Шымкентте ел естімеген сот процесі басталды. Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры Айман Жүсіпова және оның екі орынбасары Дана Асылбекова, Айжамал Қозыбекова «жалған жала жапты» деген айыппен сотқа шағым түсірген. Гүлжан Сәлімбаеваның айтуынша, мектеп директоры әкімшілік тарапынан түскен бұйрықты орындай алмағаны үшін ұстаздың ар-намысына тиген және өзінің орынбасарына ұрғызған екен. 19 маусым күні сот процесінің алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Алғаш сот отырысынан соң Гүлжан Сәлімбаеваға хабарласып істің мән-жайын білген едік.
— Гүлжан Сәлімбаева, алғашқы сот отырысы қалай өтті?
— Басынан бастап айта кетейін. Сот процесінің басталуына менің арызым емес, екінші тараптың арызы себеп. Олар менің Елбасыға жолдаған жолдауымды «негізсіз, жала», «мектептің беделіне нұқсан келтірді» деп беріп отыр. Оның қандай нұқсан келтіргенін мен білмедім. Бұл туралы сот енді басталады. Алғашқы сот отырысында тек тыңдалым, таныстырылым болды. Екі жақты бір-бірімен кездестірді. Өтініштерін қабылдады.
— Қоқан-лоққы көрсетіліп жатқан жоқ па?
— Бұған дейін олар шағымдарына қатысты қарсы арыз жазбауымды сұрады. Мен келіспедім. Өйткені, олардың берген арызына қарсы талап-арыз жазып, өзімді ақтауым керек. Бұл кісілердің неге мені сотқа беріп отырғанын түсінбедім. Сондықтан, өзімді ақтап шығуым керек. Мен кінәлі емеспін.
— Қалай ойлайсыз, сот процесі қалай аяқталады?
— Егер бәрі дұрыс жүргізілсе, оң нәтижеге шығуы керек деп ойлаймын. Өйткені, әділдік мен жақта. Әділдіктің орнайтынына мен сенемін.
— Келесі сот отырысы қай уақытта болады?
— 29 маусымда болады. Бірақ, мен талап-арыздың тоқтата тұруы туралы өтініш бердім. Оның үстіне менің қорғаушым әлі дайын емес. Соны іздеп жатырмын.
Айта кетейік, алдағы күндері келесі сот отырысынан тағы да мәліметтер жариялайтын боламыз.
Əділ сот болсын