«…Мен Нұрсұлтанды өзiм азамат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзентi Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын».

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

(«Шыққан күндей жарқ етiп…»,

«Егемен Қазақстан», 6 шiлде, 2010 ж.)

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап, Қазақстанды сонау 90-жылдары Тәуелсiздiк жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды…»

Шерхан Мұртаза,

халық жазушысы

(«Көбеймесек, көсегемiз көгермейдi»,

«Алматы ақшамы», 22 қазан, 2009 ж.)

«Елбасының есiмi перiште дәптерiнiң ең төбесiнде тұруға лайық» (114-бет)…

«Перiште үнсiз».

Осы кезде елбасымыз қалың ұйқыға кетедi. Әлден уақытта перiште қайта оралып, президентке тiл қатады.

«- Пендем… мана, әлгiде, өзiң ұйықтап жатқан кезiңде жазбаларымды Жаратқан Иеге көрсетiп алайын деп асығыс аспанға ұшпаймын ба? Жаратқан Иенiң алды бос емес. Ығысып, есебiн тауып жүрiп, алдына жетiп, дәптерiмдi ашып көрсетпеймiн бе? Жаратқан Ие тiзiмге көз салып отырып, дәптер жиегiндегi сенiң есiмiңе назар салғаны… Жаратқан Ие терең ойланып, отырып-отырып былай дедi: «Ендеше осы пендемнiң есiмiн ең төбесiне жаз…»

Дүкенбай ДОСЖАН

«Ақ Орда» романынан

 …мен сөйлесем, Сiздiң ел үшiн етiп келе жатқан ерен еңбек, қажырлы қызметiңiздi жақтап сөйлеймiн.

…Бiрақ менiң ондай сөзiмдi кейбiр атақ-абыройлы құрметтi iнiлерiм ұнатпайды екен. Алғашында сол iнiлерiме ренжiп, бұл жолы үндемей отырайын десем де, көптен берi көрiспеген Сiзбен дидарласатын бол¬ғандықтан, бiр ауыз сөз сөйлемей кетудi жөн көрмедiм.

…Ең соңында айтарым, ардақты Нұреке, мен Өзiңiз қалыптастырған жаңа қазақ мемлекетiн, бойдағы күш-қуатыңыз сарқыл¬ғанша Сiз басқарсаңыз екен деп тiлеймiн. Конрад Аденауэр 91 жасына дейiн ел басқарды. Уинстон Черчилль де ұзақ отырды. Мен қазақ Назарбаевтың ел басқару ақыл-парасаты немiс Аденауэр мен ағылшын Черчилльден бiр мысқал да кем деп есептемеймiн…

Әзiлхан НҰРШАЙЫҚОВ

(«Өнер мен әдебиет — халықтың жаны»,

«Егемен Қазақстан», 5 ақпан, 2010 ж.)

Өз елiнiң, адамзаттың күндiз-түнi қамын ойлаған, таныған оны бар ғалам, құрмет тұтқан қазақтың әр кәрiсi, әр жасы — Назарбаев Нұрсұлтан атты Елбасы. Осы Елбасымыз нағыз үш қанатты қас қыран! Оның үш қанаты — өз елiнiң және әлемнiң Өткенi мен Бүгiнi, алаулаған Ертеңi! Ол қандай құрметке, қандай сыйлыққа болсын лайық! Осы сөздiң терең мәнiн ұғайық!

Арқалаған дүние жайлы бұла мұң, жүрегiне жағып Прометейдiң от-шырағын, жастарды қалғытпай, қарттарды алжытпай, сананы сiлкiп, түйсiктi түртiп дабыл қаққан, көкiректiң көзiн ашқан, өнердiң өрiнде өскен, философия патшалығында өмiр кешкен, адамзаттың қамын жеген, адам үшiн құрбан жаным деген, заманға заң¬ғар мұзарттан қараған, айтқан сөзi әлемге тараған менiң гимн-ұраным, даң¬ғыл-дауылпаз үш қанатты қыраным!… Әлемдi шарлап, ақыл-ойыңмен барлап, шарықтап шалқып ұша бер талмай, рухы тектi, үш жүректi, құдiреттi үш қанатты, Қыраным!

