Төлеген Айбергенұлы Айбергенов (1937-1967) ақын

Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген (29.08.1967). 1959 жылы Ташкенттің Низами атындағы Ташкент педогогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бойынша бітірген.

Балалық шағы, Отбасы

Төлегеннің анасы Жібек Қонарбайқызы айы-күні жетіп, дүниеге ұл әкеледі. Атын «Қайтыс болып кеткен бес ұлымның орнын төледің» деп, Төлеген атаған екен.
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын,
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп, – деп ақынның өзі жырлағандай, балалық шағында еркін өседі. Төлеген 14 жасқа келген кезде әкесі Айберген қайтыс болады. Ал анасы 1964 жылы өмірден өтеді. Артында бес баласы қалды. Үлкені Салтанат, Махаббат, Дәурен, екі егіз Құсни мен Айнар. Өкінішке қарай, Дәурен де 46 жасында өмірден озып кеткен.

Үрниса АЙБЕРГЕНОВА (1937 – 2006), Т.Айбергеновтің әйелі: 

«Төлегенді ойласам, өзім басымнан өткізген өмірдің қызығы мен қуанышы, қайғысы мен мұңы көз алдымнан елес береді. …1954 жылдың күз айы болатын. Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет және тарих факультетінің алғашқы курсына қабылданған бір топ жастар екі айға ауылшаруашылық жұмысына аттандық.
Ә дегеннен бір-бірімізге бауыр басып, «тонның ішкі бауындай болып» кеттік. Сонда мен қасымда келе жатқан қаршадай жігіттің кейін өмірлік бақытым да, ғұмырлық қайғым да боларын сезбеппін.

Жары Үрнисамен алғаш танысқан кездер. Солдан оңға қарай: екінші – Төлеген, бесінші – Үрниса

Студенттік шақтың қызығын да, қиыншылығын да бірге көріп, институтты бітіргеннен кейін екеуміз отбасын құрып, оның Қарақалпақстандағы туған ауылына аттандық. Төлегеннің анасы кіші апасымен тұрады екен. Барған бойда өз қолымызға алдық. Алғашында ауылдан он екі шақырым жерде орналасқан Ленин атындағы орта мектепке жұбымызды жазбай барып сабақ беріп жүрдік. Кейін Төлеген Орджоникидзе атындағы орта мектепке, Қоңыраттағы бастауыш мектепке мұғалім болды да, мен аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқардым.
Біраз жылдан кейін Төлегеннің анасын өзімізбен бірге алып Шымкент облысындағы Сарыағаш ауданына көшіп келдік. Ол Сары­ағаштағы кешкі жастар орта мектебінің ди­рек­торы да, мен мектеп-интернаттың аға тәрбиешісі әрі тіл-әдебиет пәнінің мұғалімімін. Үш бала сүйген кезіміз болатын» (Т.Айбергенов. Шығармалары. 3 том).

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫНЫҢ ТАРИХИ ТІЗБЕСІ:
(хронологиялық тәртіп бойынша)

– 1937 –
8 наурыз – Қарақалпақстан республикасы, Қоңырат ауданы, Қоңырат ауылында дүниеге келді.
– 1957 –
Осы жылдан бастап алғашқы туындылары республикалық газет-журналдарда жариялана бастады.
– 1959–
Ташкент педагогикалық институтын бітірді.
– 1959-1962 –
Қоңырат ауданындағы орта мектептерде мұғалім болып істейді.
– 1961 –
Бір топ өлеңдері «Жас дәурен» атты жинаққа енді.
– 1962-1965 –
Шымкент облыстық Сарыағаш ауданындағы орта мектеп директоры болады.
– 1963 –
«Арман сапары», «Өмірге саяхат» атты кітаптары жарық көрді.
– 1965-1967 –
Екі жыл жұмыссыз жүрді. Жеке шығармашылығымен айналысты.
– 1967 –
Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушы болады.
29 тамыз – Қарақалпақстан республикасы Нөкіс қаласында қайтыс болды.

Т. Айбергеновтың өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты топтама жинақта басылды. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін, замандастарымыздың рухани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан, қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ыррақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары — «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондай-ақ орыс тілінде «Мир созвездья» (1987) деген атпен таңдама-лы өлеңдері аударылып басылды. Айбергеновтың «Ақ ерке, Ақ жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974, қайтыс болғаннан кейін). 1997 ж. ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол турапы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітабы жарық көрді.

 Төлеген ағамыз өмірде қандай адам еді?

«Төлеген бүкіл бітім-болмысы бөлек, таза адам еді ғой. Өте шыншыл болатын. Ақты – ақ, қараны қара деп айта білетін. Төкеңнің дүниеден озуы маған өте ауыр тиді.
1988 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының пленумында сөз алып, сөзімді түгелдей Желтоқсан оқиғасына арнадым. Қазақ халқын ұлтшыл деп қаралаған СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросын сынадым, Желтоқсанның төңірегінде үлкен әділетсіздіктердің болып жатқанын айттым. «СОКП Орталық Комитеті қазақ халқынан кешірім сұрауы керек» дедім. Сол кезде пленумға қатысып отырған 400-ге жуық жазушылардың тым құрыса біреуі «Мұхтардікі дұрыс» деп айта алмады. Бәрі басын төмен салған күйі отырып қалды. Осыған қатты ызаланған мен: «Шіркін, Төлеген Айбергенов тірі болғанда, сөзсіз, мені қолдап сөйлер еді», – деп көзіме жас алған едім». М.Шаханов, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Т.Айбергеновтің досы (АҢЫЗ АДАМ №6 (114) Наурыз 2015 жыл).

Өмірінің соңы

«Алматыға көшіп келгеннен кейін 2 жыл бойы Төлеген жұмыссыз жүреді. Бар арманы әдеби қызметкер болу болған. 2 жылдан соң Жазушылар Одағының насихаттау бөліміне жұмысқа тұрады. Сөйтіп, Қарақалпақстанға қазақ ақындарының кездесуін ұйымдастырмақшы болып барады. Біз Қарақалпақстанға кеш болардан бір ай бұрын ғана бардық. Өйткені, әкемнің өз туған жеріне де баруы керек болды. Басқа ақын-жазушыларды күтіп алып, кешті ұйымдастыруы қажет болды. Сол кезде ол ауырып жүрген, бауыры ауырды. Бірақ, ауруына еш мән бермеді. Менің мектепке баратын кезім еді. «Салтанды өзім мектепке ертіп апарамын. Бірге сабағында отырамын,өңкей лақтардың ішінде өгізге ұқсап отырамын ғой» деп әзілдейтін. Бірақ, ол арманына жетпеді. 28-тамыз күні ұқайтыс болды. Бұрын дәрі ішіп көрмеген адам еді. Бас-аяғы бір айдың ішінде аурудан сылқ құлады. Мен ол кісіге «көз тиді» дегенге сенемін» (Салтанат қызының естелігінен).

Марапаттары

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974 жылы, қайтыс болғаннан кейін). 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап, 2001 жылы «Бір тойым бар» атты жыр кітабы жарық көрді. Жастарға арналған Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Поэзияда оны Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахым т.б. жас ақындар ұстаз тұтты.

БІР ТОЙЫМ БАР

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілімен ақ қайың бүртігіндей,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйге берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен, әйтеуір, бар жиған-тергенімді,
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін, талай түнгі тілегім ед,
Мәңгілік тарқамауы мүмкін оның.

Пікір қосу