Назгүл ҚАРАБАЛИНА, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, «Дарын», «Тарлан» сыйлықтарының иегері:

– Отбасын өнерімен қатар алып келе жатқан әйелсіз. Оңай емес шығар?
– Қиындатқым келмейді. Өйткені, менің жолдасым – өнер адамы. Екеуміз өмірде де, сахнада да біргеміз. Екеуміз о баста жүрек деп аталатын «келісім-шартқа» қол қойып алғанбыз. Біріншіден, театрдағы көңіл-күйді үйге алып келмейміз, екіншіден, отбасы үшін қажетті жағдайдың бәрін ер-азамат ретінде Азамат өз мойнына алады. Ал шаңырақтың берекесін кіргізуді өзіме жүктегенмін. Арадан қаншама жыл өтсе де, бұл заңдылықтар бұзылған жоқ. Мүмкін, өзара түсіністіктің әсері шығар? Азамат – үйдің егесі, шешім шығаратын және соңғы нүктені қоятын да сол. Осындай түсінігі мол, жанымды көзімнен-ақ ұғатын ақылды, тәрбиелі, білімді жармен тағдырымның қосақталғанына Жаратқанға мәңгі разымын. Сахнада патша болып ойнасам да, өмірде Азаматтың әйелі екенімді ұмытпаймын. Үйге одан бұрын баруға тырысамын. Әйел ерін босағадан күтіп алса, қандай жарасымды! Біздің үйдегі бұлжымайтын қағиданың бірі осы. Ұлыма да «Балам, папаң келген кезде алдынан жүгіріп шығамыз, ия?» деп титтейінен құлағына сіңіріп қойғанмын. Азамат мені жары ретінде де, актриса ретінде де жоғары бағалайды. Кеше «Дарын» сыйлығын алғанымда мен үшін қатты қуанды. Рас, кей жігіттер «Ой, Азеке, әйелің сен алмаған сыйлықты алып, алдыңа түсіп кетті ғой» деп әзілдеп те жатты. Шыны керек, сол атақты күйеуімнен бұрын алғаныма өзім де ыңғайсыздандым. Әйтпесе, Азаматтың танымалдылығы да, таланты да менен көш ілгері.
– «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар» деуші еді. Ұлыңыздың жалғыздығы ойланта ма?
– Ойлантады. Қазір білінбегенімен ертең өскен соң балама бауыр керектігін білем. Тілек – бізден, оны орындалуы – бір Алладан. Нәсіп еткен күні Сұлтанымызға бір бауыр сыйлармыз деп жүрміз. Әйтпесе «қазір жүкті болмауым керек, бірінші орында – өнерім» деп сақтанып та жүргем жоқ. Сұлтан қазір 6 жаста, келесі жылы, Алла қаласа, мектепке барады.

naz
– Кімге тартқан?
– Түрі де, мінез-құлқы да – тура Азамат. Дәлірек айтсам, қайынатама көбірек ұқсайды. Қазір бір ай болды, ауылда, балапаным сол, сағынып жүрмін өзін! Оған көп уақыт бөле алмайтын сияқтымын. Осыны ойласам, көзіме жас келеді, тіпті жүрегім ауырып кетеді. Балама қарағанда театрға көп көңіл бөліп жүрмін бе деймін (егер екінші рет босанып, ана атанып жатсам, бәрі де басқаша болады деп қоям). Сондықтан ба екен, Сұлтан папасын қатты жақсы көреді. Түнде шошыса, «мама» деп емес, «папа» деп оянады. Мұны мен «ер бала ғой, әкесіне жақын болғаны жақсы» деп ойлаймын.

