Кезінде қалың көпшілік әндерін сүйіп тыңдайтын әнші Еркін Мәулен бүгінде көгілдір экраннан көп көріне бермейді. Оны ел түрлі әш кештерінен де көріп жүрген жоқ. Неге? Бұл сұрақтың жауабын ол «Әйел бақыты» бағдарламасында айтып берді.

Ол өзінің шығармашылықтан кетпегенін, әлі де әндер жазып, әншілік өнерін жетілдіріп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, әншінің айтуынша, ол өзінің продюсері Алтынбек Рахметовпен жандалдасып қалған соң, шоу бизнестегі «қара тізімге» қалай еніп кеткенін өзі де білмей қалған.

«Бұл өмірде бір көзім жеткен нәрсе, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Жалпы менің ойым — адам қарапайым болып қалу керек екен. Өмірімде өзіме үлкен сабақ болған бір жайттар орын алды. Кезінде өздері ұсыныс жасап, жыл сайын аңсап күтетін, жылда қатысып жүрген «Сағындырған әндер-ай» атты ән фестиваліне тағы да қатыспақ болып, Майра апайымызға хабарластым. «Екі үш әніміз бар еді, бұған дейін де қатысып жүр едік. Өзіңіз тыңдап көрсеңіз», — деп ұсыныс тастадым. Майра Ілиясова әпкеме өкпе жоқ,  ол кісі өз жұмысын істеп отыр ғой.

«Өкінішке орай, Еркін мырза мен сізді шығара алмаймын. Өйткені сіз «қара тізімдесіз» деді. Сөйтсек, сондай қара тізімдер бар екен. Сондай тізімде тұр екенбіз», — деді әнші.

Мұны естіген Ләйлә Сұлтанқызы осы жайтқа қатысты түсінік бере кетуді жөн санады.

«Құрметті көрермен ақыры шындықтың беті ашылып отыр ғой. Бұл жайт Еркіннің алғашқы продюсері Алтынбек Рахметов пен арада болған кикілжіңнен туындап отыр», — деп түсіндірді жүргізуші.

Дегенмен Еркін Мәулен өзін қара тізімге енгізген адамның кім екенін білмейтінін айтты.

«Арнайы бір адамға «мені қара тізімге кіргіздіңіз, жолымды жауып тастадыңыз» деп айта алмаймын. Себебі менің дәлелім жоқ. Мені кім ол тізімге кіргізіп қойғанын білмеймін. Дәлел болмағандықтан, мен адамның артынан ешқандай жаман сөз айта алмаймын», — деді әнші.

Пікір қосу