Талғат Теменов 23 қараша 1954 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылында дүниеге келген. Ол  кеңестік және қазақстандық кинорежиссер, кинодраматург.

Балалық шағы

Әке­сі Досымғали – соғыс ардагері, ше­ше­сі Күл­шәрия – ­омырауына ор­ден таққан санаулы ұс­таз­дар­дың бірі болған. Табиғатқа тартып туған Талғат мектепте оқып жүргенде әдемі өлеңдер жазады. Дәріш Болатбеков деген ағайы: «Әй, осы қара бала түптің түбінде болатын бала» деп жиі айтатын көрінеді. Талғат оқушы кезінде көбіне ой «тұтқынына» түсіп, кейде қалың қабағын түйіп, мектеп-интернаттың шағын стадионын адымдай басып «шарлап» жүретін болған.

Жастық шағы

Мектептен кейін ол Құр­ман­ғазы атын­дағы Алматы мемле­кеттік консерваториясы театр факуль­тетінің актерлік бөліміне түсіп, оны жақсы бітіріп  шығады. Студент кезінде Кеңес Одағының Ба­тыры Мәлік Ғабдуллиннің бей­несін сомдап, талайды тамсан­дырады. Жоғары оқу орнынан кейінгі еңбек жолын Талдықорған облыс­тық театрының актері болып бас­тады. Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлердің екі жылдық жоғары курсын ойдағыдай бітіріп, дипломдық жұмысы ретінде «Торо» атты қысқаметражды фильм жасап, ол жүйріктер қатарында жүлде алды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанады.

Еңбек жолы

Талғат 1976 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін және 1986 жылы Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режессерлер мен сценарийшілер курсын бітірген. Алғашында Талдықорған облысы драма театры группасында актер болып қызмет еткен. Бұдан кейін “Қазақфильм” студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші (1980 – 1982), кинорежиссер (1986 – 1987), қоюшы кинорежиссер (1988 – 1994), “Мосфильм” студиясында кинорежиссер (1987 – 1988) болған. 1994 – 2000 жылы Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры, 2000 жылдан “Қазақфильм” кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі, ал 2004 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры болып қызмет атқарады.

Марапаттары

Алғаш қойған “Адамдар арасындағы бөлтірік” атты толық метражды көркем фильмі (1988) Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15-Халықаралық кинофестивальдың Гран-при (Германия, 1989), Италияда “Күміс аю” жүлдесіне (1989, Джиффони) және Португалияда (1990) өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды. Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында “Шаңырақ” (1983), “Қайдасың сен, Чапай?” (1984), “Торо” (1986), “Адамдар арасындағы бөлтірік” (1988), “Қызғыш құс” (1991), “Махаббат бекеті” (1993), т.б. бар; пьесалар да (“Алма бағы”, “Көгілдір такси”, соңғысын С.Сматаевпен бірге) жазған. Тарихи тақырыпқа қойылған “Көшпенділер” фильміне (2005) қатысқан. 1994 жылдан педогог қызметпен (1996 жылдан профессор) айналысты. Теменов – “Қайырлы таң” (1979) және “Гүлнәз” (1986), “Ой жасын” (2004) атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы.

Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреты, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағын иеленген. 1999 жылы «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы беріліп, 2005 жылы Президент жарлығымен «Құрмет орденінің» иегері, 2006 жылы  «Алтын  адам»  атанады. 2013 жылы Президент жарлығымен «Парасат орденінің» иегері медалімен марапатталған. Сондай-ақ, ол халықаралық «Ш. Айтматов» атындағы сыйлықтың иегері.

Режиссер:

2011 – «Менің күнәлі періштем»;

2006 – «Көшпенділер»;

1998 – «Қайдасың, Чапай?»;

1993 – «Махаббат станциясы»;

1991 – «Қызғыш құс»;

1988 – «Адамдар арасындағы бөлтірік»;

1986 – «Торо».

Сценарист:

2011 – «Менің күнәлі періштем»;

1993 – «Махаббат станциясы»;

1991 – «Қызғыш құс»;

1988 – «Адамдар арасындағы бөлтірік»;

1986 – «Торо».

Пікір қосу