Айтақын Бұлғақов 1960 жылы 19 қаңтарда Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Ол айтыскер ақын.

Балалық шағы

«Ба­лалық шағым өте қысқа болған сияқты. Өйткені, екінші сыныпқа барған жылы әкем дүние салды. Ол кісі мені бес баласының ішінде ерекше жақсы көріпті. Тізесіне отырғызып еркелетіп отыратыны бүгінге дейін есімнен кетпейді. Жанұяда төрт ұл, екі қыз едік. Әкем көз жұмғанда бір жыл бұрын әскер қатарына шақырылып тұңғыш ұлы, яғни үлкен ағамыз Жақып теңіз фло­тында азаматтық борышын өтеп жүрген еді. Ауылға келіп топырақ сала алмады, одан қаралы хабарды жасырып қалдық. Аман-есен туған жерге табан тірегеннен кейін бір-ақ естіді. Өкініштісі, әскерден оралған соң үш айдан кейін үйленіп, жаңа қосыл­ған жарымен небары алты ай ғана өмір сүрді. Колхозда трактор айдаушы еді, жол апатынан қайтыс болды. Бір жыл бұрын Құдай қосқан қосағынан айырылып, қара жамылып жүрген шешеме баласының өлімі жығылған үстіне жұдырық боп тиді. Басын тауға да, тасқа да соққан шешемді тағдыр тағы да сынаққа алды. Баласының топырағы кеппей жатып, бір жыл өткенде туған бауы­ры өмірден озды. Осылайша бес баламен жесір қалған анамның көз жасын көріп өскен біз ерте есейдік. Колхоздың сиырын сауатын шешемізбен бірге таңда тұрып, қолғабыс жасайтынбыз. Қанша қиналса да анам бізге жамау киім кигізбеді. Оқытты, тоқытты, ел қатарынан қалдырмады. Анамыздың қас-қабағына қарап, бала кездің қызығына көп бата қойғанымыз жоқ. Әйтсе де ол кезеңдерде күзгі жүгері жинау науқанында оқушылар сабақты сырып қойып, егістік алаңынан табылатынбыз. Жүгері сорттау кезінде Әсия деген сынып­тасым менің ұшқалақ мінезімді пайдала­нып «Сен жүйріксің ғой, мына көзілдірікті ана беттегі құрбыма апарып бере салшы» деген соң, танауым делдиіп жүгіріп бара жатып сүрініп-құлап, сындырып алғанмын. Сыныптасым жылап, мені қарғап-сілегені бар-ды. Осы оқиға есімде қалып қойыпты» (Ақынның сұхбатынан).

Еңбек жолы

Айтақын Бұлғақов Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педогогикалық университетін «Бастауыш сыныптар мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Үшарал аулындағы халық театрында (1977-1979), Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі (1979-1982) болып еңбек еткен. 1982-84 жылдары Кеңес армиясы қатарында болған. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде домбыра үйірмесінің жетекшісі (1984-1989), Талдықорған облыстық «Қазақ тілі қоғамында» (1990-1993), облыстық тіл басқармасында жетекші маман (1993-1994), облыстық телерадиода редактор (1994-1997), Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда баспасөз өкілі (2003-2008) қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап тәуелсіз басылым «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде бас редактор қызметінде.

Айтыскер ақын ретінде алғаш 1986 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» бағдарламасы ұйымдастырған «Әуе толқыны» айтысына қатысып, жеңімпаз атанған. 2001 жылы Семей қаласында өткен Тәуелсіздіктің 10 жылдығына, 2002 жылы Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арналған республикалық айтыстарда 1-орынды иеленген. Бүгінге дейін 200-ге жуық республикалық халықаралық айтыстарға қатысқан. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» фильмінде (режиссері–А.Әшімов, 1993) бақсы рөлін сәтті сомдаған. 2000 жылы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның көркемсөз оқу шебері.

Жарымен қалай танысқан?

«Біздің махаббатымыз 8-сыныптан басталды. Менің анам сауыншы болды. Жәмила әпкесімен біздің малды ауылға келіп тұратын. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізбен тіл табыстық. Содан бала кезден басталған тұнық сезіміміз, қарым-қатынасымыз сол тұнық күйінде келе жатыр. Бір жерге іссапарға кетіп, бір-бірімізді бір апта көрмей қалсақ, кәдімгідей сағынып қаламыз. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, әрине. Бірақ, әрі кетсе бір сағаттан аспайды, бір-бірімізге деген ренішіміз сейіліп, ашуымыз тез тарқап кетеді. Мұңымыз да, сырымыз да бір болып, осылай тату-тәтті өмір сүріп келеміз» (Ақынның сұхбатынан).

https://www.youtube.com/watch?v=l9g215jDTLU

Отбасы

Екі баласы бар. Үл­кені — Арман. Жаркент қаласындағы шекара отрядында келісімшарт бойынша қызмет атқарған. Қазір басқа жұмысқа ауысқан. Кіші баласы — Жандарбек бүгінде әке жолын қуған айтыскер ақын. Үйленген, қазір Астана қаласына тұрады. Зайыбының есімі -Жәмила.

Жетістіктері

Айтақын Бұлғақов республикалық халық театрлар байқауының лауреаты, Қазақтың ұлы тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаевтың тарихи мұрасын зерттеуге үлес қосқаны үшін «Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына-130 жыл» медалімен марапатталған. Ол Монғолия демакратиялық партиясының «Монғолия тәуелсіздігінің құқығын қорғаудағы ісіне қосқан үлесі үшін» орденімен, Монғолия  Жастар Одағының жоғарғы сыйлығы «Көшбасшы» алтын медалін иеленген. Сондай-ақ, айтыскер ақын бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы.

Пікір қосу