Астана сотының үкімімен, бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовке қаржы жымқырды деген айып тағылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы juldyz.kz хабарлайды.
Астананың Алматы аудандық №2 соты Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы вице-министріне қатысты істі аяқтады. Сонымен қатар, бұл іс бойынша айыпталған білім министрлігінің құрылыс дирекциясының бұрынғы басшысы Александр Пакқа да жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот үкімі төмендегідей болды. Судья Құлбаева:
«Сот Шаяхметов Саят Болатұлына ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы, 4-бөлігі, б тармағына сәйкес, қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін».
Өскемендегі оқу орындарының құрылысына бөлінген бір миллиард теңгеден астам қаржыны иеленіп, ысырап етті деп айыпталғандардың ісі 2014 жылы басталған.
2013 жылдың 29 сәуірінде қаржы полициясы Өскеменде 700 орындық білім беру мекемесі құрылысы кезінде бюджеттің бір миллиард теңгеден астам қаражатын иемдену және талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал 14 мамырда Саят Шаяхметов пен «Білім және ғылым құрылыс нысандарының дирекциясының» бас директоры Александр Пак қаржы жымқыру күдігімен ұсталған болатын.
Айта кетейік, Шаяхметов вице-министр қызметіне 2011 жылдың қазан айында тағайындалған болатын.