«Қазақ вальсінің королі», композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына негізделген «Ән-аға» телехикаясы 21 қаңтардан бастап «Хабар» телеарнасында көрсетілуде, — деп хабарлайды juldyz.kz.

Төрт бөлімді картинада Шәмшінің жас кезін Астанадағы «Жастар» театрының актері Дәурен Серғазин сомдаған. Актер kaz.365info.kz сайтына берген сұхбатында киноға түсудегі қызықтары туралы айтып берді.

– Шәмші Қалдаяқов тарихи тұлға, өмірде болған адам. Сондықтан бұл рөлге қалай дайындалдыңыз?

— Шәмші атамыздың өміріне негізделген фильм түсіріледі, сізді басты рөлдердің біріне қарастырып жатырмыз деген күннен бастап, мазам кетті. Түсіру жұмыстарына екі ай қалғанда ұйқым да бұзылды. Өйткені бұл образдың жауапкершілігі өте үлкен. Ол кісінің көзін көргендер бар, жанұясы, туыстары тірі. Композитордың бейнесін барынша шынайы етіп беру керек. Сол үшін ұзақ уақыт дайындалдым, Шәмші атамыз туралы кітаптарды ақтарып, бейнежазбаларды қарап шықтым. Бірақ ол кісінің жас кезінен қалған бейнежазбалары жоқ, сондықтан ол қандай адам болды деген сұрақтар көп мазалады. Шәмші атамыз туралы естеліктер, достары жазған мағлұматтарды көп оқыдым. Ел аузынан, ол кісіні көрген кісілердің әңгімелерін тыңдадым.

– Актер Дәурен мен Шәмшінің арасында ұқсастықтар бар ма?

– Әр образдан өзіңе ұқсас жерлерді табасын, Шәмшіде де дәл солай. Бейнеңнің кейбір жақсы қасиеттері, кейбір жаман қасиеттерін салыстырасың. Бірақ Шәмші атамыздың жаман қасиеттері болды деп айта алмаймын.

– Түсірілім кезінде қандай қиындықтармен кезіктіңіздер?

– Кино – үлкен өнер, қиындықсыз болмайды. Картина шынайы шығу үшін түсірілім барысында аздап мандолина үйренуге тура келді, гитара, домбыра, осы аспаптарды киноға енгізу біраз дайындықты талап етті. Ең басты қиындықты ауа-райы туғызды. Фильмде көктем, жаз, қыс мезгілдерін көрсетеміз, алайда түсіру жұмыстары қыста өткендіктен, көп қолайсыздықтар болды. Дегенмен бәрі де сәтті шыққан сияқты. Оны телехикаяны көрген соң бағаларсыздар…

– «Ән-аға» сериалында жанды дауыста ән орындайсыз ба?

– Тірі дауыста керемет ән орындайтын адам емеспін. Бірақ тарих бойынша, Шәмші ағамызға суық тиіп, дауысынан айрылып қалған болатын. Сондықтан шырқап ән салып тұрғаным шындыққа жанаспайтын еді. Сол себепті біз картинада аздап ыңылдап, өз әндерін шама-шарқынша айтуға тырыстық. Жалпы, жоба өте қызық өтті, тарихи образдарды сомдап, атсалысқан әріптестеріме алғыс білдіргім келеді. Әлі де маза, әлі де қорқыныш ойдан кетпей тұр. Себебі фильм қалай шығар екен, халықтың бағасы қалай болар деген ойлар мазалайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, кино режиссері Жасұлан Пошанов. Ал композитордың түрлі кезеңдердегі образдарын Дәурен Серғазинмен бірге Нұрбол Мейрамбаев және Мейірбек Қауымбаев сомдаған.

Пікір қосу