– Баяғыда күн тәртібіңіз «Таңертең тұрам. Асымды ішіп, студияға барып ән жаздырам, онан кешке концерт» деп басталатын еді. Қазір ше?
– Қазіргі күн тәртібім мүлде басқа. Ол кезде бойдақ едік. Бар көрген-білгенің – сахна, ән жаздыру, киім тіктіру… Мұның бәрі өз үйімнен ұзатылған соң-ақ тоқтады. Өйткені, сол күннен бастап мойныма үлкен міндет жүктелді. Бүгінде ең үлкен балам Беколжас емес, Тоқтар (күлді). Балам, ата-енем, абысын-ажын, туыстарым, төркінім бар… бәрінің алдындағы жауапкершілігімді сезінемін. Баяғыда өз үйімде таңертең анам бетімнен, әкем маңдайымнан сүйіп оятып, шайымды дайындап, аузыма тосып отыратын. Соларға еркелеп, кейде сәскеге дейін ұйықтайтынбыз. Үйдің кенжесі болған соң ба, сәл еркелеу өстім. Мамам таңғы асын ішпей, менің оянғанымды күтіп отыратын. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз. Қазір сол анамнан көргенімнің, маған берген махаббатының, мейірімінің бәрін шамам келгенше күйеуім мен балама беруге тырысамын. Таңертең Тоқтар екеуміз таң намазына тұрамыз, сосын бір сағаттай мызғып аламыз. Сол уақытта Беколжас тұрмасыңа қоймай, «Мама, шай ішем, тамақ жейім» деп оятып алады. Баласының шайын берем дегенше, әкесі оянады. Үйдің тірлігімен жүргенде түс болады, түскі ас пісіремін. Одан тағы қыбыр-жыбыр тіршілік. Кешке тағы ас дайындаймын. Тоқтардың бір әдеті – тойға барса да, аш келеді. Үйдің тамағын жемесе, бүйірі томпаймайды. Міне, осылай өтіп жатқан өмір… Шыны керек, кейде сыртқа шығуды да ұмытып, кешті үй ішінде күйбеңдеп жүріп-ақ батырам. Мұның бәрі – мен үшін рахат тірлік. Күйеуім мен баламның тамағы тоқ, көйлегі таза, киімі бүтін болса, мен үшін бірінші біткен жұмыс сол.
– Әңгімеңізге қарағанда асханадан шықпайсыз-ау деймін? Қандай тағамдарды көп дайындайсыз?
– Екеуіне бар тәттіні пісірем, олар рахметін айтып, терлеп-тепшіп жеп алады. Баяғыда «қандай ән жаздырамын?» дейтін болсам, қазір «бүгін қандай ас дайындасам екен?» деп, кәдімгідей ас кітабымды ақтарып, дайындалам. Тоқтар негізі ұлттық тағамдарды жақсы көреді. Оған ет пен қамырды неше түрлі етіп жасап берсең де, жей береді. Кейде онысына қарсы шығып, басқа да жеңіл тағамдар дайындаймын. Корей тағамы – «кукси» жасап берем. Тоқтардың маған арнайы дайындататын тамағы – асбұршақ сорпасы. Мен үшін ең оңай ас – палау. Оңтүстіктің қызы болған соң, оған ебім бар. Тоқтар бұрын ұнатпаушы еді, кейінгі кезде палауды да жақсы көретін болды.
– Тұрмысқа шыққан соң өнеріңізбен емес, көбіне отбасыңызбен қалдыңыз. Ән айтқаннан гөрі балаңызға қарағанды, үйбикесі болғанды қаладыңыз. Шыны керек, «Бейбіт Сейдуәлиева» деген атыңыз бар сізді ешкім бүйтеді деп ойлаған жоқ. Не себептен бұлай жасадыңыз?