– Азаматтың ата-анасы бастапқыда актриса келінге қалай қарады?
– Мақтанды дерсіз, маған Алла бақты жардан ғана емес, ата-енеден де үйіп-төгіп бере салған. Тек баянды болғай! Ата-енем – асыл адамдар. Атам әкемдей, енем анамдай болып кетті. Қайынаға, қайын әпкелеріммен де тығыз араласамыз. Бәрі атымды да атамай, «Назка» дейді. Ауылға барсам еркелетіп, қолыма шәйнек ұстатпайды. Кейде шай құйып, босаға жақта отырып қалсам, атам: «Өй, шай құятын басқа біреуің жоқ па? Назгүл қонақ қой, төрге шықсын», – деп бәйек болады. Мұндай адамдардан қалай айналмайсың, қалай жақсы көрмейсің? Қазақта келін қайынатасының алдында иба сақтаған ғой, оны білемін. Бірақ, ыңғайсыз болса да айтайын, кейде қаладан сағынып барғанымызда Азаматпен қосылып мен де атамды қызындай құшақтап, бетінен сүйемін. Ол кісі де «өй, айналайын» деп маңдайымнан сүйіп, арқамнан қағады. Бұл – қазақылықты, салт-дәстүрді білмегенімнен емес, ол кісілердің маған деген соншалықты кіршіксіз қатынасынан туған махаббатым. Кейде құрбыларым «Назгүл, бетінен сүйгенің ұят емес пе? Ол сенің қайынатаң ғой» дейді. Оларға «сендерге де менің атамдай адам кездессін, сонда келін ретінде шын бақытты боласыңдар» деймін.

nazgul
– Сахнада бірде Бәтес, бірде Инкенсіз, кейіпкеріңіз болып жылайсыз, күлесіз, сезіміңізді білдіресіз, сүйісесіз… Соның бірі – «Ымырттағы махаббат» спектаклінде Асанәлі ағамен (Маттиас Клаузенмен) сүйісетін жеріңіз. Өмірде Азаматтың жарысыз ғой, ойнап жатқанда «қап, мына жерде күйеуім не дер екен?» деген ой бола ма?
– Бұл мәселеге өнердің биігінен қарасаңыз, табиғи, қалыпты жағдай ретінде қабылдар едіңіз. Менде ондай ой болып көрмепті. Күлетін, жақындасатын, тіпті сүйісетін тұстарда Азамат менің репетициямды көріп, үйге келген соң: «Назгүл, қалай ойлайсың, әлгі жерде сен мына жағынан барсаң қалай болады?» немесе «Сен ана жерде жүз айналып не істеп жүрсің, олай біртүрлі көрінеді екен, онан да бірден келе бермейсің бе?» деп күйіп-пісіп жатады. Мен де оған өзім байқаған кемшіліктерін айтып отырамын. Осындай биік шығармашылық деңгейде ойласып, пікірлесіп жатқанда «Азамат мен туралы не ойлап қалды екен?» деуге жол да жоқ. Жалпы, осы сүйісу жөнінде көп сұрақ болады. Азаматтың да спектакльдерінде сүйісетін жерлер бар. Ол да, мен де актерлік оқуды бітіріп, сол мектептен өттік. Онда сахнадағы әр қимылыңды, әр көзқарасыңды үйретеді. Осы жағынан келгенде, сіз айтып отырған мәселе жөнінде ойланудың өзі ақымақтық сияқты…
– Кезінде Азаматқа өзінен бірнеше жас үлкен әйел ғашықтығын білдіріп, үйдің кілтін ұсынған екен. Сіз осыған қалай қарадыңыз? Жалпы, өз өміріңізде мұндайлар кезікті ме?
– Азамат – ғашық болуға лайықты жігіт қой, оны түсіне алмасам, менің өнер адамы болғаным қайсы? Мен күйеуіме сенем. Мұның бәріне оның мені араластырмай-ақ өз жауабы дайын екенін де білем. Содан да аса көп мазасызданбаймын. Ал менің тарапымнан қызғанышқа еш жол жоқ. Өйткені, менің басы артық танысым да, араласатын бөтен ортам да шамалы. Мүмкін күйеуім болғандықтан ба екен, әлде, менің қабылда­майтыныма көздері жеткеннен кейін шығар, әйтеуір, басымнан ондай жағдай өткен емес.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№4 (94) ақпан 2011 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Пікір қосу