– Бибігүл апай, Бердібек ағамен қалай таныстыңыздар?
– 1958 жыл еді. Мен Әуезов көшесінің бойындағы дәріханада жұмыс істейтінмін. Бірде орта жастағы бір әйел келіп: «Кешіріңіз, менің бір туысым сізбен танысқысы келеді, қалай қарайсыз?» – деді. Мен кешкі 8-де жұмыстан шығатын едім, сол уақытта келуін өтіндім. Бірақ, ол біршама кешігіп келді. Мен күттім. Ол келгенде: «Неге кешіктіңіз? Қыз баланы сонша күттіргеніңіз қалай?» – деп оған сенімсіздікпен қарадым. Біз осылай таныстық.
– Бұрын үйленіп, ажырасқанын білгеніңізде қандай ойда болдыңыз?
– Оның тура мінезді адам екенін бірден түсіндім. Бұрын үйленіп, ажырасқанын, сегіз жасар қызы бар екенін жасырмай айтты. Бұрынғы отбасы Алматыда тұрады екен. Мен өзім жайлы қысқаша айтып: «Бердібек, сіз әлі ойланыңыз» дедім. Ол болса: «Маған қатын керек» деді еш қымсынбастан. «Ендеше, керек қатыныңызды іздеп көріңіз, ал мен қызбын», – деп жауап қаттым. Ол кезде 24-те едім, тұрмысқа шығуға асықпайтынымды жеткіздім. Ол менен он екі жас үлкен екен. Біз бұдан соң көпке дейін көріспедік. Арада бір жарым жыл өткен соң, көше бойында кездейсоқ кезігіп қалдық. Мені қолымнан ұстап тоқтатып: «Кешіріңіз, мені ұмытып қалған жоқсыз ба?» деп, хал-жағдайымды сұрады. Он күнге іссапарға кетіп бара жатқанын айтып, жолдан келген соң маған келуге рұқсат сұрады. Қай күні келетінін біліп алып, кездесуге келістім. Содан бастап кездесіп жүрдік, бір-бірімізді тани бастадық. 2-3 ай өткен соң үйленуге бел байладық. Мен бірден «той жасаудың қажеті жоқ, оның орнына саяхаттауға шығайық» деген ұсыныс айттым. Той дегенге құмар жан емеспін. Менің танымайтын адамдарым, оның танымайтын адамдары жиылып, тойлатып тарасады. Оның не қажеті бар? Бердібекке де бұл ой ұнады. Сөйтіп, ол жолдама алып, екеуміз 24 күн бойы Кавказды араладық. Сосын 18 күнге Мәскеуге бардық. Ол Мәскеуде 2 жыл оқыпты, қаланы біршама біледі екен. Саяхат барысында бір-бірімізді тани түстік, бұл күндер менің жадымда әдемі көріністерімен есте қалды. Алматыға оралған соң екі отбасына арналған үлкен үйді жалға алдық.
– Туыстарымен таныстырмады ма? Сіздің ата-анаңыз бұл шешіміңізге қалай қарады?