Әубәкiр НIЛIБАЕВ,

Үндiстанның Халықаралық Падма

Шри сыйлығының лауреаты,

Пәкiстанның, Икбалдың Алтын

Ескерткiшi сыйлығының иегерi,

(«Үш қанат» (философиялық поэма),

«Айқын», 1 мамыр, 2010 ж.)

…Данышпан деп атау үшiн, Сократтың түсiндiрiп кеткенiндей адамзат баласы ең алдымен үлкен тұйыққа тiрелуi керек, сонан соң содан шығатын жолды табуы тиiс. Сонда ғана ол тұлғаны замандастары мен кейiнгiлер данышпан деп айтуға құқылы.

…Олай болса, Н.Ә.Назарбаев ұлттық көшбасшы ғана емес, сонымен бiрге қазақтың маңдайына бiткен данышпан перзентi. Мұны мен емес, Сократ айтты деп ойлаңыздар.

Төрегелдi Шарманов,

медицина ғылымдарының докторы, академик,

Қазақ Тағамтану институтының президентi

(«Данышпандық жол»,

«Дала мен қала», 9 тамыз, 2010 ж.)

 

Адамзат өзi жаратылғаннан берi қиындықтан құтқарушысын, жарылқаушысын iздеп келедi…

Айталық, «ұрланған Күннiң» орнына өз жүрегiн жұлып алып, адамзатқа нұр шашқан Прометей осы қиындықтан құтқарушыны, жарылқаушыны iздеудiң мифологиялық бiр мысалы…

Мәселен, қиындыққа тап болған елiн құтқару үшiн жайлы жер iздеп Мұса (Мойсей) қырық жылғы ғұмырын сарп етiп, ақыр аяғында Исрайл балаларының жарыл¬қаушысына айналған. Ааврамизм деп аталатын дiн бастауында тұрған Тәуратта (Тора) осылай делiнедi. Онан соң халқының бар азабын өз мойнына алған Иса (Иусус) өмiрге келедi… Мұнан соң әбден азап шеккен және азғын жолға түскен арабтардың жарылқаушысы ретiнде Мұхаммед тарих сахнасына шығады…

Ал мен болсам, ғасырлар тоғысында iрi қайраткер ретiнде тарих сахнасына Н.Ә.Назарбаевтай дана тұлға шыққан адамзат бақытты дер едiм… Ол — адамзаттың бүкiл тарихында бiрде-бiр мемлекет басшысы қолға алмаған жасампаз идеялардың бастамашысы ғана емес, сонымен бiрге, жүзеге асырушысы бола жүрiп, аңыздың емес, ақиқаттың Прометейiне айналды.

Сағындық CАТЫБАЛДИН,

экономика ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дiң профессоры

(«Прометей. Аңыз бен ақиқат»,

«Дала мен қала» 19 шiлде, 2010 ж.)

 

«Жауына жебе боп та қадалатын

Абыздан азамат ер бата алатын.

Алланың тоқсан тоғыз есiмi бар:

Бiрi — Нұр, бiрi — Сұлтан аталатын.

 

Көгiнен Ай туғанда қияқтанып,

Көңiлден отырғаны күй ақтарып.

Ол кейде көрiнедi жерде жүрген

Алланың көлеңкесi сияқтанып».

Рафаэль НИЯЗБЕК

(«Айбозым менiң» (Елбасы жайлы өлең-роман),

Астана, «Күлтегiн» баспасы, 2006 ж.)

Ұлы iстерден тапқан дәйiм мұратын,

Бар өмiрi iрiлiк пен ерлiктерден тұратын.

Сiз, Нұреке — халқымыздың бақыты

Тәуелсiздiк сәулеткерi — ұлы ақын!

Сәбит ДОСАНОВ

(«Егемен Қазақстан», 14 желтоқсан, 2008 ж.)

 

…Елордамыз Астана әлемдiк гуманизмнiң кiндiк төрiне айналып бара жатыр. «Дағдарыс жайлы толғаныс» деген өлеңiмде:

…Кiлт бiреу өмiр сүретiн,

Достасып әлем жаңылмас.

