Ботакөз Бексары — жас ақын. Алғаш 18 жасында Қайрат Нұртастың орындауындағы «Жүрегімді махаббатың өртесін…» әнінің сөзін жазған. Бүгінде Төреғали Төреәлі, Қуандық Рахым, Заттыбек Көпбосынов, т.б. сынды әншілердің репертуарындағы бірнеше ән мәтіндерінің авторы. Ақын қыз juldyz.kz порталына өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті.

Алматы мені бауырына басты

— Ботакөз, әңгімемізді шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен бастасақ. Кімдермен жұмыс жасап жүрсіз?
— Шығармашылығым қазір тыныш. Кереметтей өндіртіп жұмыс жасап жатырмын десем, өтірік айтқан болар едім. Бұрын жұмыс жасаған барлық сазгерлермен жиі байланысқа шығып тұрамыз. Алайда, шығармашылық қарым-қатынаста емес, бауырмалдық негізде. Бүгінде бірі ағама, бірі әпкеме, келесісі досыма айналып үлгерген. Жалпы, күнде жазатын ақын қыздардың қатарынан емеспін ғой. «Сағыз құрамасы» деген ерекше жайдарман тобын білетін боларсыз. Сол топтың мүшесі, өзінің әзілқой бейнесімен елге танылған жайдарманшы бауырым Қуаныш Кеңестің әніне сәл бұрынырақта «Сізге келдім» деген мәтін жазып берген болатынмын. Сол ән тыңдарман көңілінен шығып, Инстаграмда кавер нұсқалары орындалған түрлі видеолар көптеп салынды. Тіпті, поэзия етіп оқығандары да әсерлі шыққан екен. Сол әнмен Қуаныш өз өңірлерінде өткен сазгерлер байқауына қатысып, жүлделі 2-орынды қанжығасына байлаған болатын. Сол байқаудан кейін «Сізге келдім»-нің мәтініне сүйсінген біраз сазгерлер хабарласты. Міне, сол бір әннің әсерімен, Қуат Әбілов есімді талантты азаматпен танысып, бірнеше әндер бірігіп жазудамыз қазіргі күні. Ол кісі әнін, мен сөзін дегендей. Әп дегеннен-ақ әндері көңіл төрінен орын алды. Ал, өзінің «қарындасым» деген сыпайы салмақтылығының арқасында, ол кісіге де «Аға» деген құрметті атқа ие еттім. Бірігіп жазған дүниелеріміз алдағы уақытта жас әншілердің орындауында жарық көретін болады. Ақтаулық бауырым Мәлік Жамбылұлына жазып берген «Сезімнен не пайдам» да өз орнықты бағасын алып жатқан жағдайы бар. Ол бауырыма жуырда «Өзіңнен көр» деген тағы бір мәтін жазып бердім. Оны да тыңдап қаларсыздар, Алла қаласа. Әні — талантты сазгер Өрісбай Аманкелдиевтыкі. Біршама поэзияларыма да ән жазылып жатыр, олардың тыңдарман жүрегіне жетуі — уақыт еншісінде.
Отображается файл "zbRfilhXJws.jpg" — Жалпы, Алматыға келгеніңізге көп болмады. Ұнап жатыр ма?
— Иә, келгеніме аз ғана уақыт болды. Айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс келе қоймайтын кедір-бұдыр өмір жолдары түбі осы қалаға әкелетінін іштей сезетінмін бұрыннан. Тар аяда тұйықталып қалғым келмегендіктен осында ат басын тіредім. Кеңге ұмтылған еркіндікке деген құштарлығым алып шаһар Алматыға түбегейлі табан тіреуге итермеледі. Ажары келіскен өзіңді рухани еркін сезінетін қала болғаннан соң ба, келе сала күмп етіп ішіне кіріп қоғамына тез бауыр басып кеттім. Жаңадан жасқанбайтын елгезек, мақсат-мүддеге жету жолында мойымайтын тәуекелшіл жастарды көріп, ерекше әсерленеді екенсің. Әсіре қызылсыз шынайы пейілі бар ойлы, парасатты, сезімтал қаншама дос-бауырды осы азғантай уақыт ішінде жаныма жиып үлгеріппін. Аллаға сансыз шүкір! Осы көркем қаладан жүрек-сарайыма, жан-дүниеме бір жайлылық таптым. Шуылдаған у-шуымен де, қайыңдай тізіліскен көлік кептелісімен қоса, жасыл желегімен, аңызақ-аптабымен бірге жақсы көріп кеттім. Әріректе көзге шалынатын аспанмен астасқан тауының өзі сенің санаңа тамсанарлықтай ой салатыны күмәнсіз. Астананың суығы мен қар-боранына ғашық ем. Алматының талықсыған бойға нұр мен қуат дарыта алатын жауын-шашынына ғашық болдым. Адамдары қарапайым, жалпы ұнап жатыр. Алматы мені бауырына басты.