– Жоқ, ол кезде ешкіммен таныспадым. Ал өзім Семейдегі үйіме хат жазып жібердім. Той болмайтынын айттым. Болашақ күйеуім жайында бар мәліметті ашық жаздым. Олар шешіміме қарсы болмады, «өзің біл» деді. Ол уақытта Бердібек «Балдырған» журналында қызмет істейтін. Қыста даладағы тайғанаққа жығылып, аяғын мертіктіріп алды. Содан біраз уақыт бойы үйде гипспен жатты. Осы аралықта «Аяжан» хикаятын жазып шықты. Көктемде сауығып, қайтадан жұмысына кірісті. Ал маусымның 4-інде тұңғышымыз дүниеге келді. Сол кезде Нарынқолдан Бердібектің Әлнұр деген досы қонаққа келген, досының құрметіне тұңғышымыздың есімін Әлнұр деп қойдық. Әлнұрды әрқайсымыз өз бетімізше атайтынбыз. «Әлижан», «Әли» дейтінбіз. Тұңғыш баламызды қырқынан шыққанша күтуге Семейден анам келіп, көмектесті. Баланы енді қырқынан шығаруға дайындалып жатқанымызда Бердібек жаңа пәтер алатынымыз туралы қуанышты жаңалық әкелді. Қуанышымызда шек болмай, қазіргі Төле би мен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы екі бөлмелі совминдік жаңа пәтерге көшіп бардық. Содан бір күні жақындарымызды шақырып, кішігірім той жасайық деп ойладық. Қалмұхан Исабаев, Серік Қирабаев, т.б. достары қонаққа келді. Арада бір жарым жыл өткен соң екінші ұлымыз Мұхтар туды. Бұл кезде менің анам зейнетке шығып, біздің қолымызға келді. Мен дәріханада басшылық қызметтер атқардым. Декрет уақыты аяқталған соң, балаларды шешеме қалдырып, жұмысқа шығып кететінмін. Ал бес жылдан соң Төле би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы үш бөлмелі пәтерге көштік. Себебі, Бердібек әрдайым жеке жұмыс бөлмесі болғанын қалайтын. Бұл үйде Әнуар Әлімжанов тұрған. Балалар 39-мектепке барды, мен 20-дәріханаға ауыстым. Бұл үй балалардың мектебіне де, менің жұмысыма да, Бердібек сол шақта қызмет ететін Жазушылар одағына да жақын, қолайлы еді. Сол үйде жиырма жыл тұрдық.
– Жазушының жұмыс кестесі қандай еді?
– Жұмыс кестесі өте қатаң еді. Таңертең сағат 9-да шайын ішкен соң бірден жазу үстеліне отыратын да, түскі сағат 2-ге дейін тапжылмайтын. Түстен кейін саяжайға кететін. Өсімдік атаулыға жаны құмар еді. Мен «саяжайға көп уақытыңды бөлгендіктен, шығармашылығыңа аз уақыт жұмсайсың» деп кейитінмін. Расында да, екінің бірі жазушы бола алмайды ғой, ал мен оның осы қасиетін жоғары бағалайтынмын. Сол үшін де басқа іске көңілін бөле бермей, шығармашылыққа көбірек ден қойғанын тілеуші едім. Бір күні үйдің есігін біреу қақты. Бір әйел кіріп келді де: «Мен сіздің көршіңізбін. Көлігімді сатайын деп едім, сіздерге машина керек емес пе?» деді. Ол кезде машина табу да, алу да қиын еді ғой. Мен күйеуім саяжайдан келгесін ақылдасып көретінімізді айттым. Кешке Бердібек келгенде: «Мен саған саяжайға мініп баратын машина тауып қойдым», – дедім. Солайша, «Москвич» көлігіне ие болғанбыз. Біраз уақыттан кейін ол «Москвичті» сатып, оның орнына «Жигули» алдық. Ол көлігін өмірінің соңына дейін жүргізді.
– Жалпы, Бердібек ағаның мінезі қандай еді?
Ол – өте қызуқанды адам еді. Бірақ, алғашқы үш жылда оның жаны жай тапқаны сонша, ол өзінің қызуқандылығы мен ашушаңдығын ұмытқан да еді. Сондай жайбарақат көңіл-күйде жүрді. Ол кісі тазалықты жақсы көретін. Мен жұмыста болғанда, ұлдар үйді жуып, жинап қоятын. Мұхтарымыз үйленді, ал Әлиіміз үйленбеді. Үлкен немереміздің аты – Тахауи. Қазір 28-де. Бердібектің немересінің тойын көрмегені өкінішті. Бердібек уайымшыл адам еді ғой. Қиын кезеңдер туғанда «мына балалар қалай өмір сүреді?» деп қайғыратын. Құдайға шүкір, біз бәрібір ешкімнен қалыспай тірлік етіп келеміз. Бір «әттеген-айы», Бердібектің жүрек сырқаты бар еді. Остеохондроз мазалайтын. 90-жылдардағы тоқырауды да жүрегіне жақын қабылдайтын.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№2, 2011 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА