ҚР Еңбек сіңірген әншісі Бағдат Сәмединова «Таңшолпан» бағдарламасына қонаққа келіп, өмірдегі және өнердегі жаңалықтарымен бөлісті. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Әнші шәкірттерінің жетістіктері туралы айтып өтті.
«Қазір Алматы мен Астана ортасында жүрмін. Шығармашылық кештер өте көп. Қазір Өнер университетінде сабақ беремін. Жақында университеттегі студенттеріммен олимпиадаға барып, жүлделі болдық. Соны мақтан тұтамын», — деді ол.
Әнші қазіргі уақыттағы жастардың ән айтуына да өз көзқарасын білдірді.
«Біздің кездегі ән айту мен қазіргі ән айтуды салыстыру қиын. Біз патриоттық рухтағы, отансүйгіштік әндер айттық. Ол кезде біздерге бастысы – «диапазон, әннің жүрек пен жаннан шығу» деп үйретті. Қазіргі жастар шетелдік әндерді айтқанды ұнатады, бағыттары өзгеше. Шет тілін білген жақсы, алайда қазақ әнін, туған жер, ана, отан туралы ұмытпау керек. Жас әншілерге қазақ әндерін насихаттау керек. Сондықтан сабақ бергенде қазақ әндерін, қазақ репертуарын көбірек енгізуді жөн көремін», — деді ол.