Бүгінгі материалымызда Алматы қаласындағы су басқан аудандарды тізбектеп берген болатынбыз. Дегенмен, еліміздің өзге де өңірлерінде төтенше жағдайлар орын алып жатқандығы белгілі болды. Соның бірі –Петропавл іргесінде, нақтырақ айтсақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенің тасуы. Juldyz.kz толығырақ деректерді ұсынады.

5 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалды

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені тасығандықтан, Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 5 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалғандығын облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) хабарлады. Заречный, Былғары зауыт, Прибрежное және Тепличное аулдарынан 877 адам және 155 үй жануары шығарылған. Заречный кентінің тұрғындары азық-түлікпен қамтамасыз етіліп жатыр. Көшіру шараларына 574 адам, 90 техника және 12 жүзу құралы жұмылдырылды.

ТЖД су тасқынына байланысты Қызылжар ауданының жанында Есіл өзенінің суы Пестрое көліне аға бастағанын, салдарынан Тепличное ауылындағы су дейгейінің көтерілу қаупі туындағанын айтады. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауыл маңына төтенше жағдай, ішкі істер департаментінің, жергілікті полицей қызметі, Астана қаласындағы «Орталық аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағы», Ұлттық гвардияның 6637 әскери бөлімінің мамандары мен жергілікті атқарушы органдардан 408 адам және 50 техника жеткізілген.

Облыс бойынша 171 үйге су кiрдi, ал су басқан аулалар одан көбiрек. Су тасқынынан зардап шеккен үйлер негiзiнен Былғары зауыты аумағында, Заречный кентiнде және Қызылжар ауданында орналасқан.

Петропавлда төтенше жағдай режимі жарияланды

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавлда төтенше жағдай режимiн жариялады. Себебі, өткен түнi ондағы 105 үйге су кiрген болатын. Әкім Былғары зауыты кентiнiң тұрғындарымен кездестi. Өңiр басшысы қазiргi басты мiндет — кент тұрғындарын қауiпсiз жерге көшiру екендiгiн, тасқынның шарықтау шегi әлi аяқталмағанын, су әлi де келетiндiгiн атап айтты:

«Су тасқынын ұстап тұруға мүмкiндiк болмады. Оған жиналған мол су әсер еттi. Сыйымдылығы 693 млн. текше метр болатын Сергеев су қоймасына биыл жиналған судың көлемi 1 млрд. 133 млн. текше метрдi құрады, яғни оған Есiл өзенi арқылы құйылған су 164 пайыз болды. Одан басқа, қыста екi есе көп қар жауды, оның үстiне Ақмола облысынан мол су келдi. Қажеттi барлық шараларды қолданудың арқасында Шал ақын мен Есiл аудандарында жағдайды тұрақтандыруға мүмкiндiк туды. Үш күннiң iшiнде Есiл өзенiнiң арнасындағы су 1 метр 70 сантиметрге көтерiлдi. Көтерiлген су деңгейiнiң биiктiгi соншалық, Былғары зауыты ауданындағы жаңа бөгеттен 10 сантиметрге асып кеттi, сондықтан оны биiктете түсу керек. Бiз ескi бөгеттi де көтерiп жатырмыз. Оның жалпы ұзындығы 1 шақырым 700 метр. Өзен арнасында орналасқан тұрғын үйлердi толығымен тасқын судан қорғау үшiн бөгеттiң ұзындығын 4 шақырымға дейiн ұзарту қажет. Бүгiнгi қолда бары — 1 шақырым 700 метр ғана.

Петропавл қаласында төтенше жағдай режимi жарияланатын болады. Осындай режим Ғ.Мүсiрепов атындағы ауданда да болғанын сiздер бiлесiздер. Қалада штаб жұмыс iстейдi. Шұғыл шешiм қабылдау үшiн бiз бүгiн төтенше жағдай режимiн жариялаймыз. Мұндай ТЖ режимi адамдарға көмектесу мақсатында жекелеген мәселелердi барынша шұғыл қаржылық жағынан шешуiмiзге мүмкiндiк бередi».

Есіл өзені суының жағалаудан шығуы 9 шақырымға дейін жетті

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов жедел штабтың мүшелерiмен бiрге Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының аумағын тiкұшақпен аспаннан бақылады. Ұшу барысында судың жайылу аумағы зерттелген.

Жаз айларында Есiл өзенiнiң енi ең көп дегенде 50 метрдей ғана болады. Аумақты бақылау кезiнде Есiл өзенiнiң арнасы 10 шақырымға созылғанын, су деңгейi 9 метрге көтерiлгенiн көрсеттi. Судың ең көп құйылған жерi Бескөл ауылы мен Былғары зауыты ауданы болып отыр.

Су құйылу тоқтағаннан кейiн, елдi мекенге су кiрген учаскелердi жабатын болды. Содан кейiн әкім ондағы суды бар күш-жiгермен сора бастайтындықтарын, осы бағытқа барлық техникалар жұмылдырылатынын айтқан.

Пікір қосу