– Өзіңіз ене мектебінің «табалдырығын» тым ерте, 18 жасыңызда аттаған екенсіз. Үлгерімі мен тәртібі нашар келін болмадыңыз ба?
– (Күліп алып). Мен 18 жасымда тұрмыс құрдым, 19-ымда тұңғышымды босандым. Ол кезде келін деген атым болмаса, қолымнан тамақ істеу де келмейтін. Қаладан келген ерке қызбын, тәрбием де орысша. Енем ол кезде небәрі 44-те. Ол кісіні «Маргарет Тэтчер» деп атаймын. Көрікті, күліп жайнап жүретін кісі. Өмір бойы бас бухгалтер болған. Мұнтаздай киініп алып жұмысқа кететін. Халат киіп алған абысыным екеуміз енеме тамсанып қарайтынбыз. Енеміз біздің идеалымыз болды. Ал идеалыңа ренжисің бе?! Оның айтқанын мүлтіксіз орындауға тырысасың. Соған қарап талпынасың. Менің келін болғаныма 22 жыл болды, енем әлі сол қалпы. Ал абысыныма ризашылығым шексіз. Туған әпкемнен де асып түсті. Түсінігі мол, мінезі жайлы кісі. Тамақты сол пісіретін. «Қазақстан әйелдері» журналын абысыныма көрсетіп, «Осының мұқабасына мен шығамын, көресің» немесе «Азия дауысын» мен жүргізетін боламын» дейтінмін. Абысыным күлетін. «Сен жұлдыз болатын болсаң, таста, мен-ақ қолымды бүлдіре берейін» деп, пеш жағу, күл алу, бау-бақша дегендей жұмыстарға мені араластырмайтын. «Сендер әрі қарай өсіңдер» деп бар тірлікті мойнына алып, бізді қалаға жіберді. Қазір сол қара шаңырақта менің орнымды басып, ата-енемнің бар жағдайын жасап отыр. Әлі күнге есіме алсам, жылап аламын. Есімі – Ардақ. Шынымен-ақ ардақты жан, үш баланың анасы. Сондықтан абысыным мен енеме еш шағымдана алмаймын. Жастықпен кейде Бағдатқа «Абысыным мен ата-енемді қимаймын, әйтпесе…» деп сес көрсетіп қоятынмын (күліп). Негізі, күйеуім «Сен ұмытшақсың» дейді. Мен жамандықтың бәрін тез ұмытамын. Мен үшін бәрі жақсы: бүгінгі күн қандай тамаша, төбеден күн күліп тұр, алдымда сіз күлімдеп отырсыз.
– Жаңылыспасам, Бағдат аға сізді алып қашып үйленген ғой, иә? Қыз алып қашуға қалай қарайсыз?
– (Күліп). Алып қашып дегенде, менің өз келісіміммен ғой. Бірақ ата-анам білмеді. Бағдат – өзімнің сөз байласып жүрген адамым еді. Және оның бәрі жастық албырттықпен болды ғой. Алып қашуға өз басым қарсымын. Өйткені қазір өзім де үкілеп қыз өсіріп отырған анамын. Егер менің қызымды алып қашып кетсе, соттасар едім. Қаншама қыз алып қашудың құрбаны болып, тағдыры талқандалды. Егер келісіммен болса, оның жөні басқа.
– «Бағдат менің бойымнан жар, ана, келін ретінде мін таба алмайды» депсіз. Отбасылық өмірде өзіңіз қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?
– Жолдасым 20-да, өзім 18 жасымда отбасын құрдық. Бірден жайлы өмір бола қойған жоқ. Біз де аштықтан, талай қиыншылықтан өттік, Алматыға келгенде талай пәтердің табалдырығын тоздырдық. Балаларым қазанды нұсқап, «тамақ» деп жылағанда не дерімді білмеген күндер де өтті. Бірақ жүзімізді төмен салып, біреудің алдына барып ақша сұраған емеспіз. Жолдасым Бағдат екеуміз таңертең жаңалықтар жүргізсек, кешке таксист болдық. Бағдаттың жалғыз өзін жіберейін десем, рэкеттердің дәурені жүріп тұрған 90-жылдар, қорқамын. Кешкі ас-суымызды ішіп аламыз да, балаларды тастап, түнімен «таксовать» етеміз. Тапқанымызға азық-түлік алып, таңертең қайта жарқырап жұмысқа кетеміз. Сөйтіп жүріп бүгінгі күнге адал еңбекпен жеттік.
