Несіпбай Болатбекұлы Нәсенов 1961 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. Ол 90-жылдары Қазақстандағы «қылмыс әлемінің серкесі» деп айыпталып, бірнеше мәрте түрмеге қамалған. «Рыжий Алмаз» жасырынып жүріп, Испанияда жұмбақ жағдайда көз жұмған.

«Рыжий Алмаз» кім?

Сол кезеңдегі газеттерде белгілі болғандай, «Рыжий Алмаз» Қырғызстанда жүріп істі болады. Ыстықкөл аудандық халық сотының үкімімен қарулы шабуылға қатысты деген айыппен бес жылға сотталады. Улардай шулаған баспасөз беттерінде оның «түрме университетін» беске бітіргені, түрме заңын жетік білгені сондай, ақша жасау мен адам тануды да мықты меңгеріп шыққаны жайлы жарыса жазады. Туған тілінен бөлек орыс, армян, шешен, сыған тілдерін жақсы білген, ағылшын тілін үйренген деседі.
Спортпен, оның ішінде айкидо өнерімен айналысып жаттыққан. Қол астына қараған қазақтың жігіттерін де осындай шығыс жекпе-жегіне баулып дайындаған деген деректер бар. Тіпті сол кездегі қазақ мафиясының белсенді топтары – «Атаба», «Төрт ағайынды», «Бабахан» сияқты ұйымдардың мүшелері түгелі дерлік «Рыжий Алмаздың» қоластында дайындалған. «Рыжий Алмаз» «қылмыскер» атана жүріп,  Алматыдағы «Қалқаман» ықшамауданынан аурухана салғызбақ болады.

НЕСІПБАЙ КӨП ЖЕРДЕ ӨЗІНІҢ ШЫН АТЫН АТАМАЙ, «АЛМАЗ» ДЕП ТАНЫСТЫРҒАН ЕКЕН. КЕЙБІР КӨЗ КӨРГЕНДЕР «САРЫ АЛМАЗ» ДЕГЕН ЛАҚАП АТТЫ ҚЫЛМЫС ӘЛЕМІНДЕГІЛЕР ҚОЙҒАН ДЕСЕДІ. СЕБЕБІ, ОЛ АЛҒАН БЕТІНЕН ҚАЙТПАЙТЫН, АЛМАС СЕКІЛДІ ӨТКІР БОЛҒАН-МЫС. АЛ, «САРЫ» СӨЗІ АҚШЫЛ РЕҢІНЕ БОЛА АЙТЫЛҒАН.

Отбасы

Әкесі — Болатбек Нәсенов, анасының есімі — Бикен. Жары — Ситора Назарова.

Жарымен қалай танысқан?

«Ол мен айтқан мейрамхана қожайындарының бірі болатын. Мені сол мейрамханада көріпті. Көрген соң, өздерімен бірге бір дастарханда отыруымды сұрады. Бізде «мейрамханадағы әнші кез келген адаммен бір дастарханда отырып іше береді» деген түсінік қалыптасқан ғой. Бірақ, мен оңайлықпен беріле салатын адам емеспін. Алмаз да маған оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Ол менің артымнан көп жүгірді. Тіпті, менімен бірауыз тілдесе де алмады.»Тұрмыстамын, анау-мынау» деп сылтау айтып қашып жүрдім. Менің түсінігімде, ер адам біреуді қаласа, оған қол жеткізе білуі керек. Алмаз менен 17 жас үлкен болғандықтан, кішкентай бала сияқты қарайтын» (жары Ситораның сұхбатынан).

Болмысы қандай болған?

«Рыжий Алмаз» – өте мәдениетті, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеуде ізеті мол жігіт. Ұлттың бағына біткен азаматы. Өз көзіммен көрген адам ретінде айтарым: ол – қазақтың ғажайып тұлғасы. Мұндай рухы биік, ірі жігіт елде некен-саяқ болады, оны қаралап, тұқырта бергеннен гөрі мақтаныш етіп айта білуіміз керек деп білемін» (Жұмагелді Нәдірбековтің сұхбатынан)

Өмірінің соңы

«Бізден кеткен соң бүгінгі «Күзет» секілді заңды фирма құрып, жұмыс істей бастады. Жазықсыз жапа шеккендер арыз-шағымын айтып алдына барады екен. Ол осылай көптеген азаматтарға қол ұшын созды. Бірақ мықты бір дөкейдің алдын кесіп кетіпті. Бір күні маған Алматыдағы Совет аудандық сотынан хабарласып, Несіпбайдың үстінен іс қозғалып жатқанын айтты. Суық қару сақтағаны, салық төлемегені және қорқытып-үркітуге қатысқаны туралы үш бап бойынша айып тағылыпты. Суық қару дегендері бір кавказдық досының сыйға тартқан қанжары екен. Мен сотқа: «Біздің үйде ондай қанжардың бірнешеуі бар. Егер қанжар суық қару болса, мені де соттаңдар!» – дедім. Қаржы министрлігінде қызмет ететіндіктен, салық туралы айыптың да негізсіз тағылып отырғанын дәлелдеп бердім. Бірақ оларға берілген тапсырма Несіпбайды соттау болатын. Соттады. Бес жылға қатаң режимде жазасын өтеуге жаза кесті. Алдымен Павлодарда, кейіннен Маңғыстаудың түрмесінде жатты. Ол кезде Ақтау колониясындағы жағдай өте нашар болыпты.

Несіпбай жазасын өтеуге барған соң, достары зонаны санаторийға айналдырып жіберіпті. Несіпбай ақыры бұл түрмеден қашып кетті. Ол Испанияда болды. Оған халықаралық іздеу жарияланып, тіпті Интерпол іске кірісті. Шетелде жан тапсырғаннан кейін Несіпбайды Алматыға әкелді. Ол кезде мен Өзбекстанның Жызақ қаласында іссапарда жүргенмін. «Сүйек келді» дегенді естіп, дереу Алматыға келдім. Мүрдені достары Кеңсайға жерлемекші еді, бірақ қалалық әкімшілік рұқсат бермеді. Сосын Бағанашылдағы және Боралдай жақтағы зираттардан орын дайындаттық. Адам көп, мыңнан аса жігіт жиналды. Патрульдер артымыздан еріп, әр қимылымызды орталыққа хабарлап жатты. Бұған шыдамаған жігіттер жолды жауып, полицияның көліктерін өткізбей тастады. Біз Несіпбайды осылай жер қойнына тапсырдық. Оның мазарын достары бір айдай уақыт күзетті. Себебі достары «Несіпбайдың сүйегін алып, лақтырып тастауы мүмкін» деп күдіктенді» (әкесі Болатбектің сұхбатынан).

Пікір қосу