– Отбасында көрген тәрбиемнен шығар деп ойлаймын. Анам өте ақылды, сөзі тұрақты, ісі орнықты жан еді. Отырса да, тұрса да, ақылын айтып отыратын. Жүрегі соншалықты кең еді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп отыратын. Үйден қонақ үзілмейтін. Бүкіл ағайын-туыс қиындығы болсын, қуанышы болсын, менің анаммен ақылдасатын. Бүкіл әулеттің басын біріктіретін үлкен ақылшы-тұғын. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра», «Адам өлгенше үйреніп өтеді», «Әйел қашанда өзінің жолын білуі керек» деп отыратын. Титтейімнен үй жұмысына баулыды. Қазіргі үй тірлігіне деген тазалығым, жоқтан бар жасауым, бәрі-бәрі – анамның арқасы. Анамнан көріп-білгенімнің бәрі көз алдымда, құлағымда қалып қойды. Оның үстіне, мен ерте есейіп, өмірге ерте араластым. Өнерімнің арқасында талай танымал адамдармен дидарлас болдым. Бертін келе намаз оқи бастадым. Оның маған берген кереметін тіпті айтып жеткізе алмаймын! Алланың бойыма берген титтей дарынына, санасына рахмет. Әнші ретінде де, әйел ретінде де бір адамдай міндетімді жақсы білем. Мен үшін отбасымның тыныштығы – үлкен байлық. Кейде адам болған соң проблема болмай тұрмайды: отбасындағы түсінбеушіліктер немесе сырттағы қарым-қатынастағы келіспеушіліктер… Сондайда анамды іздеймін, сол кісінің ақылын аңсаймын. Таңғалатыным, 27 жасқа дейін анамның қойнында ұйықтап жүрдім. Сонда біреуді жамандап, бір адамға қиянат жасағанын көрмеппін. Кез келген адамның бойындағы ізгі қасиеттерді көруге ұмтылып, тіпті оның бойында жоқ жақсылықтарды сол адамға теліп отыратын. «Адамды мақтау өсіреді» дейтін. Осындай сезімтал, көрінгенге жаны ауырып жүретін адамдар ұзақ өмір сүрмей ме деп қалам. Көшенің арғы басындағы біреулердің жағдайын айтып, шай үстінде соған хабарласып, жағдайын біліп, әуре болатын да жататын. Мұның бәрін айтып отырғаным, анам көзі тірі болғанында да маған дәл осылай жасатар еді деп ойлаймын. Отбасымды бірінші кезекке қойғанымды қалар еді.
– Тоқтар ағамен қосылуларыңызға да сол кісі себеп болды ма?
– Иә. Анам – өнерге келуіме де себепкер болған жан. Титтейімнен биге алып барды, ән байқауларына қатыстырды. Менің өнер адамы болуымды қатты қалады. Бірақ пенде болған соң адаспай, жаңылмай тұрмайсың. Оның үстіне, мың жерден ақылды болсаң да, ортаң, айналаңдағы адамдар жаңылыстырады. Тоқтар екеуміз үшін де елдің алдында жүру оңайға соққан жоқ. Өйткені, бастапқыда екеуміз қол ұстасып жүргеніміз туралы елге айтып қойдық та, көптеген журналистер әңгімені басқа жаққа бұрып алды. Ортамызға от тастады. Біздің жеке өмірімізді өсек-аяңға айналдырып жіберді. Содан кейін екеуміз де ол туралы тіс жармауға тырыстық. Мен әке-шешемнің көзі тірі тұрғанда қалай «Мен жігітпен жүремін» деп айтамын? Олар оқымай ма? Әркімнің жеке өмірі өзіне, онда ешкімнің шаруасы болмау керек. Мейлі, оның бәрі өтті-кетті ғой. Жасырмаймын, сондайда ойымда «шынымен біз бақытты болып кете аламыз ба, жоқ па?» деген сенімсіздік тұрды. Қатты қиналғанда, «Екеуміз өнерде бірге болғанымызбен, өмірде бірге болмаймыз» деген де кезіміз болды. Сонда анам «Басқа біреумен бас қосқанның өзінде осы қиындықтарға кезікпеймін деп ойлайсың ба?» деді. Шынымен ойланып қалдым. Анамның сол сөзінен кейін райымнан қайттым. Мамамды өнерде жүрген Ақбота, Айгүл Иманбаева, Сандуғаштар да «мама» дейтін. Тоқтар екеуі танысқан күннен-ақ тіл табысып кетті. Ол кезде мен «Тоқтар аға» дейтінмін. Мамам бастапқыда Тоқтарды менің досым ретінде, өнердегі арқа сүйер ағам ретінде көрді.