Қазір парақшама қаржылай көмек сұрап жазатындар көп. «Әзірге сіздерге көмектесе алмаймын, мен банк емеспін ғой. Балаларымның аузынан жырып, сіздерге бере алмаймын» деп әрқайсысына жеке-жеке түсіндіремін. Мен «отбасын асырау – сенің міндетің» деп бар жүкті күйеуіне артып қоятын әйелдерді түсінбеймін. Әрине, ер-азамат міндетті. Бірақ оны кешке дейін айтып, құлақ етін жей беру дұрыс емес. Күйеуінің жалақысы жетпей жатыр ма, онда өзі де отбасы бюджетіне үлесін қоссын. Кейде пендешілігім ұстағанда Бағдатқа: «Неге осы сен маған «жұрттың күйеулері» сияқты ананы сыйлап, мынаны әпермейсің? Менің әлі күнге гауһар тасым да жоқ», – деймін. Бағдат: «Қайтесің оны? Сен өзің гауһарсың ғой. Әперейін десем, қарасаңшы, екі қызымыз бойжетіп қалыпты», – деп қалжыңдайды.
– Заманауи анамын дейсіз. Қыздарыңызбен сырласасыз ба?
– Жалпы, біз – қазақ қыздары ұяңбыз, анамен сыр ақтарып сөйлеспейміз. Мен де анаммен ешқашан сырласқан емеспін. Ең бірінші сырласым абысыным болды. Қазір өз қыздарыммен сырласамын. 6-сыныпта оқи бастағаннан қыздарыма бойжеткен қыз сияқты қараймын. Қазіргі менің ең жақын сырластарым да, құрбыларым да – қыздарым. Менің еңбек кітапшамдағы ең «стажы» көп жұмыс орным – балаларымның тәрбиесімен айналысуым (күліп). Ана болуға үлкен күш-жігер керек. Балалардың тамағы, кір-қоңы, сабағы деген сияқты көзге көрінбейтін ұсақ-түйек шаруаларды өзім атқарамын. Әкесі кешке дейін жұмыста. Бәріне өзім жауаптымын. Құдайға шүкір, қазір бәрі есейіп қалды. Қыздарымның алды Айдана – 20-да, екінші қызым Ләйлә Қытайда білім алып жатыр. Үшінші қызым Дегдар 7-сыныпта, ұлым Әбілмансұр 1-сыныпта оқиды. Ал сүт кенжем Алдияр төрт жастан асты. Баяғыда шешем «Бар байлығым – балаларым» деп жиі айтатын. Ол кезде «Неге өйтіп айтады? Біздің қай жеріміз байлық?» деп түсінбеуші едім. Қазір енді өзім сөйтіп айтамын. Жұмыстан шаршап келгенде ұлдарым тәпішкемді әкеліп, бірі бетімді сүйіп қарсы алады. Мультфильмдегі кейіпкерлердің атын жаттап алып, «Менің ханшайымым, Фионам» деп еркелетеді. Ортаңғы қызым «Мама, шай дайындап қойдым» деп алдымнан жүгіріп шығады. Екінші қызым Қытайдан үйіп-төгіп сыйлықтарын әкеледі. Үлкен қызым – қолғанатым. Шынымен де, әйел адамның бар байлығы балалары ғой. Бақытымды Аллам көпсінбесін.
(…толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының
№6 (199) 2015 жылғы санынан оқи аласыздар)
Бақытымды Алла көпсінбесін дегені болмайды Аллаға ол керек емес,алла айтады шукыр етсең арттырамын дейді.
Салтанат, Сиз неше бир киындыктар басыныздан отседе, омирге коп бала акелуден коркпаган батыр, керемет анасыз,Мен сизге оте ризамын, Ондай киындыктарды арким оз басынан откизип, жетистикке жетуге арекет етип жемисин коруи керек деп ойлаймын, Менин Сизге айтайын дегеним,булдиршиндериниздин кызыгына тоймай Багдат екеуиниз бирге болисип,улкен -улкен табыстарга жете бериниздер, Сиздин Уят емес деген багдарламанызды ,киноларынызды коретин корерменмин,