Ержан Серікбаев 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданында дүниеге келген. Ол — әнші, сазгер.

Балалық шағы

«Бала кезімді бұзық едім. Бірақ, сабақты жақсы оқыдым.  Күнделігіме  «бес» деген баға түссе, үйге қайтқанымда қуанғанымнан  жолдағы  көлшік суларды айналмастан,  кешіп  өтетінмін. Анамды қуантқанша асығатынмын. Аяқ киімімнің лай болғанын көрсе де,  анам  ұрыспайтын. Мен бірінші атаман болдым. Мектепте де, мектепті бітірген соң да. Біз тұрған көшеде өзге ұлттың өкілдері көп тұратын. Олар менің екі ағама жиі  тиісетін. Ол кезде мен 4-сыныпта оқитынмын. Олар 6-сыныпта. Бірде үйге Қалмахан деген  туысқанымыз қонаққа келіп қалды. Өзі бокстан жаттықтырушы. Көп кешікпей екі ағамды да боксқа алып кетті. Олардан мен қалысамын ба, арттарынан ілесіп бардым. Сұранып жүріп,  секцияға жазылдым. Тұрақты жаттығулардың септігі тиіп, ақыры қарсылас таңдамай, көшедегі балалардың барлығын жеңіп шықтым. Десек те, үй ішімізбен музыкаға бейім болдық» (Ержан Серікбаевтың сұхбатынан).

Өнерге қалай келді?

Ержан мектеп қабырғасында жүріп вокалды-аспапты ансамбльде ойнаған. Музыкалық жабдық пен аспаптар Ержанның үйінде тұрған. Ол соның бәрін тексеріп, тазалап,  қажет болса жөндеп, құлақ күйін келтіріп дайындаған. Ержанның балалық шағы ауылда өткен. Мектепті бітірген соң да оқуға түсе алмай қалады. Алматыдағы дене шынықтыру институтына келгенімен, оны қабылдамай қояды.

Отбасы

Ержан Серікбаевтің соңында қалған жалғыз ұлы Бейбарыс бүгінде сазгерлікті қолға алған. Ол экономика саласы бойынша оқығанымен жұмыс істемеген.  Қазір  Қазқастанға танымал әншілермен дуэт орындап, үлкен сахналарға  шығып жүр.

Шығармашылығы

«Қазақстан», «Алматы таңы», «Нет­кен өмір», «Алыста­ғы арман», «Ауы­лым, аң­садым», «Кешір ме­ні, асыл жарым», «Сен үшін», «Алға, қазақ жігіт­те­рі!», «Астана кештері», «Арысым», «Жан әке», «Сен қасымда болмасаң» әндерінің авторы әрі орындаушысы. Бүгінде сазгердің ән­дерін  қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары  «Жі­гіттер» квар­теті, «Нұр-Мұ­қасан» тобы, сонымен қатар Асқар Жү­нісбеков, Жұбаныш Жексенұлы, Ақыл­­бек Жеменей, Жұлдыз Бақытжан­қызы сынды әншілер жиі орындайды.

Болмысы қандай?

“Мен Ержанмен жұмыла жұмыс істедім. Көптеген тұщымды дүниелерді жаздық. 30-дан астам еңбек жаздық. Қазір ел аузында “хит” болып жүр ғой бәрі. Базарға барсаң базарда, вокзалға барсаң вокзалда я болмаса республикалық үлкен сахналарда да осы Ержанның әндері кеңінен орындалып жүргенін жасырмаймыз. Бір байқағаным қаншама әндеріне сөз жаздым ғой енді, Ержан ешқашан жалықпайтын. Әрдайым бір ізденіс үстінде жүретін. Тек жүрекпен ғана жазатын. Сондықтан болса керек, Оңтүстік жұртшылығы Ержанды “екінші Шәмші” деп те атап кеткен.  Қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдыз ғой бұл. Көзінің тірісінде сен Шәмшінің ізбасарасың деп жиі айтатынбыз. Ержанның әндері ешкімнің әндеріне ұқсамайды, өзіндік қолтаңбасы мен стилі ерекше ғой. Әндері бір шөліркеп тұрған адамға мұздай қымыз іштіргендей болады, құлақ құрышын қандырады демекпін жалпақ тілмен айтқанда. Маған ол әндерге сөз жазу да оңай еді, себебі әндері сөз сұрап тұрады. Құлағыма кеп сыбырлайтындай» (досы Бақытжан Ауданбаевтың сұхбатынан)

“Біз Ержан екеуміз ән әлемінде жүргендіктен, көп сырласатынбыз. Ән жазсақ міндеті түрде бір-бірімізге әкеліп тыңдатып, пікір алмасатынбыз. Бұл – біздің дәстүр болатын. Ержан өмірде қандай адал болса, әндері де сол бір сезімді ұқтырып тұратын. Алдағы күндерге де жоспарды бірге құрып, қандай ән жазсақ болады деп кеңесетінбіз екеуміз». (Бағдат Алтаевтың сұхбатынан)

Өмірінің соңы

Әнші-сазгер Ержан Серікбаев 25 қыркүйек 2011 жылы 50 жасқа толған шағында жол апатынан қаза тапты. Ол осы оқиғадан бір күн бұрын ғана Алматыдан туған жері – Арыс қаласына асығып аттанған екен. Сазгерді сонда көлік қағып кеткен.

1 пікір

Пікір қосу