– Нұржан, бұрын бойдақ болдыңыз. Қазір отбасылысыз. Сонда да телефоныңызға тыныштық бермейтіндер көп пе?
– Көп. Отбасылы екеніңді біліп тұрып әдейі қоңырау шалатындар бар. Тіпті, неше түрлі хат жазатындарды қайтерсіз (жымиды)? Ұялы телефонға ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да жекеге хат жазады.
– Оған жарыңыз қалай қарайды? Ренжімей ме?
– Енді ренжігенде мен не істей аламын? Ешкімнің аузын жаба алмаймын ғой. Әрине, бастапқыда кішкене түсінбеді. Бірақ, келіншегім о баста кімге тұрмысқа шығып жатқанын білді. Мен үйленбей тұрып та танымал әнші болдым. Сондықтан, жарым қазір мұның барлығына түсіністікпен қарайды.
– Бала кезіңізде анаңыз сізді «қара тышқан» деп еркелеткен екен. Ал өзіңіз балаңызды қалай еркелетесіз?
– «Қара тышқан» деп мен есімді білмей тұрған кезде айтқан шығар. Негізі, анам мені бұдан да басқаша қызықты аттармен еркелететін. Бірақ, қазір есіме түсіре алмай отырмын. Жөні келсе анам қазір де мені еркелетеді. Бұрынғыдай түрлі лақап аттармен емес, құшағына алып, маңдайымнан сүйеді. Дүниеде ананың аялы алақанынан, саялы құшағынан ыстық не бар дейсіз? Ал мен апасының баласын «Мусанай» деп еркелетемін (жымиды). Өзі менен аумай қалған. Көрген адамдар: «Күлкісі аумаған өзің екен» деп айтады.
– Сүйіп қосылған жарыңыз бір кездері сіздің жанкүйеріңіз болған екен. Қалай таныстыңыздар?
– 2014 жылы ақпан айында Тараз қаласында концерт қойдық. Сол концерттен екі күн бұрын менің туған күнім өткен еді. Концерт аяқталғанда бір қыз жаныма келіп: «Сіздің туған күніңізге сыйлығым бар еді», – деп «Алла» деген жазуы бар, дұға жасап тұрған қолдың сувенирін сыйлады. Содан кейін неге екенін білмеймін, ол менің қасымда біраз жүрді. Тіпті, қолтықтап жанымнан шықпады. Мен оның бұл қылығын түсінбей, «Бәлкім, жанкүйерім болғаннан кейін осылай істеп жүрген шығар» деп ойладым. Және оған көп көңіл бөлмегендіктен, есімін де сұрамаппын. Сол бойы барлығымыз тарап кеттік. Сәлден соң Инстаграмдағы бір суретімнің астына әлгі қыз пікір қалдырыпты. Сонда ғана «бұл қыздың есімі кім екен?» деп ойлап, парақшасына кірдім. Сөйтсем, есімі Назерке екен. Одан кейін ол туралы мүлде ұмытып кеттім. Сол жылы жасым 25-ке келгендіктен бе, әйтеуір ағайын-туыс, дос-жарандарымның барлығы «Қашан үйленесің?» деп сұрайтын болды. Қайда барсам да алдымнан осы сұрақ шыға беретін. Содан кейін «Қой, үйленбесем болмайды екен. Уақыт болса зымырап өтіп жатыр» деп өмірлік жарым болатын адамды іздестіре бастадым. Әрине, ол уақытта «үміткерлер» де болды. «Оның қайсысы маған жар болуға лайықты? Мен сияқты өнер адамы үшін қайсысы дұрыс?» деп, өзімше іштей ойға салып, сараладым. Сол кезде Назерке есіме түсе кетті де, Инстаграмдағы парақшасына хат жаздым. Ертесі күні одан жауап келді. Бірден ұялы телефонын сұрадым. Сосын телефонмен сөйлесіп, оған жақынырақ танысқым келетінін айттым. Содан кейін «Жақын арада Таразға баратын болсам, саған мен хабарласайын, ал егер сен Алматыға келсең маған хабарлас», – дедім. Алланың қалауы шығар, айтқанымдай-ақ бір аптадан кейін ол анасымен Алматыдағы туыстарының тойына келді. Сол кезде «әп, бәрекелді!» деп, уақыт тауып екеуміз кездесіп, екі-үш сағаттай әңгімелестік. Сонда өзім үшін маңызды деген сұрақтарымды қойып, өмірге, ислам дініне деген көзқарасын біліп, оны жақын танығандай болдым. Ол уақытта анам туыстарымызбен басқа қалаға тойға кеткен еді. Алла екеуінің танысуының сәтін салды ма екен, ертесі күні анам да туыстыраммен Алматыға келе қалды. Соны пайдаланып, Назеркені анаммен таныстырдым. Қанша дегенмен қазақтың сәлт-дәстүрін білетін оңтүстіктің қызы емес пе, ол анама, ағайындарыма сәлем салып, барлығының көңілдерін тапқандай болды. Сол күннен бастап той дайындығына кірісіп кеттік.
Аллаға шүкір, қазір бізде барлығы жақсы. Ең бастысы, анамды сыйлайды, менің өнеріме, жұмысыма түсіністікпен қарайды. Сондықтан, жар таңдауда жаңылмадым деп айта аламын.
– Қазір «Арнау» тобы сахнадан мүлде көрінбей кетті. Топтың жай-күйі қалай?
– Менен көп адамдар «Арнау» тобы тарап кетті ме?» деп сұрайды. Біздің топ тараған жоқ. Жанкүйерлеріміз қанша уақыт «Арнауды» көргісі келеді, сонша уақыт жұмыс істеуге тырысамыз. Өкінішке қарай, қазір көптеген топтар тарап кетіп жатыр. Сондайды естігенде қаншама еңбектің, уақыттың далаға кеткеніне ішім ашиды. Ал мен біздің топта ондай жағымсыз жағдайдың болғанын қаламаймын. Сол үшін қолымыздан келгенше әндер жаздырып, бейнебаян түсіріп, еңбек етіп жатырмыз. Әрине, ертеңгі күніміздің қалай болатынын бір Алла біледі. Тек болашаққа үмітпен, сеніммен қараймыз.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№7 (241) сәуір 2017 жылғы санында)