Құрылтай қазақ үшін көшпелі замандардан бері киелі ұғым. Құрылтайда қашанда маңызды мәселер айтылды, қаралды. Соңғы бесінші дүниежүзілік қазақтар құрылтайына алыс-жақын шетелдерде қандастардың басы тағы да жиылды. Алайда, бұл жолы көш мәселесін шығармашылығына да арқау еткен, баспасөзде де үнемі айтып келе жатқан Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бұл жиынға қатыспады. Қаламгер juldyz.kz тілшісіне Астанадағы жиынан неге сырт қалғанын айтып берді.
«Мені биылғы бесінші дүниежүзілік құрылтайға шақырмады. Мамашевтің кезінде көші-қон тоқтап қалды. Оған ол ешнәрсе істемеді. Өзі шетелде қазақтар бар жерге барып, құрылтай өткізгенсіп қыдырып жүрді. Мамашевтің атқарған қызметі сол болды. Ал жаңадан сайланған Зауытбек дегеннің сырын білмеймін. Оның көші-қонға қанша қатысы бар екенін де білмедім. Өзім оған дауыс берген жоқпын. Ол туралы ештеңе айта алмаймын. Биылғы құрылтайда ешнәрсе айтылған жоқ. Мысалы, көші-қонның тоқтап қалғанына 3 жыл болды. Жылына 20 мың отбасына бөлінген квота бар еді. 5 жыл болды, сол квотаның ақшасы қайда кетті деп ойлайсыз? Бәрі ЭКСПО-ға жұмсалды. Міне, осы секілді тоқтап қалған шаруалар бар. Енді жаңа басшы не істейтінін көреміз. Мені осы мәселелерді айтады, көп сөйлеп кетеді деп шақырмаған болу керек. Олардыкі көші-қонның проблемасы емес, «сен жақсы, мен жақсы» деп жай құрылтай өткізу ғой»