Маржан Қалыбекова Медеуханқызы — жас актриса, жақында ғана «Қазақстан» арнасынан көрсетілген «Көзайым» телехикаясында басты рөлдегі Көзайым атты қыздың рөлін сомдады. Одан бөлек продюсер Баян Мақсатқызының «Қазақ аруы» сериалына түскен. Маржанның мамандығы — дизайнер. Жас актриса өнер саласына қалай келгені, отбасы, жеке өмірі жайында juldyz.kz сайтына айтып берді.
«Қазақ аруындағы» кейіпкеріме мүлде ұқсамамаймын
— Маржан, сізді биыл екі кинода екі түрлі образда көрдік. Біреуі — «Қазақ аруы» сериалы, екіншісі — «Көзайым». Кино саласына қалай келдіңіз?
— Қай жылы екені есімде жоқ. 2014 не 2015 жылы жазда «Жанды дауыс» деген Баян Есентаеваның жобасы болды. Сол кезде мен жартылай финалға шықтым. Онда менің жетекшім Луина болды. Ұлдардан Айқын Төлепберген жетекші болды. Жоба біткен соң Айқын мені өзінің продюсерлік орталығына шақырды. «Жанды дауысқа» қатысқан жігітпен «Дуэт А» деген топта өлең айттым. Кейін осы дуэтпен 1-1,5 жылдай ән айтып жүрдім. Сол жылдары Инстаграммнан мені байқап, «Көзайым» киносына кастингке шақырды. Киноны 2016 жылдың жазында түсірдік. Маусымның 19-ынан тамыздың 6-на дейін контракт бойынша «Bas dala group» шығармашылық орталығымен жұмыс істедім. «Көзайымның» түсірілімі біткен соң, «Қазақ аруы» сериалына қыркүйекте кастингке шақырды. Екі киноға түсуге де осылай шақырылдым.
— «Көзайым» телехикаясына кастинг қалай болды? Рөлге қалай бекітілдіңіз?
— Бірінші жобам болғандықтан, кішкене қорқыныш болды. Мені осылай Инстаграмм арқылы байқап, телефоныма хабарласты. Сол күні кастингке бардым. Диалог берді. Соны жаттап, фото мен видеоға түстік. «Бір аптадан кейін режиссер өзі хабарласады» деп шығарып салды. Айқан уақытында аптадан соң өздері хабарласып,, «басты рөлге бекітілдіңіз» деп айтты. Ол кезде мен Астанадағы Айқын Төлепбергеннің концертінде «Сәлем, Қазақстан» деген жобада ән айтып жатқанмын. Жаңалықты естігенде қатты қуандым.
— Түсірілім кезінде қандай қызықтар болды?
— Қызықтар…(ойланып).Қазір осы сәтті күліп еске аламын. Ең алғашқы күні түсірілім кезінде тәжірибем болмағасын қатты қиналдым. Қазақша күрделі сөздер болды. Соны айта алмадым. Сол кезде анамның рөлін ойнаған Айгүл Иманбаева ренжіді. Өйткені, мен бар түсірілмді 15 дубльге дейін түсіретін. Айгүл апай : «Абайдың 45 қара сөзін жатта. Сол кезде дұрыс сөйлейтін боласың» деді. Содан күн сайын Айгүл апайға Абайдың қара сөздерін бір-бірлеп айтып беріп жүрдім. Сол кісі болмаса мен қазақшаны дұрыстап сөйлемес пе едім?!…
Маған әкем: «қызым,жұмыстағы қиыншылықтар болса, үйге кірердің алдында соны тастап кет», — деп айтатын. Түсірілімнің алғашқы күнінде үйге кірмей тұрып, аулада ағаштың астында жылап алдым. Содан кейін үйге жақсы боп кіретінмін.
— «Қазақ аруы» сериалында жағымсыз рөлді сомдайсыз. Баян Мақсатқызымен жұмыс жасау қиын болды ма?
— Иа, жағымсыз рөлді сомдадым. «Көзайымнан» кейін түскен соң , оның үстіне басты рөлде ойнамағандықтан бұл кино түсірілімі оңайырақ болды. Өмірде мен қандаймын, «Көзайымда» дәл сол сияқты рөлді ойнап шықтым. Мінезіммен көп жер сәйкес келеді. Бірақ, өмірімде «Қазақ аруындағы» кейіпкерге мүлде ұқсамамаймын. Ал Баян Мақсатқызымен жұмыс жасау қиын болған жоқ. Мен ол кісіні «Жанды дауыс» жобасынан бері танимын. Одан кейін қанша концерттерде де көрдім. Сондықтан, қиын болмады.
— Түскен киноларыңыз сізге танымалдылық әкелді ме?
— Танымалдылық әкелген сияқты. Өйткені, инстаграммда көбісі жаза бастады. Көшеде өтіп бара жатқанда «ой , бұл Көзайым ғой» деп жиі айтады. Бәрі мені Көзайым ретінде таниды. «Қазақ аруындағы» рөлімді көп айтпайды.
— Кинодан кейін өзіңіз туралы қандай пікірлер естідіңіз?
