Серік Сәпиев 16 қараша 1983 жылы Қарағанды облысы, Абай қаласында дүниеге келген. Ол боксшы, олимпиада чемпионы.
Балалық шағы
«Бес жасымнан бәрі есімде. Өте тынымсыз бала болатынмын. Достарыммен шатырдан шатыр, жертөледен жертөле қоймай аралайтынбыз. Бірақ топ-топ болып төбелесуге қатыспаппын. «Мәселенің бәрін» сөзбен шешетінбіз. Балалар болып жиналып, қызылкеңірдек болып кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін дәлелдейтінбіз, бірақ ол әңгіме төбелеске ұласқан емес. менің әкем – шахтер, ал анам шахтада бухгалтер болып жұмыс істеген» (боксшының сұхбатынан)
Бір жылдай Алексей Стрельниковтей бапкерден тәлім алған Серік әкесінің ақылымен Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында, білікті бапкер Сайын Аратаевтың қол астында үш жыл өткізеді. Интернатта үш жыл өткізген кейін Абай қаласына, алғашқы бапкері Александр Стрельниковке қайтып келеді.
«Серік менің алдыма келгенде 11 жаста еді. Өзі нәзіктеу, тұйық болатын. Бірақ көзіне қарап-ақ тегін бала еместігін аңғардым. Жанарында бір ұшқын бар. Уақыт оза байқасам, өнері аздап ағасына келіңкірейді. Бақтай да техникалық арсеналы өте бай, жылдам боксшы болатын. Сондай қасиеттер Серіктің де бойынан табылды. Сол кезде мен бұл жігіттің шабысы ширақ болатынын байқадым»(бапкері Александр Стрельниковтың сұхбатынан).
Боксшы Серік
Серік Сәпиев бокспен 11 жасынан бері айналысып келеді. Өзі туып-өскен Қарағандының іргесіндегі Абай қаласында ол Александр Стрельниковтың тәрбиесін көреді. Жас талапкер білікті бапкерге бірден ұнайды. Өйткені, боксқа деген бейімділік оның қанында бар. Серіктің немере ағасы Бақтай Сәпиев кезінде жастар арасында КСРО чемпионы, ересектер арасында КСРО чемпионатының екі дүркін жүлдегері, социалистік елдер арасында өтетін «Достық» ойындарының жеңімпазы атанды. 1972-1976 жылдар аралығында Одақ құрамасының сапында болып, тоғыз бірдей халықаралық турнирде топ жарған.
«Боксқа дейін мен басқа да түрлі секцияларға қатыстым: шахмат пен дойбыға, футболға, баскетболға… Мен он жасқа, ағам он екі жасқа келгенде, әкем екеумізді боксқа алып келді. Анам менің әуесіме байсалды қарайтын, бірақ о баста ол кісі менің кәсіпқой спортшы болуымды қалаған жоқ. Мектепті бітіргеннен кейін бокспен күн көруге болатынын түсіндім және басқа кәсіпті үйренуді ойланған жоқпын. Бокс менің өміріме айналды. Бокстан кетсем де жігіттермен араласып тұрамын, жаттығуға барамын» (боксшының сұхбатынан)
Отбасы
Серік жұбайы Мөлдірмен би кешінде танысқан. Олардың 3 қызы бар. Жұбайын Жантик деп еркелетеді.
Жетістіктері
Ол әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), Азияның екі дүркін чемпионы (2007,2009), Азия ойындарының жеңімпазы (2010), бірқатар ірі турнирлер медальдары мен жүлделерінің иегері. Қазақстанның атақты боксшыларының бірі.
Марапаттары
Серік Сәпиев халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, Парасат орденінің кавалері (2008 жыл), Отан орденінің иегері (2012), спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы атанған әлемдегі 13-ші спортшы, қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі, 2014 жылдың қарашасынан бастап Astana Arlans командасының бас директоры болды. Қазір Парламент Мәжілісінің депутаты.