– Мақсат, топты «Алашұлы» деп атау кімнің идеясы еді?

– «Алашұлы» атауы топ құрылмай тұрып пайда болған. Алашорда қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханұлының бүркеншік аттарының бірі «Алаш баласы» болған екен. Ең алғаш ғаламтордағы mail.ru әлеуметтік желісіне тіркелгенімде ойыма Әлихан Бөкейханұлының «Алаш баласы» деген бүркеншік аты оралып, мен де лақап атымды «Алашұлы» деп жаздым. Тобымызды атар кезде де осы атауды жігіттерге ұсындым. Жігіттер ойымды бірден қолдап, топты «Алашұлы» деп атауды ұйғардық.

– Яғни атаның емес, Әлихан Бөкейханұлы секілді бүкіл Алаштың баласы болайық деген ниеттен қойылды ғой?

– Абай отыз жетінші қара сөзінде «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» дейді. Бұл «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөз. Қазақ – дарынды, талантты халық. Сонымен қатар кемшіліктеріміз де жетерлік. Соның бірі – бөлінушілік. Руға, жерге, тапқа, топқа бөлінеміз. Бөлінуге бейім халықпыз. Осы бөлінушіліктен арылсақ екен. Ешкім пәленше біздің рудың баласы, түгенше менің жерлесім деп бөлмесе, бүкіл қазақтың баласы болсақ екен деген ниетпен өзімізге үлкен жүк арттық. Шүкір, осы халықтың үмітін ақтауға жетерлік қажыр-қайратымыз бар.

– Ал өзіңіз қай ауылдың баласысыз?

– Қазақстанның баласымын. Өйткені туған жерім – Алматы қаласы. Ал ата-бабам Қызылорда облысы Шиелі ауданында найман, бесбола-бидалылар шоғырланған Төңкеріс деген ауылынан. Екі жасымда ата-анам Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына көшіп келіп, мен сол жерде өстім. 7-сыныпты бітіргенше Т.Рысқұлов ауылындағы «Құралай» мектебінде оқыдым. 8-сыныптан бастап Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта білімімді жалғастырдым. Мектепте өте жақсы оқыдым. Алгебра, геометрия сынды күрделі сабақтардан сыныптың алды болдым. 2003 жылы Қаскелеңге көшіп келдік. Қазір Қаскелеңде тұрып жатырмыз. Ал нағашыларым Маңғыстау өңірінен. Достарым көбінесе Солтүстік, Шығыс Қазақстанның тумалары. Қазақстанның әр түкпірінде бір үйім бар деп есептеймін. Сондықтан мен Қазақстанның баласымын.

– Отбасында қанша ағайындысыздар?

– Мен үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін екі қарлығашым – қарындасым бар. Үлкен қарындасым екеуміз тете өскенбіз. Мен 1990 жылғымын, ол 1991 жылы дүниеге келген. Кішкентай қарындасым мектепте оқиды.

– Сөз саптауыңызға, сөйлеу мәнеріңізге қарасам, кітапты көп оқыған секілдісіз… Жалпы, мектепте қандай бала болдыңыз?

– Шыны керек, мектепте әдебиетті қатты жақсы көріп оқыдым. Кітап оқуға деген қызығушылығым Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарынан» басталды. Одан кейін Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын оқып өстім. Қазір де оңаша қалған кезде, гастрольге шыққанда, Абайдың қара сөздерін жанымнан тастамаймын. Абай атамыз шынымен қазақтың «диагнозын» қойып кеткен екен.

Балалық шағым қызықты өтті. Өте бұзық болдым. Ата-анам жиналысқа барса, «Мақсаттың сабағы, сөз жоқ, керемет, ал енді тәртібіне келер болсақ…» деген кезде анам ұялғанынан қызарып кетеді екен. Бірақ сабағым тек бес болатын.

Мектепке дейін атам мен апамның қолында ерке болып өстім. Ал үйде анам мен әкем ұрсып, тежеп отыратын. Атам мен апам үйге келсе, анам маған ұрса алмайтын. Апам барда үйде мен қожайынмын, әке-шешемнің тілін алмай, «Ал істеріңді істеп ал!» деп үйдің ішінде ары-бері секіріп, бөлмеден-бөлмеге жүгіреді екенмін (күліп).

– Тәртібіңіз нашар болса да, сабақты жақсы оқыған екенсіз. Ал өнерге деген қызығушылығыңыз қалай оянып еді?

– Басқалар секілді бала кезімде актер немесе әнші болуды армандаған емеспін. Бірақ мектеп сахнасында ән де айтатынмын, өлең де оқитынмын. Әкем маған: «Балам, математиканы беске оқысаң, басқасының бәрі оңай», – дейтін. Математиканы қызығушылықпен оқыдым. Алматыға Орынбек Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде оқимын деп келген едім. Бірақ құжатым бір күнге кешігіп келіп, үлгере алмадым. Содан ойламаған жерден қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептен бір-ақ шықтым. Мектепте вице-президент болдым. Бір күні мектебімізде жазушы Сайын­ Мұратбековпен және Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының бірқатар профессорларымен кездесу кеші болды. Біз ұйымдастырған сол концертте «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның айна алдындағы монологын оқитын болдым. Жақсы дайындықпен сахнаға шығып, тапқырлықпен, өз жанымнан да сөздер қосып, Қожаның рөлін алып шықтым. Қойылымнан кейін Өнер академиясындағы ұстаздардың «Сен Өнер академиясына тапсыр. Талантты бала екенсің» деп айтқан бірауыз сөзі мені қанаттандырып жіберді. Мектеп бітірген соң «Өнер академиясы, қайдасың?» деп керемет құлшыныспен келдім. Емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Топ басшысы болдым. Оқуды үздік бітірдім.

– Сахнаға ерекше киім үлгісімен шығасыздар. Киімдеріңізді кім таңдайды?

– Сахналық киіміміздің идеясы өзіміздікі. Киімімізбен, әнімізбен көрерменді бір сілкінтіп алсақ, біздің әнді тыңдаған жастардың патриоттық рухы көтеріліп жатса – мақсатымыздың орындалғаны.

– Бірде жастардың патриоттық рухын көтеру үшін түнгі клубта да өнер көрсеткен кездеріңіз болған екен…

(Күліп). Қай клубқа кірсеңіз де, кілең шетелдің әндері ойналып тұрады. Біз бір түнгі клубқа бас сұғып, нағыз қазақтың иісі аңқыған сарғыш-қоңыр костюмімізбен сахнаға атып шыққанымызда, бәрі күлді. Ашуланып: «Осында қазақ бар ма?» – деп айқайладым. Шүкір, жүрегінде оты, көкірегінде намысы бар қазақтың жігіттері жоқ емес. Біз «Махамбеттің жырын» айтқанда, есікте тұрған күзетшіге дейін жүгіріп келіп, өнерімізді тамашалады. «Қара жорғаға» бүкіл жастар ортаға шығып биледі. Сол кезде қуаныштан төбеміз көкке жеткендей болды.

Сұхбаттасқан Фариза ДӘУЛЕТ

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

 №4 (142) қаңтар 2013 жылғы
 санында)

 

Пікір қосу