27 сәуір күні Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиевтің «Жасынның оты жанымда» атты алғашқы әрі ауқымды шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы juldyz.kz хабарлайды.
Ақын өлеңдерінен құралған композициямен шымылдығы ашылған кеш жыр-термелермен, әндермен жалғасын тауып, соңы қазіргі айтыстың дүлдүлдері әрі С. Қалиевтің шәкірттері Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртай және Шұғайып Сезімхандардың тартысты айтысына ұласты. Кеш жүргізушісі – ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан.
«Жасынның оты жанымда» кешіне жиналған халық терме-толғау, дәстүрлі ән, эстрада, лирика, би, балалар әндері сияқты бірнеше бағыттағы шығармаларды қатар тыңдады. Кеште ақынды құттықтап, шығармашылығынан ән, жыр-терме орындаған қонақтардың қатарында Алтынай Жорабаева, Тоқтар мен Бейбіт, Гүлбаршын Тергеубекова, Сәкен Қалымов, Ерлан Рысқали, Ғани Мәтебаев, Мұратбек Сарбасов, Қанат Үмбетов бар.
Серік Қалиевтің ақындық өнерінен бөлек, орындаушылық шеберлігіне, сазгерлігіне куә болып қайтқан жұрт оған ризашылығын білдіріп тарап бара жатты..
Айта кетейік, Серік Қалиев – Қазақстан Жазушылар одағының, Айтыс ақындары мен термешілерінің Халықаралық одағының мүшесі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері. «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы» жыр-жинақтары мен «Жыр маржан» атты 10 томдық поэзия антологиясына топтама өлеңдері енген.