— Әлеуметтік парақшада белсенді болғаныңызбен отбасыңыз жайында көп айта бермейсіз. Өзіңіз туралы айта отырсаңыз. Бала Ботакөз қандай еді?
— Неге көп айтпаймын, мүмкін аңғармаған боларсыз. Ата-әжемнің қызымын. Қос бәйтерегім бағып-қақты. Әке-шешемнен екі қыз, бір ұлмыз. Негізі отбасым, бауырларым Астанада тұрады. Өзім Қызылорда мен Астананың ортасында жүріп бойжеттім. Атамның азаматтық болмысына сүйсініп, иі жұмсақ, жүрегі мейірімді әжемнің сүт қатқан наны мен дәмді көжесін жеп өскен мендей баланың балалық шағы, әрине, бақытты өтті. Жалпы, бақытты немеремін.

Отыз жыл ораза ұстаған адам бiрде құдық басына келiп, су алу үшiн кезекке тұрады. Ол кезек қанша үлкен болса да, таласып-тармаспай сабыр сақтап тұрғанда, кезектiң соңғы жағынан бiреу айқайға басып: — Мен бүгiн оразамын! Кезек берiң­дер. Қарным ашты, шөлдедiм! — деп шу шығарады. Әлгi айқайшы әр адамға соны айтып, бiр­тiндеп алға жақындай бередi. Отыз жыл бойы ораза ұстаған кiсi басында мән бермей тұрғанмен, бiр кезде шыдамы таусылып: — Әй, бауырым, егер ораза тұтқанға жол беру керек болса, отыз жыл бойы ораза тұт­қан мен бiрiншi алуым керек емес пе? Сен неге бiр күн тұттым деп, елдi қырып кете жаздап тұрсың?! — деп ашуланыпты. Сонда әлгi кiсi қарқылдап күлiп жiберiп: — Саған отыз жыл бойы сөзiм өтпеп едi. Ендi мiне, оразаңды мiндет қылып, бар сауабыңнан айырылдың. Маған да керегi осы едi, — деп көзден ғайып бопты Шайтан. #ораза #ОрамалдыАқынҚыз

A post shared by 💖ОРАМАЛДЫ АҚЫН ҚЫЗ👑 (@botakoz_beksary) on

— Қай оқу орнын бітірдіңіз? Қазір мамандық бойынша жұмыс жасайсыз ба?
— Екі жоғарғы оқу орнында білім алғанмын. Еуразия ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазақ-орыс тілдеріне аудармашы болып жұмыс жасап жатырмын.

Алғаш рет Қайрат Нұртасқа мәтін жазғанмын

 — Алғашқы шығарған өлеңіңіз қандай?
— Өмір туралы болуы керек. Бірнеше шумақ. Есіме түспей тұрғаны.
 — Ақындық сіз үшін жай ғана xобби ма?
— Ақындықты «хобби» ретінде көрер болсақ, оған солай жеңіл-желпі қарар болсақ, кез-келген жұмыр басты ақын бола салар еді ғой. Ақындық — Алладан ғана берілер үлкен сый. Қалтқысыз көңілге сыр боп түйіліп,жыр болып ақтарылатын Ақындық қадірін ұғып, қапысын тапсаң — қасиетің. Ал, оны жарқырата аша түспесең, бәсін түсірсең, қасиетіңді қасиетсіздікке жорысаң қасіретің. Ақынның жүрегі, оның дүниені сезінуі, талғам-түйсігі мүлде бөлек. Сондықтан ол ұғымға олай астарсыз, жеңіл қарағанымыз әбестік болар…
 — Музаңыз кім?
— Сүйген адамым.

— Алғаш әнге сөз жазып, xалықтың ықыласына бөленген кезіңіз туралы айтып беріңізші?
— Алғаш мәтін жазғаным — Қайрат Нұртастың орындауындағы «Жүрегімді махаббатың өртесін» әні. 2012 жылы жарық көрді. Әнін жазған Бауыржан Есебаев ағамыз. Ең басында тыңдарман былай тұрмақ, жақын достарымыздың, жақын-жұрағатымыздың өзі сол әнге сөз жазғаныма кәдімгідей илана қоймады. «Иии, мен ғой» — деп қоямын өзімше шыр-пыр боп. Қазір есіме түсірсем, қызы-ы-ық енді сол сәттер. Өзім бақыттан басым айналып, өз теріме өзім сыймай жүрмін тағы. Автобусқа мінгенде болсын немесе көшеде жүргенде жаяу жүргіншілердің қоңырауға сол әнді қойып қойғанын құлақ естіп қалатын да, өзімше масаттанып қалатынмын соған. Алғашқы жазғаным болса да,Қайрекең орындағасын ба, мейлінше жақсы таралған-ды. Солай-солай кейін басқа әндерге сөз жаза бастадым, сөйтіп алдында сенбегендер  сеніңкірей бастады ғой.
 — Танымал әншілермен таныстықтарыңыз қалай, қашан басталды?
— Әншілерден, ең бірінші Заттыбек ағамен таныстым-ау деймін. Телефонға ән жайында хабарласып, солай жақсы араласып кеткенбіз. Кейін басқаларымен де өмір жолы тоғыстырып, таныстырды ғой.
— Қазіргі ән мәтіндеріне көңіліңіз тола ма?
— Аласы да, құласы да бар. Қазірлері біраз жөнге келейін деген секілді.