ТОҚТАР: МЕНІҢ МАХАББАТТА ЖОЛЫМНЫҢ БОЛУЫ — БҰЛ ТАҒЫ ДА ӨНЕРІМНІҢ АРҚАСЫ. МЕН БЕЙБІТТІ ӨНЕРДЕ ЖҮРІП ТАПТЫМ. БЕЙБІТТІ ЖАҚСЫ КӨРДІМ ӘЛІ ДЕ ҒАШЫҚПЫН! ЖАНЫМА ЕРТІП ЖҮРГІМ КЕЛЕТІН. ҚЫЗ БАЛА БОЛҒАННАН КЕЙІН ТИІСЕТІН ЖАУ КӨП. СОНДАЙ БІР СӘТТЕОДЕ АҒА БОЛҒЫМ КЕЛДІ. БЕЙБІТКЕ АҒА БОЛЫП ЖҮРІП, БІР КҮНДЕРІ СОЛ АҒАЛЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА МАХАББАТ СЕЗІМІ ПАЙДА БОЛДЫ. МЕН ОНЫ ЕШКІМГЕ БЕРГІМ КЕЛЕДІ. ОСЫЛАЙ ЖҮРГЕНДЕ АРАДА ЖЕТ ЖЫЛ УАҚЫТ ӨТТІ. СОЛ ЖЕТІ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ЕКЕУМІЗ ТАЛАЙ КОНЦЕРТТЕРДІ ӨТКІЗДІК, ҚАНШАМА АЛЬБОМНЫҢ ИЕСІ БОЛДЫҚ. АЙНАЛЫП КЕЛГЕНДЕ АЛЛА БІЗГЕ О БАСЫНДА ОСЫНДАЙ ТҮЗУ ЖОЛ БЕРІП, ӨЗІ СОНЫ ҚАДАҒАЛАП ОТЫРҒАНДАЙ СЕЗІЛДІ МАҒАН. АЛЛА МАҒАН «ОСЫ ҚЫЗДАН АЙРЫЛМА!» ДЕГЕНДЕЙ ЖОЛ СІЛТЕДІ. АДАСАТЫН СӘТТЕР КЕЛГЕНДЕ ДЕ АЛЛА МЕНІ АДАСТЫРМАДЫ, АҒА. МЕН СОНДАЙ СӘТТЕРДЕ ДЕ ЖОЛ ТАУЫП КЕТТІМ. РАСЫНДА ДА, МЕН ЕНДІГІ ӨМІРІМ ТУРАЛЫ, БОЛАШАҒЫМ ТУРАЛЫ ОЙЛАҒАНДА МЫНАДАЙ ОЙҒА КЕЛЕМІН: «АЛЛА ТАҒАЛА АДАМ БАЛАСЫН ЕКІ КӨЗІ, ЕК АЯҒЫ, ЕКІ ҚОЛЫ БАР ЕТІП, САНА-СЕЗІМІН МЫҚТЫ ЕТІП ЖАРАТҚАН. БІРАҚ, ЕРТЕҢГІ КҮНІН БОЛЖАЙ АЛМАЙТЫН ЕТІП ҚОЙҒАН, ЯҒНИ, СОЛ САНАНЫ ҒАНА БЕРМЕЙ ҚОЙҒАН. АЛ, БІЗДЕН ШАЙТАННЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ СОЛ — АЛДЫН БОЛЖАЙ БІЛЕДІ. АЛ, БІЗ, АДАМ АТА — ХАУА АНАНЫҢ ҰРПАҒЫ, БОЛАШАҚТЫҢ НЕ БОЛАРЫН БІЛМЕЙМІЗ. БІРАҚ, МЕН СЕНЕМІН! МЕНДЕ ҮЛКЕН БОЛАШАҚ БАР!
– Бүгін сізді бақытты етіп отырған Тоқтар екеуіңізді өнер табыстырды. Мен сіздердің бүгінгі бақытты шаңырақ болуларыңызға ең алғаш баспалдақ болған дуэттеріңіз жайлы сұрағым келіп отыр. Ол қай ән еді?
– Мүмкін, өнер болмағанда бір-бірімізді танымас та ма едік, кім білсін? Алғашқы дуэтіміз 2002 жылы орындаған Халықберген Әбілжановтың әні – «Өзің ғана» болатын. Ең алғаш Тоқтар мені 2000 жылдың қазанында «Нұр-Мұқасанның» шығармашылық кешінде көріпті. Ұлықпан Жолдасов екеуі көрермен болып келген. Ал мен сол кешке қонақ ретінде қатысып, «Өткен күндер» деген әнді орындадым. Менің ән айтуым, дауысым Тоқтарға ұнапты. Кейін Исраил Сапарбай ағамыз Тоқтар мен Ұлықпанға: «Маған жақсы ән айта алатын әнші қыз керек, керемет бір әнім бар», – депті. Бұлардың есіне мен түсіп, ағаға айтыпты. Содан сол кешке қатысқан адамдарға хабарласып жүріп, мені тауып алды да, әнді берді. Ол – қазіргі менің репертуарымда жүрген «Ностальгия» әні болатын. Тоқтар екеуміз алғаш сол жерде таныстық. Сосын «Көршінің қызын» жаздырған кезде, Ұлықпан екеуі маған хабарласып, «әннің ортасында жай ғана ыңылдап қосылатын қыз баланың дауысы керек болып тұр», – деп шақырды. Келдім де, тапсырмаларын орындап, кеттім. Сәл күннен кейін Тоқтардың кеші. Тоқаң сол жерде-ақ «мына қызбен дуэт жаздырсам» деп ойлаған болуы керек, маған қайта хабарласып, ұсынысын айтты. Жасырмаймын, алғашында қорқақтадым. Өйткені, Тоқтар – белгілі өнерпаз, ал мен шығармашылығымды енді жолға қойып келе жатқан жас әншімін. Бірақ көп ойланбай келісімімді бердім. Сонымен «Өзің ғана» деген әнге екеуміз дуэт жаздырдық. 2002 жылдың 14 сәуірі күні Тоқтардың «Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді?» деген алғашқы шығармашылық кешінде айтып шықтық. Ел өте жақсы қабылдады. Жарты жылдай «Тоқтар аға» болып жүрді. Кейін көзімен, сөзімен жігіт ретінде бір қылықтарын көрсете бастады. Мен «бұлай жасамаса екен» деп ұялатынмын. Тоқтармен өнерде, өмірде тоғысуымыз солай басталды.
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2008 жыл, №8 (25) санынан қысқартылып алынды)
Сұхбаттасқан: Әлия Құдайбергенова