— Біреулер «бәрі жақсы» деп айтып жатты, екіншісі «Қазақстанда әдемі қыз қалмады ма?» деген пікірлер жазып жатты. Бәріне жағу мүмкін емес. Ұнамаған жандардың пікірінен соң өзіңе әлі де біраз нәрсеге үйрену керектігін ұғынасың. Бірақ, арасында жаман пікірлер айтылған дұрыс қой. Өйткені, «көз өтпейді» (күлді).
Мен үшін отбасы бірінші сатыда тұруы керек
— Мамандығыңыз бойынша актрисасыз ба?
— Актриса емеспін, дизайнермін. Алматы технологиялық университетінде дизайн факультетінде оқыдым.
— Қандай отбасында өстіңіз?
— Өзім Алматы облысы, Қапшағай қаласы, Шеңгелді ауылында дүниеге келдім. Сол жерде туып-өстім. Әкем Медеухан өзінің жеке шаруа қожалығымен айналысады. Анам Айгүл — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ағам Төлеген мен әпкем Зүлфия және егізім бар. Егізімнің есімі — Ержан. Егізіммен түріміз ұқсағанмен, мінезім екі түрлі. Бір қызығы, менің жолдасым Қанаттың да егізі бар. Есімі — Қымбат (жымиды).
— Байқауымызша , биыл ғана тұрмысқа шығыпсыз. Жұбайыңыз өнер саласында жүргеніңізге қарсылық білдірмеді ме?
— Иә, осы жылы Алланың бұйыртуымен тұрмысқа шықтым. Отбасылық өмір деген оңай нәрсе емес. Жұбайым қазір қарсылық білдіріп жатыр. Ата-анам мені әуелі «өмірде бастысы — отбасы» деп тәрбиеледі. Мен үшін отбасы бірінші сатыда тұруы керек. Кино, карьераға қатты жүгірмеймін.
— Құпия болмаса, жұбайыңызбен қалай таныстыңыздар?
— Бұл сұраққа жауап бермесем болатын болар…Ал ең бастысы, қазір мен БАҚЫТТЫМЫН! Мен өте жарасымды жанұяға, тәрбиелі әулетке келін болдым және сонымен мақтанамын.
— Қандай әулетке келін болып түстіңіз?
— Папамыз (күйеуінің папасы Қинаят-автор) энергетика саласында жұмыс жасайды. Мамам (күйеуінің мамасы Салима- автор) химия пәнінен сабақ береді. Қымбат деген егізі жайында жоғарыда айттым және Ерболат деген қайным бар.
Тұрмысқа шыққаннан кейін мүлде өзгердім
— Қазақ тілінде еркін сөйлемеуіңізге не себеп?
— Менің ата-анам Солтүстік Қазақстанның тумалары. Әкем Астана облысынан болса, анам Петропавлдан. Олар өздері орыс мектебінде оқыды. Бірақ , мені бірінші сыныптан бастап қазақ сыныбына берді. Университетті де қазақ тілінде бітірдім. Үйде әкем мен анам орысша сөйлегендіктен болар, қазақшаны көп қолданбаймыз. Негізі қазақша жақсы сөйлеймін.
— Болашақта кино саласында ұсыныс түссе келісесіз бе?
— Оның бәрі Алланың қолында. Әлі ешқандай ұсыныс келмеді. Жұбайымның көңіліне қараймын. Ол келіссе, түсемін.
— Кинодағы кейіпкерлеріңіздің қайсысына көбірек ұқсайсыз? Өмірдегі Маржан қандай?
— Екі кейіпкерге де ұқсамаймын. Өмірдегі Маржан мүлде басқа. Ашуланшақ та, сабырлы да боламын. Бірақ, мектеп кезінде кішкене мінезім болатын. 11 сынып бітіргеннен соң өзгере бастадым. Тұрмысқа шыққаннан кейін мүлде өзгердім. Көбісі «сен мүлде басқаша болып кеткенсің» деп жатады. Жұбайым сабырлы. Менің бойымда да сол сабырлылық пайда болды. «Әйел адам күйеуінің көлеңкесі» деп айтады ғой. Күйеуім қандай, мен де сондаймын (жымиды).
— Инстаграммдағы аккаунтыңыз неліктен trisha_medeuovna?
— Мен кішкене кезімнен бастап қап-қара болатынмын. Папамның туған інісі сол кезде «Ромео должен умереть» деген кино көрген. Сол кинода басты рөлде Триша деген актриса болатын. Мен сол қызға ұқсайтынмын. Кішкентайымнан бәрі «Триша» деп атап кетті. Сол үшін де парақшамда осылай жаздым.
— Қазір қандай жұмыспен айналысасыз?
— Қазір Қапшағайда тұрамын. Әзірше үйдемін. Кейінірек Алла қаласа, бизнесімді ашсам деген ниетім бар.
— Оқырмандарға тілегіңіз
— Барша оқырмандарға мықты денсаулық тілеймін! Сіздерге көп рахмет! Алланың қолдауымен аманшылықта жүре берейік.
Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы