те білімді, білікті, онысы көрініп-ақ тұр. Студент болса ба, сауалдары ұтымды, біздің білгіміз келген сұраққа жауап алыпты.
Сіздерден сұрарым, Арай Жұматай қызымыздың сұхбатын алдағы уақытта оқи аламыз ба? Қашан оқи аламыз?
Менің де жоба ашқым келген. Бірақ, қорқып жүрдім. Осы сұхбаттан соң алға ұмтылатын болдым. Сөздері күш береді. Мотивацияға толы, өте жақсы сұхбат екен. Қуаныштымын! Журналист қыз да жақсы кейіпкер таңдапты. Осы сұхбат журналға да шықса, басқа аймақтар да оқыр еді ғой…
Өте пайдалы сұxбат екен. Кейіпкер де дұрыс таңдалған, журналист қыз да жас болса да, өте сауатты сауалдар қойыпты. Осындай пайдалы сұxбаттар көп болса екен. Журналдан да осы сұxбат жарияланса, өзге аймақтарға тарар еді.
Сіздерден сұрарым, Арай Жұматайдың өзге де сұxбаттарын алдағы уақытта оқи аламыз ба?
Қазір Аян сияқты жастар қажет. Мұндай жобаның бар екенін білмеппін. Осы сұхбаттың көмегі, пайдасы мол екен. Аянның жобасы өзге жерде ашылса дұрыс болар еді. Журналист қызға алғыс, осы жоба жайлы əдемі сұхбат жазғаны үшін. Аянға да, Арай журналист қызға да сәттілік деймін!
Аян, Арай молодцы! Желаю побед! Бизнес круто!
Сұхбат жақсы екен. Оқып, Аянға қызықтым. Балаларымыз үлгі алса екен деймін. Аян, жолдарың болсын барлық жобада, Арай журналистикада сəттілік! Небəрі 23-18 жаста екенсіңдер, аман жүргейсіңдер!