Назарбаевтай еркiн бiлетiн,

Әзiрше дана табылмас, — дегенiм де бүгiнгi өмiрдiң бiр көрiнiсi…

Назарбаевтың елдi барынша ұзақ басқаруына қай жағынан да жағдай жасау арқылы бiз Қазақстанның кемел келешегiне, берiк болашағына жағдай жасаймыз, әрқайсымыздың еңселi ертеңiмiзге негiз қалаймыз. Тiптi, әйтеуiр сайлау өткiзу керек қой дей бермей, елдi әуре-сарсаңға салмай Елбасының өкiлеттiлiгiн ұзартудың заң шеңберiндегi қандай жолдарын болса да қарастырудың артықтығы жоқ дер едiм…

                                                                                                   Кәкiмбек САЛЫҚОВ

(«Елорда — Елбасының еренғайып ерлiгi»,

«Егемен Қазақстан», 17 маусым, 2009 ж.)

 

Сіз қирандыдан мемлекет орнатқан, оны бүкіл дүниеге танытып, мойындатқан, елімізді талай сындардан, дағдарыстардан аман алып өткен, есіктегі басымызды төрге шығарған, бәрімізді балапандай баптап, қызғыштай қорып келе жатқан кемеңгер қайраткерсіз. Сіз бізге Алланың берген сыйысыз!

Мырзатай Жолдасбеков, ғалым, қоғам қайраткері

Нұр Отан партиясының  кезектен тыс XVII съезінде сөйлеген сөзі

Мен ғана емес, осы залда отырған Ұлан Рысқұл, Геннадий Головкин, Илья Ильин, Серік Сәпиев және басқа да чемпиондардың барлығы сіздің қам­қорлығыңызбен әлемдік табыстарға жетті. Тәуелсіздіктің 25 жылында сіз тәрбиелеген спортшылар талай байрақты бәсекелерде көк туымызды биікте желбіретті. сіз айналаңызға әрдайым рух бересіз. Былтырғы ақырғы сайыста қанша шаршасам да, сіздің келуіңіз маған тың күш берді. Ақыры «Қазақстан барысында» жеңіп шық­тым. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Біз боз кілемде бір ғана балуанмен алыссақ, ал сіз әлемдік саясаттың нағыз қас батырысыз! Біз сізден үлгі аламыз, сізге қарап, бой түзейміз! Қазақтың батырлары, ер-азаматтары қашан да сізбен бірге! Қандай сайлау өтсе де, сіз бастаған «Нұр Отан» бәрін жығады!

Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан барысы» республи­калық турнирінің үш  дүркін чемпионы

Нұр Отан партиясының  кезектен тыс XVII съезінде сөйлеген сөзі

Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,
Күн шықты арай шашып құбылаға.
Күн шықты арай шашып аспаныма,
Дүния кілт айналды басқа ағымға.
Ол Ана ұл тумапты, нұр туыпты
Бүгінгі өзек болар дастаныма.
Ол ұлдың заты – Нұрдан, аты – Сұлтан!
Кеш туған зарықтырып уақытынан.
Жаралған жан әлемі Күлтегіндей,
Халықтың арман, тілек, бақытынан.

Маралтай Райымбекұлы, ақын

Кие (Н. Назарбаев туралы поэма)  үзінді

 

…Бүгiн менiң атыма көп әсіре мақтау сөз айтылды. Менiң жасым да, тәжiрибем де үлкен, сондықтан мұндай сөздер маған әсер етпейдi, әрине. Шын мәнiнде iстелген iстер туралы айтылса, онда жөн, бiрақ одан артық айтылмауы тиiс. Дегенмен мен баршаңызға жылы сөздерiңiз үшiн алғыс айтамын. Мұның бәрi менi болашақ iстерге қанаттандыру үшiн айтылып жатыр деп есептеймiн. Дәл қазiр мен қанаттанып отырмын деп сiздердi сендiргiм келедi.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті

2016 ж. Тәуелсіздіктің 25-жылдығына арналған салттанатты шарада айтқан сөзі

 

 

Пікір қосу