Жеке өмірім «жеке өмір» болып қала берсінші

— Инстаграм парақшаңызда жарнаманы жиі жасайсыз. Ақылы түрде ме?
— Алла сақтасын, ешқашан ақша алып көрмеппін, алмаймын да. Алла разылығы мен адамның алғысынан артық не бар? Сәл-пәл көмегім тисін деймін, жәрдемім тисе қуанып қаламын.
— Кешіңізді беру ойыңызда жоқ па?
— Екіұшты ойдамын. Бұйырғанын көрерміз.

Отображается файл "IMG_20170328_075842.jpg"

 — Жеке өміріңіз туралы оқырмандарыңыз білгісі келеді. Құпия болмаса, айтып берсеңіз?
— Жеке өмірім «жеке өмір»болып қала берсінші. Уақыты келгенде, баяндап беремін.
— Болашақ жарыңыз ақындығыңызға қарсы емес пе?
— Әлі тұрмыста емеспін ғой. Қызғаншақ негізі өте. Бұрын тіптен қызғанатын. Қазір кішкене басылды. Ақылға салуға тырысады бәрін. Өнеріме қарсы болатындай, мен сахнада жүрген жоқпын ғой. Өлеңімді жазып қоям да, қажеті болса, интернетке жариялаймын. Инстаграмда тұрмысқа шыққанымша отыра тұрайын дегенмін. «Кейін тәртібіңе қарай көреміз» деді. Бір күні түп-тұқиянымен жойылып кетсе, таң қалмаңыздаар.

🔵" -Жаңағы өсек жаныма жаман батып отыр,-дедім шынымды айтып. 🔴- Əр өсекке есеп бере берсең, өмірің одан арыға артылмайды. Өсек те өсіп-өнуге орын іздейді, жымдасар жеріне жабысады. Ол, əсте, озғанды шалады. Сөзге сүрініп сүрінгеніңді тілейді"-деді Жаңыл". (#БексұлтанНұржекеев "Күнəлі махаббат"↩) *** /Бексұлтан ағаның шығармаларын қайтара оқып жатырмын. Ұнаған жерлерімен бөлісіп тұрайын😊😊😊/

A post shared by 💖ОРАМАЛДЫ АҚЫН ҚЫЗ👑 (@botakoz_beksary) on

 — Орамалды ақын қыздардың бірісіз. Инстаграмыңыздан түрлі пайдалы нәрселерді көзіміз шалып қалады. Қандай кітаптарды іздеп оқисыз? Оқырмандарға ұсынатын тізіміңіз бар ма?
— Соңғы кездерде діни кітаптарға уақытымды кеңірек бөліп жүрмін. Ал, жалпы өзіме ерекше әсер қалдырған, қазір есіме түсіп тұрған ғана шығармалар тізімін тізбелеп өтейін. Қажетке жарап қалар.
1) Оралхан Бөкей шығармалары;
2) Сәкен Жүнісов «Ақан Сері»;
3) Төлен Әбдіков «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды»;
4) Мұхтар Мағауин «Аласапыран», «Жармақ»;
5) Мархабат Байғұт шығармалары;
6) Тұрсын Жұртбай шығармалары;
7) Тынымбай Нұрмағамбетов шығармалары;
8) Әбіш Кекілбаев шығармалары;
9) Дүкенбай Досжан шығармалары;
10) Аягүл Мантаеваның әңгімелері;

Ақындардан іздеп оқитындарым:
1) Жұматай Жақыпбаев
2) Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
3) Есенғали Раушанов
4) Гүлнәр Салықбай
5) Әділ Ботпанов
6) Жанна Елеусіз

— Ақын боламын деген ізбасарларыңызға не айтар едіңіз?
— Ақындық қолдан жасалмайды, ол тек Жаратушы Хақ Тағаладан беріледі. Өлеңді құрастырудың қажеті жоқ. Өлең мөлдіреп құйылуы тиіс. Дегенмен, рухани өсу үшін ізденіс пен еңбектену қажет-ақ. «Біреу сын айтады-ау, мін тағады-ау» деп қорқақтау мүлде керек емес. Тың өрнек, сара жол қалыптасыруға ұмтылса, бір шыңға шығары хақ.

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

Пікір қосу