Продюсер, актер, тележүргізуші Азамат Сатыбалды жаңа “Cinema 28” театрын ашып, алғашқы тұсаукесер қойылымын қалың көпшілікке ұсынды. Михаил Зодорновтың әйгілі «Күйеуіңізді сатыңызшы» аталатын комедиясымен көрермендерге жол тартқан театрдың көркемдік жетекшісі әрі тұрақты жалғыз актері – Азамат Сатыбалдымен Juldyz.kz жедел сұхбат жасады.

Әріптестерім «көңіл» айтты

– Азамат аға, премьера құтты болсын! Жалпы өзіңіздің жеке театрыңызды ашу қандай қажеттіліктен туындады?

– Негізі театр ашу –  оңай, ал оны ары қарай дамыту, жүргізу – қиын. «Азамат бұл оңай емес» деп  көп әріптестерім көңіл айтты (күліп).  Еш уақытта өзіме көңілім толған емес, өзімді толық актермін деп есептеген де емеспін. Өнер адамына қанағатсыздық керек. Әрбір рөлімнен кемшілік іздеймін, үнемі қозғалыс пен ізденісте жүремін. Театрымды ашуымның да себебі осы шығар. Демалмайтын, бір нәтижеге жетпейінше дамыл таппайтын адамда прогресс болады  деп ойлаймын. Мен – бақытты актермін ғой, ойнамаған рөлім жоқ. Аллаға шүкір, әлі күнге дейін барша рөлдерде сомдап келе жатырмын. Десе де адамның өзінің бағыт-бағдар беретін мектебі болуы керек. Өзім ойлаған театрды жасағым келді. Театрларда ашылмай жүрген, өз рөлін таппай жүрген көптеген талантты артистер жүр. Мен эксперименталды бағытта әріптестерге мүмкіндік берсем деген ниеттемін. Көрерменнің келу-келмеуіне де қарамаймыз. Ең бастысы әріптестерім сахнада бар мүмкіндігін көрсетсе болғаны. Болашақта көптеген театрлармен қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз. Бәрі – соның басы. Біздің театрдың өмірі ұзақ болады деп ойлаймын.

 

– Неге театрыңыздың атауын «Cinema 28» деп қойдыңыз?

–  Мен атауды көп іздедім. Сөйтіп жүргенімде досым «Шығыста 28 деген магиялы сан екен» деп бір әңгіме айтып қалды. Былай қарасаңыз өнер деген магия ғой. Мен де оны іліп әкеттім де, театрыма «Cinema 28» деген атау бердім. Ең қызығы – біздің қойылымдар да осы «28-Панфиловшылар» паркінің жанында орналасқан, Қуыршақ театрында сахналанатын болады.

«Күйеуіңізді сатыңызшы» бүкіл қалаларды аралап шығатын болады

– Актерлер құрамы және алғашқы қойылым туралы айтып беріңізші…

– Театрда бір-ақ актер бар. Ол – Азамат Сатыбалды.  Басқа тұрақты актер жоқ. Ешкіммен келісімшарт жасамаймыз. Штат алған қиын, ондай жағдайда  актерге тәуелді болып қаласың.  Біз жаңа бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Белгілі бір проэктілер болғанда, жаңа спектакльдердің болмысына, рөлдің салмағына қарап актерлерді таңдаймыз.

Ал қойылымға келер болсақ… Көп ойланып, алғашқы қойылым комедия жанрында болуы керек деп шештік. Себебі, дос-әріптестер, жанашырларымыз, бәрі келеді, түңіліп қайтпасын, мұңайып қайтпасын, рахаттанып күліп қайтсын деген ойға тоқтам жасадық. Осы қойылымның режиссері – Айдын Сахаман, Зодорносвкийдің туындысын таңдап алып, жаңа өмірге икемдеп сахналауға тырыстық.

Бұл қойылымға мен қос театрдың актрисаларын алдым. Бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдан Жанар Макашева, енді бірі – М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрдың актрисасы Ажарлым Мағзұмқызы.

– Сонда әрбір қойылымға екі-үш адамнан ғана алып отырасыздар ма?

–  Иә. Жалпы әлемдегі театрлардың барлығы осы тенденцияға келе жатыр. Сондықтан да мүмкіндік болса, осы бағытта жұмыстарымызды ары қарай жалғастыра беретін боламыз.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Жылына екі қойылым қойсақ деп отырмыз. Бірі коммерциялық бағыттағы қойылым болса, енді бір әлемдік фестивальдерге шығатын спектакль болмақ. Қазір біз ресейлік Потаповпен келісімшарт жасаудамыз. Осы шілде мен тамыз айында, келісіп, екінші спектаклімізді бекітеміз. Сондай-ақ,  «Күйеуіңізді сатыңызшы» бүкіл қалаларды аралап шығатын болады.

– Сұхбатыңызға рахмет! Театрда жүздескенше!

Juldyz.kz

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материал ішінен сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу